Штрели Мамба: «Қазақстанда талантты футболшылар көп деп нақты айта аламын»

12.03.2021, 17:07
Мамба «Қайрат» сапындағы дебюттік голын соғып үлгерді.
Штрели Мамба: «Қазақстанда талантты футболшылар көп деп нақты айта аламын»

«Қайраттың» қатарына жақында қосылған неміс шабуылшысы Штрели Мамба Prosports.kz сайтына берген сұхбатында Қазақстанға бейімделуі туралы айтып берді.

- Штрели, жаңа командаңызға бой үйреттіңіз бе?

- Командаластарым мені өте жақсы қабылдады. Бәрі кез келген сәтте көмек қолын созуға әзір. Сондықтан өзіме таңсық дүниелермен танысып, жылдам бой үйретіп келемін.  

- «Қайраттың» бас бапкерімен неміс тілінде сөйлесе алатындығыңыз сізге қаншалықты көмектеседі?

- Ол жағынан шамалы жолым болды. Әрине, егер мен бірдеңе түсінбесем, жаттықтырушы маған неміс тілінде түсіндіріп береді. Бірақ бұл артықшылық та, кемшілік те емес. Алайда, командада ол бәрімен орыс тілінде сөйлеседі, ал бұл маған орыс тілін тез үйренуге көмектеседі (күлді).

- Командада кіммен достасып үлгердіңіз? Және қай футболшыны бұрыннан білетін едіңіз?

- Вагнер Лавты ғана білетінмін, өйткені ол бұған дейін Еуропаның мықты клубтарында ойнаған. Менің ойымша, оның қандай футболшы екенін, адами қасиетін бәрі біледі. Бірақ мен бәрімен жақсы араласамын, барлық жігіттер өте мейірімді.

- Қазақстан туралы, Алматы қаласы туралы алғашқы әсеріңіз қандай?

- Жалпы Қазақстан жайлы көп айта алмаспын. Бірақ Алматы өте әдемі әрі замауни қала.

- Сіз Германияда туып-өстіңіз, бірақ ата-бабаңыз конголықтар (Конго Демократиялық Республикасы). Тарихи отаныңызға барып көрдіңіз бе?

- Барлығы дұрыс! Өкінішке орай, мен әлі күнге дейін ол елге бара алмадым, өйткені бұл үшін қолайлы мүмкіндік болмады. Өткен жазда барғым келген, бірақ коронавирус ол жоспарымды бұзды. Бірақ мен Конгоға міндетті түрде барамын.

- Қазақстан футболының деңгейі туралы не айта аласыз? Егер сіз ҚПЛ-ды 2-ші Бундеслигамен салыстырсаңыз, онда бұл қай лиганың пайдасына шешіледі?

- Мен ешқашан екінші Бундеслигада ойнаған емеспін, сондықтан оның деңгейі қандай екенін білмеймін (шынымен де, Мамба үшінші және бірінші Бундеслигада ойнады, ал «Падерборн» екінші Бундеслигаға түсіп қалған сәтте Штрели жарақат алып, екінші Бундаслигада бірде-бір матч өткізбеді). Қазақстан футболының деңгейі жоғары, болашаққа биік жоспар құра алатын талантты футболшылар өте көп деп нақты айта аламын.

- «Қайрат» басшылығы команда алдына жаңа маусымда қандай мақсат қойды?

- Мақсат айқын: «Қайрат» қатысатын барлық турнирде топ жару.

- Ал сіз «Қайратта» алдыңызға қандай мақсат қойдыңыз?

- Мен өз кезегімде командаға барынша пайдамды тигізіп, одан ләззәт алғым келеді!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×