Шиеленіске толы турға шолу

02.09.2022, 20:50
Сонымен «балапанды санайтын» уақытқа де келіп жеттік. Биылғы чемпионат қызыққа толы. 2 тур бұрын чемпиондыққа қатарынан 8 команда үміткер еді, қазір «Ақтөбе» мен «Астананың» арасында талас болатынға ұқсайды. Әрине, «Тобылдың» да бұл таласқа араласатын әлеуеті бар, бірақ қостанайлық команданы әлі алда «Қайрат», «Астана» және «Тараз» сынды өз алаңдарында әлі жеңілмеген ұжымдармен кездесуі бар екенін ескерсек, онда «Тобыл» үшін үшінші рет чемпион болуы қиын шаруа болайын деп тұр. Бірақ мүмкін... Сол алдағы қызықты матчтарға шолу жасасақ.
Шиеленіске толы турға шолу

«Шахтер» – «Тараз»

Бұл командалар 3 күн бұрын Кубоктың ширек финалында кездесіп, 120 минут тартысқа толы матч өткізді. Келесі кезеңге өткен «Тараз» командасын енді «Ақжайық» клубымен қонақта финал үшін айқас күтіп тұр.

Жалпы «Тараз» чемпионатта көп ойынды тең есеппен аяқтайды. Соңғы 5 матчтың төртеуін тең ойнаған «Тараз», «Шахтерға» қарсы матчта 3 ұпай алмаса, үштікке кіру жағдайын қиындатып алады. Ал алаң иелері Кубокта кеткен еселерін қайтаруға бар күшін салатыны анық. Екі команда да сөзсіз жеңіс үшін ойнайды, «Тараз» сияқты «Шахтердың» да еурокубоктік аймаққа кіруге мүмкіндігі бар. «Тараздың» қонақтағы ойындары мәз емес: сырт алаңда тек «Ақсу» мен «Мақтааралдан» ғана басым түскен. Ал «Шахтер» өз кезегінде жоғарыдағы аталған командаларды есептемегенде, өз алаңында «Ордабасы» мен «Тобылдан» 3 ұпай ала білген. Қарағандының жасанды жасыл алаңы ешкімге де оңай соқпайтыны көрініп-ақ тұр.

«Атырау» – «Каспий»

 Батыс дербиі осы турдың қызықты матчтарының бірі болуы мүмкін. Өмірде де көрші орналасқан екі команда турнирлік кестеде де көрші. Көршілік деп осыны айт! Тағы бір қызық мәлімет: екеуара үш-ақ матч өткізген бұл командалар үш ойынды да бірдей 2-1 есебімен аяқтаған екен: екі рет өз алаңында маңғыстаулық команда жеңсе, «Атырау» да өз алаңында жеңіп көрген.

Жалпы екі команданың да үштікке кіруге математикалық мүмкіндігі бар. Кубокта да топтан шыға алмады. Ендігі бар күшін чемпионатқа салып, Премьер-лигадан ұшып кетпеу мәселесін шешетін болар, өйткені екі команданың да соңғы нәтижелері соған меңзейді.

«Ақсу» – «Мақтаарал»

Қонақта «Астанаға» біраз қарсылық көрсеткен «Мақтаарал», Кубоктың ширек финалында сенсация жасай алмады, бірақ «Мақтааралдың» жартылай қорғаушысы Алекс Бруноның соңғы минутта гол салатын әдемі мүмкіндігі болды.

Чемпионатта жеңілістен көз ашпай жүрген бұл екі команданың кездесуі қызыққа толы болғалы тұр. Өйткені келесі жылы Бірінші лигада «сұлтан» болғаннан гөрі, Премьер-лигада «ұлтан» болған дұрыс емес пе?

Тәжірибелі ойыншылармен жасақталған «Ақсу» өз алаңында жақсы ойнап жүр. «Мақтааралға» оңай болмасы анық, дегенмен де ҚПЛ-да қалу мәселесі әлі де өзекті болса, онда бұл матчта барын салуы керек.

«Ордабасы» – «Тұран»

Осы турдағы екінші дерби – түркістандық дерби деген атау берсек қалай?

