СӘРСЕНБІНІҢ СӘТІНДЕ СИРИЯМЕН ОЙНАЙМЫЗ

06.08.2011, 16:17
СӘРСЕНБІНІҢ СӘТІНДЕ СИРИЯМЕН ОЙНАЙМЫЗ

10 тамыз күні футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының Астанада Сирия командасымен жолдастық кездесу де сыналатыны мәлім. Осыған орай, Мирослав Беранек жаттықтыратын футболшыларымыз Талғарда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Кеше ұлттық құрамамыздың жаттығуы ашық жағдайда өтіп, оған БАҚ өкілдері де куә болды.

3-ші тамызда басталған дайындық жұмыстары бір аптаға жалғасады. Сосын 10 күні Астана-аренада ұлттық құрама Сириямен жолдастық кездесуде алаңға шығады. Бас бапкер Мирослав Беранек бірнеше футболшыға демалыс беріпті. Германиядағы легионерлер мен Ресейдегі ойыншыларды алдағы матчтан босатқан чех маманы, өзге қосалқы құрамдағы футболшыларды тексеріп көрмекші. Қазір Талғардағы базада шақырылған ойыншылар толық емес. Премьер-лиганың 22-ші турындағы Ертіс пен Шахтер кездесуінде және Ақтөбе сапында Еуропа лигасында ойнаған футболшылар бүгін келеді. Шетелдегі аяқдопшылар биыл команда ауыстырып жатыр. Сондықтан олар жаңа команда сапында үйренісе берсін. Күздегі іріктеу кездесуіне дайын болса болғаны – дейді бас бапкер. Жиынға шақырту алған төрт футболшы аздаған жарақат алып қалыпты. Соның екеуі қақпашылар Антон Цирин мен Владимир Логиновский. Өзге ойыншылар Сирияға қарсы алаңға шығуға дайын. Тек жеңіске ұмтыламыз дейді, бас жаттықтырушы.

Мирослав Беранек Сирия құрамасының мықты қарсылас екеніне тоқтала келе, командасының қолдан келгенше нәтижелі ойын өрнегін көрсетуге тырысатынын айтты. Өз сөзінде чех маманы: «Қазақстан құрамасын алғаш жаттықтыра бастаған кезде, мен жоспарлы түрде қадам санап жұмыс жасайтынымды жеткізгенмін. Алғашқы қадам - Германиямен кездесуден кейін жасалды, біз команданың құрамын түбегейлі өзгерттік. Екінші қадамымыз - Әзірбайжан құрамасын ұтқанымыз болды. Ендігі мақсатымыз - ойынды тұрақтандыру. Бұл көп тұрғыда қорғаныс шебін күшейтуімізге байланысты. Жеке мен үшін Әзірбайжан құрамасын ұтқанымыз үлкен қуаныш болды, өйткені ойыншыларымның өз өздеріне сенімді әрекет ете бастағанын байқадым. Команда қатарында әзірге Андрей Сидельников, Александр Мокин сияқты қақпашылар жоқ. Оларға осы уақытқа дейін үлкен ауыртпалық түсті, сондықтан аздап тынығып алғандары дұрыс деп шештім. Есесіне, біз жаңа екі қақпашыны Владимир Логиновский («Жетісу») мен Антон Циринді («Ертіс») сынап көрмекпіз. Бұл екі жігіттің қақпашылар бапкерімен қалай түсінісіп, еңбек ететінін бағамдаймыз. Сонымен қатар Қазақстаннан тыс елдердегі Генрих Шмидтгаль мен Қазбек Гетериевті бұл ойынға шақырған жоқпыз. Өйткені олар жаңа командаға ауысуларына байланысты, аса маңызды бой үйрету үрдісінен өтуде. Дегенмен олар Түркия мен Әзірбайжан командаларына қарсы ойындарға жақсы дайындықпен келеді деп үміттенем» деді. Ал біз сіздердің естеріңізге Қазақстан құрамасының Сирия командасымен үш рет кездескенін, өкінішке қарай, сол кездесулердің бәрінде де ұтылып қалғанын (0:2, 0:1, 0:4 есептерімен) сала кетсек дейміз. Өздеріңіз байқағандай осы ойындардың бірде-біреуінде ұлттық құрамамыздың жігіттері қарсылас қақпасынан саңлау таппаған екен. «Астана-Аренада» өтетін төртінші кездесуде сол олқылықтың орны толып, командамыз алдырмай жүрген қарсыласынан айласын асырады деп сенеміз. - Сирия - оңай қарсылас емес. Біз үшін ең маңыздысы - қыркүйек айындағы іріктеу ойындарына жақсы әзірлікпен келу. Команда құрамының тұрақтылығы, бастысы - қорғаныс шебіміздің нығаюы назарда болады. Ойымызда жүрген тағы бір жоспар - өткен жиындарда бізбен бірге болып, өздерін жақсы қырынан танытқан жас ойыншылардың қарым-қабілетін нақтырақ айқындау. Әрине, бірінші кезекте жеңіске деген жігерді жоғалтпауға тиіспіз. Бұл - жолдастық кездесу болғанымен де, ұлттық құрамалар деңгейіндегі халықаралық матч. Біз ФИФА-ның рейтингінде барынша алға жылжуға мүдделіміз - дейді Мирослав Беранек.

Сирия командасына қарсы матчқа шақырылған Қазақстан құрамасы ойыншылары: Қақпашылар: Владимир Логиновский («Жетісу»), Антон Цирин («Ертіс»), Роман Нестеренко («Ордабасы»); Қорғаушылар: Самат Смақов, Юрий Логвиненко (екеуі де - «Ақтөбе»), Марк Гурман, Михаил Рожков, Қайрат Нұрдаулетов (бәрі де - «Астана»), Александр Киров («Шахтер»), Мұхтар Мұхтаров («Ордабасы»); Жартылай қорғаушылар: Марат Хайрулин («Ақтөбе»), Серікжан Мұжықов («Жетісу»), Марат Шахметов («Астана»), Ұлан Қонысбаев, Мақсат Байжанов, Жамбыл Көкеев (бәрі де - «Шахтер»); Шабуылшылар: Сергей Остапенко («Жетісу»), Таңат Нөсербаев («Астана»), Дәуренбек Тәжімбетов («Ордабасы»), Сергей Гридин («Тобыл»), Сергей Хижниченко («Шахтер»).

Айқын газеті, Хабар телеарнасы
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×