Статистика алдамайды

03.11.2011, 22:15
Статистика алдамайды
Футболдан Қазақстан біріншілігі аяқталып, биылғы маусымды қорытындылайтын уақыт та жақындап қалды. Осыған орай біз биылғы ел чемпионатының аз-кем статистикасына тоқталып өтуді жөн көрген едік. Сонымен, наурыз айының 3-інен 29 қазанға дейін созылған ел чемпионатында барлығы 192 кездесу өтіп, барлығы 485 гол соғылыпты. Яғни әр ойында орта есеппен 2,52 голдан соғылып отырған. Біріншілікке барлығы 308 футболшы қатысыпты. Оның 20-сы маусыма­ралық үзіліс кезінде басқа отандық команданың сапына ауысқан. Әр команданың еншісіне 32 ойыннан тигенін ескерсек, осы ойындардың барлығына қатысқан футболшы­лардың саны бір қолдың саусақтарына да жетпейді екен. Атап айтсақ, «Ақтөбеде» қорғаушы Еміл Кенжесариев, «Атырауда» қақпашы Андрей Шабанов және «Жетісуда» шабуылшы Сергей Остапенко ғана біріншіліктің барлық кездесулеріне қатысқан. Оның өзінде, Сергей көбінесе ойынның соңына қарай алмастырылып тұрған. Емілді де бір ойында Петр Бадло 73-минутта алмастырыпты. Тек Шабанов қана барлық матчта ойынның бірінші минутынан бастап, соңғысына дейін алаңдағы орнын ешкімге босатпаған. Сондай-ақ чемпионаттың бір ғана ойынын жіберіп алған 15 футболшы бар болса, 12 ойыншы 30 матчқа қатысыпты. Көрермендер жайына келер болсақ, 192 кездесуді стадионнан барлығы 741100 адам тамашалаған екен. Яғни орташа есеппен алғанда, әр ойынға 3860 адамнан ғана келіпті. Дегенмен бұл статистикаға қарап, «Қазақстан чемпионатына стадионға аз көрермен келеді» деп ойлау қателік болар. Өйткені Өскемен, Алматы секілді жекелеген қалаларда ғана болмаса, қалған шаһарлардың жанкүйерлері белсенді. Мәселен, соңғы турда Қара­ғандыда өткен «Шахтер» – «Астана» кездесуін тамашалау үшін стадионға 18900 көрермен жиналыпты. Өкінішке қарай, Өскемен мұндай көрсеткішпен мақтана алмайды. Бұл қалада биыл стадионға 1500-ден артық көрермен жиналмапты. Тіпті «Восток» – «Атырау» кездесуін 500-ақ көрермен стадионнан тамашалаған. Осыдан-ақ шығысқазақстандықтардың неліктен премьер-лигасыз қалғанын бағамдай беруге болатын секілді. Төрешілерден жазалаған ойыншыларға келсек, көшті «Восток» бастап тұрғанын байқаймыз. Команданың 23 футболшысы бір маусымның ішінде төрешіден ескерту, не қызыл қағаз алыпты. Сол 23 футболшы 66 рет жазаланған екен. Дегенмен жазалану жөнінен «атыраулықтар» алдына жан салмаған. Бұлардың 22 ойыншысына 89 мәрте сары немесе қызыл қағаз көрсетіліпті. Жалпы, биылғы біріншілікте төрешілер 42 рет қалтасынан қызыл қағаз шығаруға мәжбүр болған. Бұл жөнінен қос астанамыздың командалары «Қайрат» пен «Астана» алда. Бұларда жеті футболшыдан алаңнан аластатылыпты. Ең бұзақы ойыншылардың бірі ретінде «Қайраттың» жартылай қорғаушысы Шыңғыс Әбуғалиев, «Тобылдың» легионері Штепан Кучера және «Астананың» қорғаушысы Михаил Рожковтың есімі аталады. Бұлар биылдыққа екі реттен алаңнан қуылған. Өзге статистикалар: Ең нәтижелі ойын: «Ақтөбе» – «Ертіс» – 7:2 (24.07) Барлық голдар: 485 (әр ойынға 2,52 голдан) Өз алаңындағы голдар: 305 (әр ойынға 1,58 голдан) Қонақтағы голдар: 180 (әр ойынға 0,93 голдан) Өз алаңындағы жеңістер: 104 (54,16 %) Тең ойындар: 42 (21,87 %) Түздегі жеңістер: 46 (23,95 %) Автор: Әзиз Жұмаділ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×