
Ұлттық команда қорғаушысы Сергей Малый кешегі сәтсіздіктен кейін біраз ойын ортаға салған болатын (0:1).
«Ордабасы» футболшысы Қазақстан құрамасы мен Солтүстік Македонияның кездесуінен кейін тілшілер алдында ағынан жарылып, отандық футболдың деңгейіне қатысты пікірін айтты.
«Қайда ойнап жүргенімізге қараңыздаршы? Атырау, Ақтаудағы стадиондардың жағдайы қандай? Осыдан кейін қандай деңгейдегі футболды күтесіздер? Біздің чемпионат – көктемнен басталатын күрес. Еуропаға жақындай бергенде ғана қарқын алып, футбол көрсете бастаймыз. Бірақ қажетті прогресс жоқ. Өйткені біз бір орында тұрып қалдық. Ұлттар лигасында бір нәтиже көрсеттік, бірақ сол сәтте бізге серпін керек еді: стадиондар, манеждер салынғаны дұрыс еді. Әсіресе Ақтөбе секілді суық қалаларға мұндай жағдай ауадай қажет болатын. Халық келіп, футбол тамашалайтын, ал ойыншылар сапалы футбол ойнайтын жағдай жасалуы керек еді. Біз бір аяғымызбен ақсап жүрміз, себебі футболды алдау мүмкін емес», – деп өз ойын түйіндеді С. Малый.
Әли Әлиев жаттықтыратын Қазақстан ӘЧ-2026 іріктеуінің J тобында үш турдан кейін төртінші орынға жайғасқан. «Қырандардың» қоржынында 3 ұпай. Ұлттық команда келесі кездесуін 4-қыркүйекте Уэльске қарсы өткізеді.
Біздің серіктес: FONBET