СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ немесе ЕУРОПА ФУТБОЛЫНДАҒЫ СОҢҒЫ СӘТТЕР

28.05.2013, 17:49
СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ немесе ЕУРОПА ФУТБОЛЫНДАҒЫ СОҢҒЫ СӘТТЕР

25-інші мамыр – соңғы қоңырау соғылар сәт. Мыңдаған оқушы мектеппен қоштасып, мыңдаған көздерден жас тамды. Сондай-ақ миллиондаған көрермен Еуропа алаңдарындағы «соңғы қоңырауды» сарыла күтті…

Футбол әлеміндегі соңғы маусымның шыжығы да, қызығы да көп болды. Әрине, бұл ретте Аргентина мен Бразилияны есептемегенде өз ішінде әлем біріншілігін өткізуге әбден лайық қарт құрлықтың ғана жасыл алаңдарын сөз қылып отырмын. Былтырғы мерзімнің біз күтпеген нәтижемен аяқталуы биыл да өз жалғасын тапты. Өткен жылы жартылай финалда «Барселонаны» басып озған лондондық «Челси» ақтық сында немістің «Бавариясын» ұтып, Чемпиондар Лигасы кубогына қол жеткізгенін бәріміз білеміз. Сол үрдіс, сол жағдай осы маусымда да бізді таң қалдырды. Әңгімемізді әріден бастайық…

Ағылшын премьер лигасы.

Аяқдоптың арбауына түскен әр бір адам баласының ләззат алар мекені. Мыңдаған, миллиондаған спорттық көңіл күйлердің ордасы. Ішкі біріншіліктің көшбасшысы соңғы орындағы командадан ұтылып жататын бірден-бір лига. Осы бір ғажайып ортада ең бірінші болып сенсация жасаған команда – «Суонси». Олар ағылшын лигасының кубогын жеңіп алды. Жартылай финалда «ақсүйектер» атанып кеткен «Челсиді» жолдан тайдырып, финалда көбіміз тани бермейтін «Брэдфорд Сити» командасын 5:0 есебімен тас-талқан етті. Ақтық сында ғана сүрінген екінші құрама  болса, бұған дейін қос ойынның қорытындысымен әйгілі «Астон Вилланы» айналып өткен болатын. Ешқайсымыз тоспаған тосын жағдай деп осыны айту керек. Міне, бұл – нағыз ағылшын премьер лигасына лайықты нәтиже.

Бәрімізді екінші мәрте таңдандырған ағылшындық команда – «Уиган». Бұл жолы олар финалда елдің былтырғы жеңімпазы «Манчестер Ситиді» ұтып, Англия Кубогын бастарына көтерді. Міне, осылайша ағылшын алаңдарында тағы да ешкім күтпеген оқыс оқиға орын алды. Футбол осынысымен қызықты, осылайша тартымды.

Ал ішкі біріншіліктің жеңімпазы биыл тағы да манчестерлік клуб болды. Бұл жолы «Манчестер Юнайтед» АПЛ кубогына ие болып, жалпы чемпиондық таласта «Ливерпуль» командасынан ұзап барады.

Чемпиондар лигасында ағылшындық командалардың әбден масқарасы шықты. «Арсенал» мен «Манчестер Юнайтед» 1/8 финалдан әрі аса алмаса, «Манчестер Сити» «Боруссия», «Реал Мадрид», «Аякс» сынды командаларды алға жіберіп, өз тобында ең соңғы орында қалды. Дегенмен лондондық «Челси» тобынан үшінші нәтиже көрсетіп, Еуропа лигасына жолдама алды. «Ақсүйектер» құрлықтық екінші турнирде ғана жақсы көрсеткішке жетіп, чемпион атанды. Сонымен олар Еуропадағы клубаралық қос турнирдің кубогын қатарынан он күн бойы ұстау құқығына ие болды.

Бұдан басқа, АПЛ сүйікті сэр Алекспен қоштасты. Джимми Каррагер де доп тебетін аяқ киімін шегеге ілді. Ағылшын футболының арқары – Давид Бэкхэм жасыл алаңнан біржола кетті…

Бундеслига.

Ең көп жанкүйер жиналатын стадиондар осы біріншілікте топтасқан. «Неміс машинасы» атанып кеткен Алмания ұлттық құрамасының негізгі ойыншыларын жасап шығаратын фабрика.

