Созақ ауданында бір атаның балалары доп тепті

11.05.2011, 06:37
 Созақ ауданында бір атаның балалары доп тепті
Футбол деп аталатын құдретті спорт түрі барша адамзатты өзінің сиқырымен баурап, ала допқа телміртіп қоятыны несі екен. Англияда бастау алып, әлемде өркен жайған футбол бүкіл адамзатты арбап сиқырымен жан дүниені жаулап алғалы ғасырдан асты. Кезінде қазақ футболының қамын жеп, қолдан келгенді аямаған Несіп Жүнісбаевтың «Бір атаның балалары доп тебеді» атты жарысы бұл жолы Созақ ауданында өтті. Осындай жарыстардан сол жылдары Жігер мен Жамбыл Көкеевтер танылып, аяқдопқа біржолата келген жоқ пе еді? Сол Жамбыл осы күні «Уэмблиде» гол соғып, қазақтың мақтанышы атанып жүр.
Осынша уақыт ел құрамасының ауыз толтырып айтарлықтай жетістігі болмағанмен, болашақтан зор үміт күтетінімізді несіне жасырайық. Жер-жерде іс шаралар ұйымдастырып жасөспірімдер футболына жете мән беріп жатқанымыз тағы бар, нәтижесі  болашақтың еншісінде. Дегенмен, алып ауылдан туатынын ескерсек, спорттың қай саласынан болмасын ауыл жастарына зор үмітпен қараймыз. «Чемпиондар ауылдың май топырағында жалаң аяқ жүр» деген пікірге еріксіз бас шұлғисың. Осындай жастардың спорттағы тұсауын кесер жарыстар еліміздің түкпіріндегі аудан Созақ жерінде де жиі ұйымдастырылып тұрады. Жақында ауданымызда  бір атаның балалары бас қосып ала допты ұршықша иірді.
Дұрыс мағынасында айтар болсақ Созақ жері футболмен тыныстап тұр бүгінде. Олай деуімізге себеп те жоқ емес. Аудан көлемінде өтіп жатқан жарыстар оған анық мысал бола алады. Жыл басынан бері футболдан өткен бірнеше жарыстар мәресіне жетті.  
Жасөспірімдер арасындағы жарыс, мектеп аралық жарыс, былғары доп - 2011, «Әз Наурыз» мерекесіне арналған, елімізге танымал Жұлдыздар құрамасымен (Музарт, Нұр-Мұқасан, Шаншар, спорт комментаторы А. Сейітханов т.б)  аудан құрамасы кездесіп доп тепкені жеке бір әңгіме, бір кездері республикалық үрдіс алған «Бір атаның балалары доп тебеді» деп аталатын жарыс, осы жылы ауданымызда үшінші рет өткізілуде.
Соның бірі 9-Мамыр Жеңіс күніне арналып өткізілген «бір атаның балалары доп тебеді» - деп аталатын кіші футболдан өткен жарыс. Жарыс демеушісі ауданымыздан шыққан кәсіпкер Карл Исаев. Қатысуға тілек білдірген он алты команда, екі күн бойы аудан орталығындағы спорт кешенінде, жанкүйер  қауымды бір желпінтіп тастады. Жарыстың алғашқы күнінде төрт топқа бөлінген футбол командалары, топтық бәсекеде күш сынасты. Бірінші топта «Медет» Дүйсенбековтер, «Саяхат» Әбдіқұловтар, «Әлихан» Жанкеловтер, «Байзақ» Сарсенбайовтар командалары құраса, екінші топта «Қайсар» Аймұрзаевтар,  «Байкен» Шамшатовтар, «Ерлан» Нұрлыхожаевтар, «Сәби» Сабиевтер бәсекелесті, үшінші топта «Елібай» Каримовтар, «Бекзат» Жолдасовтар,  «Ерасыл» Омаровтар, «Топай» Еденбаевтар командасы бақ сынады, төртінші топта «Нұрдос» Садуақасовтар, «Нұралы» Есмұрзаевтар, «Жақсылық» Камаловтар, «Әйтекеби» Дүйсебаевтар өзара күш сынасты. Жасы алпысты алқымдаған сақа ойыншылармен қатар, он жасар жасөспірімдер допты дөңгелетіп, шеберліктерін паш етіп, командасын алға сүйреуге ұмтылды. Топтық бәсекеден басталған тартысты ойын көз тартар комбинациялармен, қақпа торын бүлк еткізер әдемі соғылған голдармен есте қалды. Дегенмен, жарыспен қатар жүрер жеңіс пен жеңілістің дәмін татқан командалар топтан қара үзіп келесі кезеңге аяқ басты.
Жарыстың екінші күнінде өз тобынан үздік шыққан Садуақасовтар мен Каримовтар отбасылары финалға берер жолдаманы сарапқа салды. Бұл додада Садуақасовтардың сәл ғана басымдылығы сезіліп, есеп 3:2 болып тіркелді. Екінші бір финалға барар жолды жаңылмай тапқан Дүйсенбековтер командасы, Аймұрзаевтар командасын 7:6 есебімен жеңді. Үшінші орын үшін болған айқаста жұп құраған Каримовтар мен Аймұрзаевтар (Ескерте кететін нәрсе ақпан айында ұйымдастырылған аталған жарыстың финалистері осы екі жұп болатын, ол кезде Каримовтар командасы чемпион болған еді) арасындағы кездесу ең тартысты ойын болды. Ойын барысында ұтылып жатқан Каримовтар соңғы минуттарда екі гол соғып нәтижесінде 5:4 есебімен жеңіске жетті. Жұрт асыға күткен финалдық кездесу ысқырығы шалынысымен, Дүйсенбековтер мен Садуақасовтар арасындағы ойын алма кезек шабуылмен өрбіп алғашқы голды Садуақасовтар салды. Сырт көзге басымдау көрінген Дүйсенбековтер командасына сәл ғана сәттілік жетпегендей көрінді бізге. Себебі, ұтқыр шабуыл ұйымдастырған команданың  добы қақпа бағанына тиіп кері қайтса, бірде шабуылшының ашық тұрған қақпаға текпен добы қиыс кетіп «әттеген-ай» дегізер тұстары көбейді. Десек те, ойын тартысты жағдайда өтіп, 5:2 есебімен Садуақасовтардың отбасылық командасы жеңіске барар жолды жаңылмай тауып, жарыс жеңімпазы атанды.
Жарыс барысында жасы алпысты алқымдаған Амангелді Аймұрзаевқа ардагер ойыншы атағы берілсе, үздік шабуылшы Данияр Каримовке, мерген ойыншы Дәулет Садуақасовқа, әділ төреші атағы Талғат Бекқұлиевке берілді. Осы жарыстың ең үздік ойыншысы болып Мерей Ниязәліұлы лайық деп табылды. Ұйымдастырушылар тарапынан арнайы кубоктар мен медальдар, ақшалай сыйлықтар табысталды. Осы шараға ұйытқы болған кәсіпкер Карл Исаев жарысты жылды ұйымдастыру ойда бар дейді. Қалай десек те Созақтағы футбол тойы мұнымен бітпек емес. Аудан көлемінде футболдан ұйымдастырылған байрақты бәсекелер мен жалауы желбіреген жарыстар қырағы көзімізде болады.
Ерлан Райымқұлов
Созақ ауданы
Оңтүстік Қазақстан облысы
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×