Сатылды! Саудасы бітті!

10.02.2011, 23:44
Сатылды! Саудасы бітті!

Қысқы трансфердің соңғы күні сатылып (екі мағынада да айтуға болады) кеткен Торрестің саудасы бітсе (екі мағынада да) де Жандос екеуміздің уәждеріміз бітпеді ғой. Патша көңілді оқырманға айтарым, бұл айтысты мен бастаған жоқпын. on.kz әлеуметтік желісіндегі жеке блогымдағы жазбам осы сайтқа түскен сәттен басталды барлық әңгіме. Торрес «Челси» сияқты топ командадан ұсыныс түскеніне қатты қуанған шығар. Себебі, сылбыр ойынымен жанкүйердің жүйкесіне тиіп біткен «Мәңгілік бала бейнеге» аты аңызға айналған басқа ұжымнан ұсыныс болуы тіпті де мүмкін емес еді. Алғашқы «құдалықты» ести сала "Ливерпульдің" басшылығына «мені босатыңдар» деп ашық хат та жазды. Негізінде Давид Вилья, Хави, Касильяс сияқты «сен тұр, мен атайындардың» арқасында ол да Әлем және Еуропа чемпионы атанды. «Қызыл фурияның» тарихи жеңістерін айтқанда Вильяны ерекше атап өткім келеді. Оның еңбегі - ерен! (Испания құрамасының соңғы уақытта соққан голдарының авторын қарап шығыңыздар). «Ливерпульде» Нгог сияқты жарық жұлдыз өсіп келеді. Және Суарес қосылды құрамға. Кәдімгі 2010 жылы Уругвайды алға сүйреген кәнігі «канибалл»! Міне, осындай факторлар Торреске «негізгі құрамда ойнай алмай қаламын» деген қорқыныш сылайды. Ал ұсыныс жасаған «Челсидің» қазіргі негізгі шабуылшыларының тісін санауға болады. Алдағы бір-екі жылда Анелька да, Дрогба да зейнетке шығу мәселесін ойлай бастайды. Яғни, «балапанға» белгілі бір деңгейде негізгі құрамда ойнауға кепілдік бар деген сөз (әрине, оған дарыны жетіп жатса). Егер бұрнағы айтқан сөзіне табанды болса неге ағылшын премьер-лигасының өзге командасына («Ливерпульге» қарсы ойнайтын) тез арада ауыса салды? "«МЮ» мен «Арсенал» емес, «Челсиді» таңдады"- дейді Жандос. Әсілінде, ол таңдаған жоқ. Ол таңдағысы келсе, одан да атақты клубтарға барар еді, беті "бүлк" етпестен. Бірақ, мен дәл қазір Торреске мұқтаж команда көріп тұрған жоқпын. Сондықтан, оның елді елең еткізген жаңалығының соңы осы болады деп ойлаймын. Мен осы пікір көкпары арқылы еліміздегі футбол тақырыбын қазақ тілінде ғана жазатын ең беделді сайттың оқырмандарын жалықтырып аламыз ба деп ойлаған едім. Алайда, олардың пікірін оқып қызығушылықтың бар екенін аңғарғаннан кейін тағы бір уәж айтайын деп шештім.

Құрметпен, Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×