Соңғы тур сараптамасы

23.10.2012, 07:27
Соңғы тур сараптамасы

Қазақстан премьер-лигасының соңғы тур ойыны да жақындады. Ендігі ел чемпионының аты анық. Ол тағы да қарағандылық "Шахтер" командасы. Екінші орынға таласып келе жатқан "Ертіс" кеншілерден басым түсе ме? сырт алаңда өтетін кездесуде қонақтар біріншіліктегі соңғы ойынын жеңсе екінші орында қала бермек. Чемпион болып қойған "Шахтер" екінші құрамын шығарып, Кереку командасына күміс медальды сыйлай салар ма деген сауал тұр көкейде. Біздің біріншілікте небір жағдайдың орын ала беретінін ескерсек, болжам жасаудың өзі қиындау болып тұр расында. Сонымен, өзге ойындарға тоқталсақ. 

Соңғы турда "Қайратқа" да "Тобылға да ұпай керек. Сәрсенбі күнгі кейінге шегерілген кездесуде ұпай алатын болса, алматылықтардың мәселесі шешілуі әбден ықтимал. Олар "Ақтөбеге" қарсы ойнайды. "Тобылда" да үшінші орынға көтерілетін мүмкіндік бар. Сондықтан, осы ойында қонақтар басымырақ болатын шығар деп күтеміз. Оралдағы кездесу тек осы қаланың жергілікті жанкүйерлеріне ғана қызық шығар. Әйтпесе бұл командалар турнирлік мақсаттарын әлдеқайда шешіп тастаған. Бірі жылы орынды сақтады, ал Көкшетау қаласы премьер-лигасыз қалды. Шымкенттегі ойында алаң иелеріне қарағанда қонақтарға ұпай қажет. Оңтүстіктегі ойынның не болары да түсініксіз. Ойын барысынан алып айтар болсақ, әлбетте "Орда" жеңіске жетуі тиіс. "Тараз" "Астана" кездесуі турдың басты матчына баланбақ. "Ақтөбе" сүрініп жатса, бұл командалар үшінші орынға таласуы әбден ықтимал. Негізі бүкіл шым-шытырық жағдайды туындатып тұрған ақтөбеліктердің кейінге шегерілген кездесулері. Соңғы турға дейін ол ойындар ойналып тасталғанда бұлайша бас қатырып отырмас едік. Айтпақша, "Тараз" - "Астана" кездесуін түскі сағат 14-40 та Ұлттық арна эфирінен тікелей тамашалай аласыздар. Премьер-лигада қалуға мүмкіндік беретін финал Талдықорғанда өтпек. Құрамында Айсұлтан Назарбаев секілді ойыншысы бар қаскелеңдік ұжым сыртта "Жетісуды" жеңсе, бөріктерін аспанға атпақ. Өте тартысты ойында қандай жағдай орын алатынын дөп басып айту қиын болғанымен, "Жетісуға" тең нәтиженің де жеткілікті екенін айта кетуіміз керек. Алаң иелері осы мүмкіндіктерін мүлт жібермейді деп ойлаймыз.

Ермұхамед МӘУЛЕН

XXVI тур 28 қазан (жексенбі) 176. Шахтер – Ертіс 177. Қайрат – Тобыл 178. Ақжайық – Оқжетпес 179. Ордабасы – Атырау 180. Тараз – Астана 181. Жетісу – Сұңқар 182. Ақтөбе – Қайсар
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×