Әп дегеннен-ақ осы лигадан ең алдымен еске түсетіні – мюнхендік «Бавария». Олай дейтініміз, өткен жылмен салыстырғанда олардың биылғы қарқыны едәуір қарыштаған. Былтыр бундеслигада дортмундтық «Боруссиядан» ешбір айласын асыра алмағанын айтпағанда, тіпті өз алаңында (!) ойналатын чемпиондар лигасының финалдық ойынына шығып тұрып оңбай сүрінген қызыл жейделілердің биыл бабы да, бағы да озды. Ел біріншілігін алдын ала жеңіп алған Хайнкес жігіттері кеше ғана Еуропаның ең маңызды жүлдесіне қол жеткізіп, қарт құрлықтың үздіктері атанды. Олар үшін ендігі меже – Германия Кубогы жолындағы ақтық айқаста «Штутгартты» жеңу.

Ал дортмундтық «Боруссия» былтырғымен салыстырғанда биыл сәл-пәл жинақы ойын көрсеткенмен, бундеслигада «Баварияға» жол беріп қойып, екіншіні қанағат тұтуға мәжбүр болды. Клопп жаттықтыратын жас футболшылар чемпиондар лигасының 2011-2012 маусымында әлсіз топқа түсіп, өкініштеріне орай, әлгі топтан ең соңғы болып жарыстан шыққан болатын. Алайда соңғы маусымда Англия, Испания, Голландия чемпиондарымен бір топқа түскен олар оза шауып, өз топтарынан бірінші болып 1/8 финалға жолдама алды. Осы кезде «Боруссияны» аталмыш жарыстың аутсайдері санаған мамандардың аузына құм құйылды. Тек Мирко Луческу ғана «Боруссия» мен «Баварияның» финалда жолығарына дүйім жұртты сендіріп бақты. Солай болды да…

Испан примерасы.

Итжығыс түсіп жататын командалары аз біріншіліктің біреуі десек, қателесе қоймаспыз. Себебі, бұл лиганы «Реал Мадрид» пен «Барселона» билеп-төстеп келе жатқалы ондаған жыл болды. Тек анда-санда екінші дәрежедегі «Валенсия», «Атлетико», «Севилья», «Вильярреал» сынды клубтар чемпиондық тартыста төбе көрсетіп қояды. Дегенмен биыл да дәстүрлі испан футболы өздеріне сай сценарий бойынша ішкі біріншілікті тәмамдап тастады. Мәреге бірінші болып «Барселона» жетсе, екіншіні астаналық «Реал Мадрид» еншіледі. Бұл үрдіс жыл сайын кезек-кезек қайталанып тұратынын бәріміз білеміз. Оған өткен жылы корольдік клубтың бірінші болып, каталониялықтардың күмісті қанағат тұтуы дәлел бола алады.

Жалпылай айтсақ, испан примерасында сенсациялық ойындар өте сирек кездеседі. Мықты ойыншылары жоқ, сондай-ақ жаттығу базасының нашарлығынан көптеген клуб біріншіліктің биігінен түспейтін командалармен бәсекелесе алмайды. Себебі, оларда қаржылай қолдау жоқ. Сондықтан олардың басты мақсаты кубок жолында талас жүргізу емес, тек сегундаға, яғни екінші лигаға түсіп қалмау үшін тер төгіп жатады.

«Барселонаның» өз біріншіліктерінде бірінші болып келгенін айттық. Дегенмен олардың чемпиондар лигасында сүрініп-қабынып жартылай финалға жеткенін өзіміз білеміз. Топтан оңай шыққан каталондықтар әп дегеннен «Миланға» қарсылас атанды. «Үйреніскен жау атыспаққа жақсы» дегендей олар италиялық клубпен соңғы 3-4 жылда қайта-қайта кездескен болатын. Биыл алғашқы ойын «Сан Сирода» өтіп, Месси бастаған жігіттер 2:0 есебімен ұтылып тұрып, өз қақпаларына жіберген голды қарымта ойында екі еселеп қайырған болатын. Десек те, одан кейін олар «ПСЖ-мен» кездесіп, екі ойында тең ойнаса да, сырт алаңда соққан голдың көмегімен жартылай финалға жолдама алды. Ал содан кейінгісі… бәрімізге мәлім. «Сыныққа сылтау» көп. Бәзбіреулер Гвардиоланың кетуі, сонымен қатар Виланованың сырқаттанып қалуы клубтың қожырап кетуіне себеп болды деседі.

