СӘТСІЗДІК СЕРИЯСЫ ТОҚТАТЫЛДЫ

11.05.2011, 04:55
СӘТСІЗДІК СЕРИЯСЫ ТОҚТАТЫЛДЫ

 Соңғы матчтарда өз ойынын жоғалтып, турнир кестесінің төртінші сатысынан бір-ақ шыққан "Ақтөбе" өз алаңында алматылық "Қайратты" қабылдап, қаншалықты қайратты екенін тексеріп көрді. Алаң иелері бірінші минуттан-ақ шабуылға кетіп, қарсыластарға кімнің қожайын екенін ұқтырды.

Шабуылды шабуылға ұластырған "Ақтөбе" алматылықтарға бас көтеріп, дем алуына мұрсат бермеді. 17-минутта Е.Кенжесариевтің алыстан бағыттаған соққысы қақпа бағанасына тиіп кері серпілді. Бірінші минуттан-ақ белсенді болған Е.Кенжесариев сол жақ қапталмен өтіп барып, Малик Манеге пас берді. Ал мұндай сыйлықты құр жібермейтін Мане қақпаны дәл көздеді.

Матчтың 29-минутында ақтөбеліктер есепті еселеді. Оң жақ қапталдан пас алған Малик Мане өз шеберлігінің арқасында алматылық қорғаушыларды қапы қалдырып, матчтағы екінші голын соқты. Араға он минут салып сенегалдық шабуылшы қанжығасын үшінші мәрте майлады. Шабуылға араласқан П.Бадлоның көтеріп берген пасын Мане баспен қақпаға дәл бағыттады. Екінші таймда "Қайрат" алғашқыдағыдан көрі белсенді ойнады.

Бірақ, олардың шабуылдарын ақтөбеліктер тоқтатып отырды. Ал матчтың 64-минутында Р.Примус жүз пайыздық мүмкіндікті пайдалана алмады. Маненің пасын бос қақпаға бағыттай алмаған Роберттың соққысы қақпа бағанасына тиіп, алаңнан шығып кетті. Матчтың соңына дейін осы есепті ұстап тұрған "Ақтөбе" сәтсіздік сериясына нүкте қойды. Қорытынды есеп - 3:0. "Ақтөбе" ФК-ның реми сайтының сауалнамасы бойынша бұл матчтың үздік ойыншысы деп Малик Мане танылды. Ең қызығы "Қайрат" ақтөбеліктерді 2005 жылдан бері жеңіп көрмепті. Ал олар сәтсіздік сериясын тоқтата алар ма екен?!

«Ақтөбе» — «Қайрат» 3:0 (3:0) Голдар: Мане 21, Мане 29, Мане 39 Ескерту: Коструб 49 «Ақтөбе»: Сидельников, Смақов, Примус, Бадло, Логвиненко, Боно (Дарабаев 84), Мане, Лисенков (Құрмашев 81), Хохлов (Аверченко 70), Кенжисариев, Хайруллин Резерв: Бойченко, Семенов, Азаматов, Сахалбаев «Қайрат»: Рихард, Муминов, Джорджевич, Кирильчик, Горячий, Коструб, Шестаков, Балтиев (Абугалиев 60), Головской (Струков 46), Сұймағамбетов, Христов (Мансұров 69) Резерв: Цветков, Климов, Воротников, Жолдасов Төрешілер: Холматов, Көпжасар, Сарқұтов (барлығы — Қызылорда) 7 мамыр. Ақтөбе. ОСДЮШОР № 8. 3000 көрермен.

Есет ТӨЛЕШ

Ақтөбе

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×