Шымкенттің "Ордабасы" клубы 60 мың көрерменге арналған жаңа стадион салуды жоспарлап отыр. Бұл жоба іске асса, Шымкент қаласы Орталық Азиядағы ең сыйымды футбол аренасына ие болуы мүмкін, деп хабарлайды Aladop.kz.
Шымкенттік клубтың қожайыны болып табылатын "INTEGRA CONSTRUCTION KZ” компаниясы бұрынғы мердігермен келісімге келіп, жобаны өз күшімен жүзеге асыруды қолға алды.
Бастапқыда стадион 35 мың орынға есептелген болатын. Алайда, қазіргі уақытта жоба қайта қаралып, оның сыйымдылығын 60 000 көрерменге дейін ұлғайту жұмыстары жүргізілуде.
Дереккөздердің мәліметінше, болашақ спорт кешенінің алдын ала атауы — "Altyn Orda Stadium".
Бұл жаңа арена тек "Ордабасы" клубының жеке меншік стадионы ғана емес, сонымен қатар өңірдегі ең ірі заманауи спорт нысанына айналмақ. Қазіргі таңда жаңа жобаны дайындау бойынша белсенді жұмыстар атқарылып жатыр.