Спорт арнасы ашылар ма?

13.12.2011, 04:38
Спорт арнасы ашылар ма?

Өткен жолы "Аладоп.кз" сайтында "Балапан, Мәдениет, енді Спорт" деген мақала жариялаған едік. Біраз жұртшылық өз пікірлерін білдіріп, Қазақстанға да жеке спорт телеарнасы керектігін айтып, ұсынысымызға қосылған болатын. Енді, осы жолы сол телеарнаға байланысты қоғамда өрбіген пікір таластар мен іс-әрекеттердің біршамасын айта кеткенді жөн санап отырмыз. "Қазақстан" ұлттық арнасында пайда болған жеке салаларға байланысты арналарды көріп көпшілік қуанышын білдіруде. Көз қуанышымызға айналған бұл арналар әлі аяқтан тік тұра алмағандықтан да Спортқа байланысты арнаның әлі әзір ашыла қоймайтынын аңғаруға болады.

Белгісіз ақпараттарға сүйеніп сөйлеуімізге тура келіп тұр. Еліміз спорт журналистикасына еңбегі сіңген бірнеше кісі бірігіп осы жақында ғана сол бағдарламаның концепсиясын жасапты. Барлығын ойластырып, Ақпарат және байланыс министрлігіне ұсынған көрінеді. Бірақ, ұсыныс керекті адамдардың көкейінен шықпай, керек арнаға келгенде кежегелері кейін тартыпты. Керегесі кең, шаңырағы шайқалмай 20 жыл бойы Тәуелсіз мемлекет болып тұрған Қазақстанда спорт арнасы ашылмай тұр дегенді шет елдегі біреу естісе күледі-ау!

Алматы қаласында 2017 жылы Бүкіләлемдік Универсиада өтетіні белгілі. 2012 жылы бендиден әлем біріншілігі де Алматыда өтеді. Астана қаласында да Әлем кубоктары мен құрлықтық біріншіліктер жиі өтуде. Келер жылы Футболдан Қазақстан премьер-лигасы өтеді. Сол ойындарды қаншама жанкүйерлер көргісі келеді. Әр арнадан бір шоқитқанша сол додаларды көрсететін бір арна ұйымдастыра алмағанымыз ба?

Кезінде Ресейдің футболын дамытқан баспасөз еді. Жаза-жаза, айта-айта түбінде нәтиже шығарды орыстар. "Спорт Экспрес" газеті шықпағанда Ресей футболы осы күнде кемінде 4-5 жылға артта қалар еді. Футболға арналған арналары қаншама Ресейдің. Көршілерден үйренетін кез келген секілді. Дәл сол спорт арнасы ашылмағанша біз де мақала жазудан тынбайтынымызды ескертеміз. Себебі, бұл халықтың жоғы!

Ермұхамед МӘУЛЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×