Мықтылар іріктеле бастады

04.11.2011, 18:20
Мықтылар іріктеле бастады

Екі күннен бері футбол жанкүйерлерінің түн ұйқылары төрт бөлінуде. Өйткені Еуропа чемпиондар лигасы аясындағы кездесулер қайта жалғасын тапқан болатын. Төрт-төрттен сегіз топқа бөлінген қарт құрлықтың мықтылары топтық бәсекенің көрігін қыздырып, плей-офф кезеңіне жолдама алған алғашқыларды анықтап та үлгерді. Бұл ретте Испанияның «Барселонасы» мен Италияның «Миланы» бірінші болып келесі кезеңге өтті. Сәл кейінірек плей-оффқа жолы ашылғандар тізімін Испанияның «Реалы» толықтыра түсті. Соңғы турда «Барселона» Польшада жергілікті «Викторяны» 4:0 есебімен ұтты. Әлемнің үздік футболшысы Лионель Месси жасындай жарқырап, алаң иелерінің қақпасын үш рет дәл көздеп, хет-трик тіркеді. Ол алғашқы голды 24- минутта пенальтиден соқса, кейінірек 45+2 және 90+2 минуттарда нәтижені еселей түсті. Сондай-ақ испандықтардың сапында Фабрегас та мергендік танытты. Осы топтағы «Милан» Беларусь жерінде «БАТЭ» командасына қарсы тұрды. Қос команда 1:1 есебімен тең түсті, бірақ 4 кездесуде 8 ұпай жинаған италиялықтар қалған екі турдың нәтижесіне қарамастан плей-офф мәселесін шешіп үлгерді. «А» тобының серкесі «Бавария» өз алаңында Италияның «Наполиін» қабылдап 3:2 нәтижесімен басым түсті. Немістер бастапқыда Гоместің арқасында үш гол соғып, алға шыққанымен қонақтар екі рет жауап қайырып, жергілікті жанкүйердің мазасын қашырды. Бірақ алаң иелері үш ұпай әперетін нәтижені сақтап қала алды. Топтағы екінші мықты «Манчестер Сити» де ұпай жоғалтқан жоқ. Ағылшындар 4- турды Испанияда өткізіп, «Вильярреалды» 3:0 есебімен ұтты. Бұл ойында Яя Туре екі рет, Балотелли бір рет қақпаға дәл соққы жасады. Теоретикалық тұрғыда 5 ұпайы бар «Наполидің» де плей-оффтан үміті үзіле қойған жоқ. Бірақ бұл төрттікте «Бавария» мен «Манчестер Ситидің» озық шығар мүмкіндіктері жоғары. «В» тобындағы жағдай да бұлыңғырлау. Мәскеудің «ЦСКА» ұжымы 4- турда Түркияның «Трабзанспорына» қонақ болды. Бұл кездесуде екі жақтың өкілдері де гол соға алмай, 0:0 есебімен тең тарасты. Ал «Интер» өз алаңында француздың «Лилль» ұжымын 2:1 есебімен жеңді. Сөйтіп, италиялықтар 9 ұпаймен келесі кезең мәселесін шешуге жақынырақ тұр. Орыстар мен түріктер жиған ұпай саны тең. Олар әзірге бес-бес ұпайдан еншіледі. «С» тобында үш команданың келесі кезеңге өту мүмкіндіктері шамалас. «Манчестер Юнайтед» соңғы турда Румынияның «Оцелул» ұжымын 2:0 есебімен тізе бүктірді. Бірінші таймда Валенсия гол соғып, ойынның соңына таман Руни матчтың нүктесін қойды. Осындағы Португалияның «Бенфикасысы» өз алаңында Швейцарияның «Базелін» ұта алмады. Кездесу 1:1 есебімен аяқталды. Сөйтіп, «Бенфика» 1-сатыдағы орнын «Манчестер Юнайтедке» босатып берді. Дегенмен екеуінің де ұпай сандары бірдей - 8. «Базельдің» еншісінде 5 ұпай бар. «D» тобының мықтысы «Реал» жүз пайыздық көрсеткішке ие жалғыз команда ретінде дараланып отыр. Испания командасы соңғы турда «Лионды» француз жерінде 2:0 есебімен жеңді. Криштиану Роналду қос голдың авторы атанды. Португалиялық футболшы екінші голды пенальтиден енгізді. Осы топтағы «Аякс» өз жерінде Загребтің «Динамосын» 4:0 есебімен талқандады. Ван дер Вил, Сулеймани, Де Йонг және Лодейроның соққылары дәл шықты. 4 кездесуде 12 ұпай жинаған «Реал» топ бастаса, «Аякс» 7 ұпаймен екінші келеді. 3- сатыдағы «Лионда» әзірге 4 ұпай бар. «Е» тобындағы жағдай тіптен шиеленісті. Мұндағы фаворит «Челси» Норвегияның «Генк» командасын ұтып тұрып, ұпай жоғалтты. Генк қаласында өткен бәсекеде бірінші болып ағылшындар гол соқты. Кездесудің 26- минутында Рамирес есеп ашқан еді. 40- минутта қонақтар тағы бір мүмкіндікті пайдалана алмады, Давид Луис пенальтиден мүлт кетті. Есесіне алаң иелері екінші кезеңде қарымта қайырып, Воссен таразы басын теңестірді. Ойын 1:1 есебімен аяқталды. «Байер» сырт алаңда Испанияның «Валенсиясына 1:3 есебімен жол берді. Бірінші тайм 1:1 есебімен қорытындыланған еді. Алдымен 1- минутта Жонас жылдам гол енгізіп, алаң иелерін алға шығарды. 31- минутта Кисслинг есепті теңеді. Ал екінші таймда Сольдадо мен Рами бір-бір гол кіргізіп, «Валенсия» өте қажетті үш ұпайды олжалады. 4 турдан кейін жинаған 8 ұпаймен «Челси» топ басында тұрса, «Байер» соңғы ойында жеңілгеніне қарамастан, 6 ұпаймен 2-сатыдағы орнын сақтап қалды. «Валенсияның» еншісінде - 5, «Генкте» - 2 ұпай бар. «F» тобында бірі - 8, екіншісі - 7 ұпай жинаған «Арсенал» мен «Марсель» алда тұр. Ағылшындар мен француздарды немістің «Байер» клубы өкшелеп келеді. Оның ұпай қоры - 4. Гректің «Олимпиакосы» 3 ұпаймен соңғы орынға жайғасты. «G» тобында Кипрдің «АПОЭЛ» командасы көш басында келеді. Бұл ұжым 4-турда өз алаңында азулы «Портуды» 2:1 нәтижесімен ұтты. Қазір еншісінде 8 ұпайы бар. 2-орындағы орыстың «Зениті» 7 ұпай жиды. Украинаның «Шахтер» клубы 2 ұпаймен ең соңғы орында тұрса, «Порту» 4 ұпайының арқасында 3-сатыда келеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Алдыңғы жаңалық
Статистика алдамайды
Серіктес жаңалықтары
×