ЧЛ-ның ең тартысты жартылай финалын тамашаладық. Алаңға матч барысында шыққан футболшы жалғыз өзі жүріп «Реалды» финалға шығарды. Жоқ, Роналду, Бенземаның калибрындай аңыз емес. Жай, қарапайым. Жасы баяғыда 30-дан асып кеткен, ортаңқол деңгейлі шабуылшының бірі ғана. Оның аты енді біраз жанкүйерге жақсы таныс - Хоселу! Мюнхендік фанаттар мен Мануэль Нойердің ең қорқынышты түсіне айналған осы бір футболшы жайлы біз тағы не білеміз?
Тағдырлы трансфер
«Сантьяго Бернабеудегі» жартылай финалдың қаһарманын Мадридтік ұжым «Эспаньолдан» былтыр бір маусымға жалға алған. Хоселудің келуі әрине, Мадридтік қоғамда үлкен назар аудара қойған жоқ. Клубтың өзіне бұл: Сауд Арабиясына бет алған Бенземаның орнын жабатын бір вариант. Шабуыл шебіне келген жаңа есім жергілікті жанкүйерді де аса бір селт еткізе қоймады. «Реалға» кім келіп, кім кетіп жатқан жоқ! Хоселудің өзінің де бұдан басқаға дәмеленуі қисынсыз болатын. Бірақ, шабуылшының «Реал» үшін маусымдағы ең маңызды матчта, Чемпиондар лигасының жартылай финалында жасындай жарқылдайтынын ол кезде ешкім білмеді. Мұндайда ТАҒДЫРЛЫ трансфер дейтін бе еді?! Бір қызығы Жоселудің өзі де (Испан тілінде дұрысы осылай) Мадридке бөтен емес екен. Көпшілік өткен түндегі отты мачтан кейін «Реалдың» түлегі деп жатыр. Ал біз бұған кішкентай түзету енгізсек: шабуылшы «Реал» академиясына тек 2009-шы жылы келіп қосылған. Ал оған дейін Хоселу ересек деңгейде көзге түсіп қойған болатын.
Жозе Моуриньюдің көңілінен шықпай «Хоффенхаймға» кетеді
Футболшы мен Мадридтік команданың қарым-қатынасының басы қатты, аяғы тәтті болғандай. Жастар командасы - «Кастильядағы» үш маусымнан кейін Хоселу өмірлік арманы - «Реалдың» басты командасына жолдама алды. 2011-ші жылдың мамырында «Альмерияға» гол салып, Испания Кубогінде де мергендігімен көзге түскен. Алайда, ол кезде Жозе Моуриньюдің көңілінен шықпай «Хоффенхаймға» кетеді. Одан ары - «Айнтрахт», «Ганновер». Осыдан кейін «АПЛ-де» ойнайтын «Сток Сити» болды. Бірақ, «Реалдан» кеткелі жолы болмаған футболшының Англия жерінде де ойыны жүрген жоқ. Бір жылға жетпей-ақ Испанияға қайтып оралды. Алайда, «Депортиводағы» өнеріне тәнті болған Рафаэль Бенитестің өзі Хоселуді «Нькаслға» алдырады. Десе де, ағылшын премьер-лигасы шабуылшыны тағы жатырқады. Ақыры, Хоселу қайтадан Испаниясын тапты. «Алавесте» ойнады, артынша «Эспаньолға» ауысты. Хоселу үшін трамплин болған нақ осы клуб. «Эспаньолдағы» шеберлігінің арқасында Испания құрамасына алынды. «Фурия Роха» жейдесіндегі дебютті ойынында Норвегия қақпасына дубль жасап, әлі де қатарда екенін дәлелдеп берген. 33 жасында Испаниямен Ұлттар лигасын ұтты. Енді осы жазда Еуропа біріншілігінде бақ сынамақ.
Бұл - менің өмірлік клубым
Иә, шабуылшының мансабында біраз чемпионат болды. Бірақ жүрегі әркез «Реал» деп соққан. 2019 жылдан бері туған клубының барлық финалдарын тамашалап келеді. Хоселудің жүрегін әсіресе, 2022-де Парижде болған финал жаулаған. Футболшы оны өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына салып, «Реалға» жанкүйерлігін білдірді. Мадридтік ұжымның қаншалықты ыстық екенін мынадай бір-екі қызықты деректен байқауға болады: «Реал» Хоселудің отбасына телефон шалғанда шабуылшы сенерін не сенбесін білмей көңілі босап, көз жасына ерік берген. Ал «Реалдағы» алғашқы баспасөз-мәслихатына футболшының бүкіл отбасы қатысыпты. Сол кезде анасымен бірге қосылып жылаған ойыншы: «Мен мұнда барымды беру үшін келдім. Бұл - менің өмірлік клубым» деді.
Хоселу, «Бавариямен» кездесудегі дублі жайлы;
Сіздерге бір нәрсені анық айта аламын, мен өте бақытты адаммын. Сен «Реалға» ойнап, таразы басын теңестіргенде, барлығының допқа таласып, жеңіске ұмтылатынын білесің. Иә, сіз әрине бүгінгідей кештерді армандайсыз. Бірақ ең бастысы – дайын болу. Менің ең асыл армандарым кешегі кешпен теңесе алмайды.
Осы жазда Хоселуді Сауд Арабиясының бір клубы өзінің қатарынан көргісі келеді деген ақпарат бар. Бұл әзірге тек қауесет деңгейінде және қай команда екендігі де белгісіз. Бұл қатарда «Манчестер Юнайтедтің» де аты жүр. Берекесі қашқан командаға Хоселудің өзі барғысы келер ме екен? Мадридтік команданың өзі Хоселудің жақын аралықтағы тағдыры туралы әлі біржақты шешімге келмей отыр. Бұның бірнеше себебі де бар. Ең алдымен әрине, трансфері «Одиссеяға» айналған Килиан Мбаппенің келуімен Хоселуге орын табылмай қалуы мүмкін. Одан кейін Мадридтік команданың тағы бір бразилиялық талант – Эндрикті алатыны мәлім. Қалай десе де, Хоселу өзінің арманын орындады. «Баварияға» салған дублі «Реалдың» тарихында қалса, Мадридтік жанкүйерлер жүрегінен орын алды. Осы ерлігінің өзімен-ақ шабуылшы арманына айналған командасының есінде қалмақ. Хоселу үшін тағы бір мүмкіндік - маусымның бірінде болатын финал. Неміс командаларына гол салуды жақсы көретін футболшының тағы да матч қаһарманына айналып шықпасына кім кепіл?
Біздің серіктес: FONBET