«Реал Мадрид» те биыл мүмкін болған барлық кубоктен үмітті еді. Мадридтіктер кез келген жарыстың басты фавориті саналып жүрді. Өйткені, олардың қатарында Өзил, Роналду бар болатын. Касильяс бар еді… Ал Моуриньо туралы әңгіме бір басқа.

Биыл мадридтік команда ата жауы саналатын «Барселонаға» бірінішіліктің тізгінін ерте беріп қойғаннан-ақ олардың басты мақсаты чемпиондар лигасының қос құлақты кубогын оныншы мәрте жеңіп алу болғанын іштей сезгенбіз. Турасын айтсақ, бұның бәрі Жозе бапкердің ісі. «Портуда» басталған қиял-ғажайып ертегінің «Челси» мен «Интерде» жалғасқанын көріп тұрып, одан әрі де шарықтай береріне әбден сенімді болған Моуриньоның «Реал Мадридте» жүріп көздегені клубтың емес, жеке басының абыройы еді. Келе салысымен Мадридтің ғана емес, күллі Испанияның футболдағы рухы саналған Рауль Гонсалестің «атақонысын» тастап кетуіне ықпал етті. Онысын әркім әртүрлі қабылдады. Біреулер футболшының өзі кетті десе, келесілер Жозені кінәлап жатты. Дегенмен, қай-қай жерде де өзін биік ұстайтын португалдық бапкерге клуб басшылығы толықтай ерік берді. Сосын ол өз дегенін жасап, жаңаша команда құруға талпынды. Бірақ онысынан түк те шықпағанын мамандар бүгінгі күні дәлелдеп жатыр. Бастапқыда ол Виланованың көзін шұқыды. Гвардиоламен сөзге келіп қалды. Керісті. Жұлысты. Айналып келгенде, клубтың белді ойыншысы Икерді кеудесінен итерді…

Осыншама жағдайлардан кейін Флорентино Перес Моуриньоның клубтан кететінін айтып жар салды. Оның өзіндік себебі де бар. Моур келгелі «Реал Мадрид» бір рет Испания чемпионы болса, екінші алған жүлдесі – король кубогы. Болды. Осы жетістікке кез келген жаттықтырушы жете алу мүмкін. Тіпті Беранек те…

Биыл ақтық сында «Атлетиконы» өз алаңында қабылдаған «Реал Мадрид» қонақтарға 1:2 есебімен жол беріп, король кубогынан да құр қалды.

Ал чемпиондар лигасындағы ахуалдың қалай болып жатқанын қырағы көрермендердің өздері де біледі. Уысында тұрған жеңісті ұстап тұра алмаған «Реал Мадрид» былтырғы жылы жартылай финалда «Баварияға» жол беріп қойса, биыл да сол кезеңде тағы бір неміс машинасы дортмундтық «Боруссиядан» ұтылып, бармақтарын тістеп қалды. Олар енді жаңа маусымды жаңа бапкермен, жаңа ойыншылармен тосып алмақшы. Әліптің артын бағайық.

А Сериясы.

Алмағайып нәтижелер тіркеліп жататын біріншілік. Алдыңғы шепте келе жатқан клуб ала-құла ойын көрсетіп, әп-сәтте турнир кестесінің ортаңғы белінен бір-ақ шығатын лига. Испанияға қарағанда Италия футболында талас-тартыс, бәсеке біршама баршылық. Бір «әттеген-айы», аяқкиімнің отаны саналған елдің басынан шіріп жататын мәселелерінің бірі – жемқорлық, парақорлық. Тап қазір таңдай қағысып қараған ойынның ертең-ақ келісулі матч болғанын есту – үйреншікті жағдай.

Биыл Пирло келгелі «Ювентустің» тамырына қан жүгіріп, Пирло кеткелі «Миланның» ойынынан мән кеткен маусым болды. А сериясында айтарлықтай ауыс-түйіс бола қоймады. Басты жаңалық ретінде тентек бала Балотеллидің «Миланға» оралуын тілге тиек етуге болады. Ішкі біріншіліктің үздігі болып туриндік «Ювентус» танылса, екінші, үшінші орындарға «Наполи» мен «Милан» тұрақтады.