Екі түрлі мақсатты орындап жатқан ұжымдар. «Тұран» тіпті қызық команда, жыл басында бастапқы бес турда гол салмай жүріп, қонақта «Қайратты» жеңіп кетіп, содан кейін қонақта «Астанаға» бірінші таймда 3 гол салып тастап, Благоевичтің командасын біраз састырған еді.

«Тұран» биылғы маусымда лидер командалармен жақсы ойнап жүр. «Ордабасы» Қостанайда ойсырай жеңіліп, футболшылары Седневтен біраз сөгіс естіген шығар. Сондықтан да бұл ойында қалай да үш ұпай үшін ғана ойнайтын болады. Оның үстіне жоғарыдағы бәсекелестері «Қайрат» пен «Тобыл» өзара матч өткізіп, екеуінің біреуі ұпай жоғалтады деген сөз. Неге жағдайды пайдаланбасқа?

«Қайрат» – «Тобыл»

Бұл турдың орталық матчы. Екі команда чемпиондыққа таласып көруге тырысады. Маусымды Суперкубокпен бастаған бұл екеуі келесі жылы Суперкубокқа тағы да қатысқысы келеді. Ол жаққа екеуіне де Кубок арқылы биылға жол жабық екенін ескерсек, жалғыз тура жолы – чемпиондық.

Академия түлектеріне иек артқан алматылық ұжым «Тобылдың» легионерлеріне қалай жауап береді екен? Кирилл Кекер келгелі бері «Қайрат» көп гол салатын «көңілді» командаға айналды, ал «Тобыл» өз кезегінде «Ордабасыны» ірі есеппен жеңіп, көңілді келе жатыр. Не де болса біреуінің көңілі бұзылатын ойын болмақ, өйткені тең нәтиже екі командаға да керек емес.

«Ақтөбе» – «Қызылжар»

Екі достың бапкерлік сайысы. Карпович үшін бұл матч жеңілірек болады. Өйткені, «Қызылжар» ойыншыларының барлығының дерлік мүмкіндігін жіті біледі, «Қобыланды» аренасын ақтөбеліктер ыстық қолдауға бөлейтінін білесіздер. Бірақ бұл «Ақтөбеге» оңай болады деген сөз емес. Қуғаннан қашқан қиын демекші, былай қарасаң «Ақтөбенің» де жағдайы мінсіз емес. Бір рет сүрінсе ауыр соққы болуы мүмкін. Желкелеп келе жатқан «Астана» бар дегендей. Оның үстіне Әли Әлиевтың командасы еурокубоктардағы матчтардан кейін күш алып кетті. Тіпті «Қызылжар» «Астанаға» жеңіліп жатқанда Әлиевтің реакциясын көрген шығарсыздар, күртесін лақтырып, сусыны бар құтыны лақтырып, біраз ашуланды.

Ал Ақтөбеде облыс әкімі ауысқаны қалай әсер етуі мүмкін? Өйткен жаңа әкім – Ералы Тоғжанов «Астана» клубын жетекшілік ететін қордың төрағасы дегендей. Ағамыз барып «қуырдақ пісіріп» кетпесе болды да.

«Астана» – «Ақжайық»

Турдың соңғы матчы. «Ақжайық» соңғы кездері тәп-тәуір қарқын алып кетті. Өз алаңында болатын батыстық 3 дербидің екеуінде жеңіске жетіп, Кубоктың жартылай финалына шықты. Финал үшін «Астана» да күш сынайды, бірақ ол келесі айдың әңгімесі. Қазір «Астана» чемпиондыққа таласса, «Ақжайық» Премьер-лигада алу мәселесін әлі шешкен жоқ. Дәл осы ойында жеңілсе, қауіпті аймақтан бір шығуы ғажап емес. Сондықтан да Томасов бастаған нөкерлі шабуылды тоқтату үшін 90 минут бойы аянбай тер төгетіні анық. Бірінші айналымда «Ақжайық» сенсация жасап, жеңіп кеткенін Благоевич өз жігіттерінің есіне салып, қайратыны күмәнсіз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×