Футболдан 21 жасқа дейінгі Қазақстанның жастар құрамасына жаңа аға жаттықтырушы келді. Сербиядан келген азаматтың есімін еркін айтқаныңмен, тегі қиын екен...
Сонымен, Еуропа чемпионаты үшін іріктеу турниріне дейін келісімшартқа отырған жаттықтырушымыздың есім-сойы – Слободан Крчмаревич. Тегін айтқанда тілің бұралып, кірш етіп сынуға шақ қалады екен. Біздікілер де оның тілін сындыруға талпынып жатқан көрінеді. Әзірге ағылшын, грек және серб тілдерін білетін жаттықтырушыға федерацияның бас хатшысы «орыс тілін де үйреніп ал» деп тапсырма беріпті. Неге осы біздікілер «қазақ тілін үйрен» деп шарт қоймайды екен, ә? Жарайды, тіл мәселесін қаузай бермей қояйықшы.
Сонымен... Жаттықтырушыға еліміздің спорттық инфрақұрылымдары ұнапты. «Қысқы Азия ойындарының шапағаты тиген болар», – дейді ол. Талғардағы базада да дайындалуға жақсы жағдай жасалғанын атап өтті. «Осы себептерден де жұмысымды Қазақстанда жалғастыруға келістім. Қолдан келген жақсылықты жасауға барымды салуға дайынмын», – деді Слободан Крчмаревич.
Жаңа жаттықтырушының жастар құрамасын баптаудан біршама тәжірибесі бар екен. 2002-2003 жылдар аралығында Сербияның 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасының жаттықтырушысы болса, 2007-2009 жылдары осы елдің, яғни өз Отанының 21 жасқа дейінгі жастар құрамасын жаттықтырған.
Өздеріңіз білесіздер, Еуропа чемпионаты іріктеу турнирінің ойындар кестесі де шығып қойды. Біз Румыния, Словакия, Франция, Латвия құрамаларымен бір топтамыз. Кестеге сәйкес, бірінші ойын маусымның 3-і күні Румыния құрамасымен болады. «Бірінші ойынға дейін уақыт өте аз қалды. Сондықтан да уақыт жоғалтпай жұмысты ертерек бастау керек», – дейді Слободан мырза. Алға қойылған тапсырма топта ең құрығанда үшінші орын алу екен. «Бірақ бұдан да жақсы нәтижелер көрсетуге тырысамыз», – деп отыр аға жаттықтырушы.
Автор: Салтан СӘКЕН, Астана