Чемпиондар лигасы жолында италиялық клубтардың жолы болмады. «Милан» мен «Ювентус» топтан шыққанмен, алғашқысы 1/8 финалда жолдан тайса, екіншісі 1/4 финалға дейін өнер көрсетті.

Ал Италия Кубогының финалында «Рома» мен «Лацио» кездесіп, ойынның 71-інші минутында Лулич соққан жалғыз доп ашық көк жейделілерге жеңіс сыйлады..

Еуропа лигасы.

Үкілеген 56 үміті бар үлкен турнир. 56 қошқардың басын сыйғызған қазан. Кәрі құрлықтың бірнеше елінен шыққан сайдың тасындай іріктелген ірі командалар сайысы.

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, биылғы кубокты чемпиондар лигасында жолы болмаған лондондық «Челси» иемденді. Жартылай финалда «Базель» командасын жарыстан шығарған олар ақтық ойында «Фенербахчені» жолдан тайдырған «Бенфикамен» жолықты. Біздің ұлттық құраманың маңдайына жазылған «соңғы минуттар синдромы» бұл жолы португалиялық клубты да айналып өтпеді. Иванович соққан гол «ақсүйектердің» жеңісіне себеп болды. Дегенмен ойынды өз көзімен көргендер аталмыш финалда бап емес, бақ шаптыға балап жүр. Өйткені, матч барысында «Бенфиканың» мықтылығы байқалып-ақ тұрды. Кардосо бастап, Гайтан қоштаған футболшылардың жолы болмағаны соншалық, олар қарсыластардың қақпасына еселеп соққы жасаса да, дарымай-ақ қойды. Сәттілік жетіспеді.

Чемпиондар лигасы.

Еуропадағы клубтар арасында өткізілетін ең әйгілі турнир. УЕФА одағына мүше елдердің мықты командалары бақ сынайтын жарыс. Жер бетіндегі кез келген футболшы армандайтын айтулы кубок. Айтып отырған лигамыздың лидері атануға көптеген жеке адамдар мол қаржысын да, физикалық күшін де, жүйкесін де сарп етеді.

Биылғы жеңімпаз – «Бавария». Біраз футбол мамандарының оң бағасына ие болған команданың бұл жеңісі заңдылық іспетті. Өткен жылы өз алаңында кеткен есені қайтармаққа биыл өз елінен келген командамен басқа жұртта бәсекеге түсті. Жартылай финалда каталониялық «Барселонаны» быт-шыт қылған жігіттер «Боруссиямен» болған ақтық ойынның соңғы минуттарында жеңімпаз атанды. Лам бастаған футболшылардың мерейі үстем болғаны сол, «Уэмбли» стадионы неміс машинасындай біразға дейін гүрілдеп тұрды. Жарайсың, Хайнкес! Жарайсың, Роббен!

Ақтық ойынға дейін «Реал Мадридтің» сорына айналған «Боруссияның» жас жігіттері алтын тұғырға әбден лайық болса да, олар үшін бұл нәтиженің жаман емес екені анық. Үміттері ақталды десе де болады. Қалай десек те, қос клубтың қайсысы жеңсе де, неміс футболының бүгінгі бәсі жоғары екеніне көз жеткіздік.

Алдағы маусымның одан сайын қызықты болатыны сөзсіз. Себебі, УЕФА суперкубогы жолында ескі таныстар саналатын Моуриньо мен Гвардиоланың жолы тағы да түйіспекші. Енді олар «Челси» мен «Баварияның» бас бапкерлері ретінде алғашқы ресми кездесулерін өткізетін болады. Сондай-ақ, келер маусымның тағы бір жаңалығы ретінде бразилиялық Неймардың «Барселонамен» келісімге келгенін айта аламыз. Және УЕФА атқарушы комитетінің 2015-2018 жылдарға лайықталған кезекті шешіміне сәйкес, Еуропа лигасының жеңімпазы чемпиондар лигасының топтық бәсекесіне топ ете қалу мүмкін.

Сонымен соңғы қоңырау соғылды. Еуропа жасыл алаңдарындағы соңғы ойындар, соңғы қызықтар, соңғы сенсациялар тарих қойнауына сіңіп барады…

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ.

http://kultobe.kz/

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×