Спорттық арна ашылмайынша, жағдайымыз түзелмес

05.04.2011, 16:31
Спорттық арна ашылмайынша, жағдайымыз түзелмес
Футболдан Қазақстан чемпионатының телетрансляцияларын үзбей көрсетіп тұруға уәде берген отандық телеарналар футболсүйер қауымды қайтадан матчтарға сусатып отыр. Суперкубок ойынын қоспағанда, биылғы маусымда бес тур, яғни барлығы 30 ойын өткен. Бірақ көрермен қауым соның екі матчын ғана эфирден тамашалай алды. Әлбетте, бұл жайт қай жанкүйерді болсын бейжай қалдыра алмады. Редакциямызға еліміздің әр аймақтарынан хабарласып, мұның мән-жайын сұраушылар көбейіп кетті. Олардың сұрақтарына жауап беру үшін біз де тиісті орындарға хабарласқан едік. Шыны керек, былтырлары «неліктен футболдан Қазақстан чемпионатын тікелей эфирден көрсетпейді?» деп мұң шағушы едік, бүгінде қайталау трансляцияларына да зар болып қалдық. Әсіресе жұрт үшінші тур аясында өткен «Ақтөбе» – «Тобыл» және төртінші турдағы «Локомотив» – «Ақтөбе» ойындарының трансляциясын тағатсыздана күтті. Бірақ екі кездесуге эфирден орын табылмай қалды. Мұның себептерін «Хабар» агенттігі» АҚ спорттық бағдарламалар продюсері Тимур КАМАШЕВ былайша түсіндірді: – «Ақтөбе» – «Тобыл» ойыны бүкіл жанкүйер күткен кездесу болғаны жасырын емес. Дегенмен қанша тырыссақ та, бұл жолы трансляциясын көрсете алмас едік. Себебі «Ақтөбе» бүгінде өз алаңындағы ойындарды Орталық стадионда емес, балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің (ДЮСШ) алаңында өткізіп жүр. Ал мұнда телетрансляциялар ұйымдастыруға мүмкіндік жоқ. Видеооператорларға ешқандай жағдай жасалмаған. Мамандардың сөзіне сенсек, Ақтөбенің Орталық стадионындағы қайта құрылымдау жұмыстарына байланысты еліміздің төрт дүркін чемпионы маусым айының соңына дейін өз алаңындағы ойындарын қосалқы алаңда өткізеді. – «Локомотив» – «Ақтөбе» ойынын көрсетпек болғанбыз, – деп әңгімесін ары қарай жалғастырды Тимур Камашев. – Бірақ «Хабардың» Астанадағы құрал-жабдықтар рейтингі бұл ойыннан жоғары тұрған жобаға қолданылып жатқандықтан, матчты түсіре алмадық. Айтпақшы, дәл осындай себепке байланысты 6-тур ойындарын да көрсете алмайын деп отырмыз. Бұл күні агенттік кәсіпқой бокстан «Астана арландары» мен «Лос-Анжелос матадорлары» арасындағы кездесуді түсіреді һәм көрсетеді. Ал біздің агенттік спорттық агенттік болмағандықтан, бір күнде екі спорттық шараны жиі көрсете бермейді. Осылай деген Тимур Камашев бізге сәуір айында эфирден көрсетілетін футбол трансляцияларының тізімін ұсынды. Байқасақ, 16 сәуірде – «Қайрат» – «Локомотив» кездесуі, 15-16 сәуірде – «Қайрат» шағын футбол клубының ресейлік «Сибирякпен» жолдастық кездесуі, 20 сәуірде Қазақстан кубогының екінші кезеңдік ойыны, 24 сәуірде – «Жетісу» – «Ертіс» матчы, 26-сы мен 30-ы аралығында – «Қазақстан Президентінің кубогы» турнирі және 29 сәуір мен 1 мамыр аралығында өтетін шағын футболдан УЕФА кубогының «үздік төрттік финалы» көрсетілмек екен. – Соңғы екі халықаралық турнирге байланысты Қазақстан чемпионатының 9-тур ойындарынан трансляция ұйымдастыра алмаймыз. Өйткені, жоғарыда айтылғандай, бір күнде екі спорттық трансляцияны жиі эфирден жібере бермейміз. Таза спорттық арна емеспіз, сондықтан сериалдарға, әртүрлі бағдарламаларға да орын беруіміз керек. Оның үстіне, бұлармен жарнама берушілер жыл басында-ақ келісімшартқа отырып қойған, – деп түсіндірді Тимур Камашев. Жалпы, «Хабар» арнасына артатын кінәміз де жоқ, оған құқымыз да шамалы. «Қа­зақстан» ұлттық арнасын да «ел чемпионатын көрсетпей отырсыздар» деп айыптауға болмас. Себебі бұлар таза спорттық арна емес, барынша ел біріншілігін эфирден көрсетіп отыр. Сондықтан да бұл арналарды айыптай бергенше, Туризм және спорт министрлігіне төтесінен сұрақ қойған жөн секілді. «Қазақстан халқының 30 пайызын спортқа тарту керек» деп жар саламыз, ал соған үгіттейтін, Қазақстан спортын толығымен қамтамасыз ететін спорттық арна әлі күнге дейін ашылмай келеді. • Еурокубоктық матчтарда Қазақстан телеарналары клубтарымыздың өз алаңдарындағы ойындарын көрсетеді. Ал сырт алаңындағы ойындарды түсіру үшін 25-30 мың АҚШ доллары керек. • Ұлттық құрамамыздың «Еуро – 2012» іріктеу турнирі аясындағы барлық ойынын көре аламыз. Автор: Әзиз ЖҰМАДІЛ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×