«Шахтер» миллионер болды

04.11.2011, 18:21
«Шахтер» миллионер болды

Футболдан ел чемпионатының алтын медалін жеңіп алған «Шахтер» командасы мүшелерінің құрметіне Қарағандыда спорт ардагерлерінің, спорт мектептерінің басшылары мен спортшылардың, жанкүйерлердің қатысуымен салтанатты жиын болып өтті. - Бүгін Отанымыздың футбол тарихында ерекше есте қалатын оқиғалардың бірі. «Шахтер» алтын жүлдені Тәуелсіздігіміз мерейтойы қарсаңында және Қазақстан футболының 20-чемпионатында жеңіп алып отыр, - деген облыс әкімі Серік Ахметов құттықтау сөзінде команданың бұл жетістігі Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірімізде спорт түрлерін, оның ішінде осы футболды дамытуға орай жүргізіліп жатқан жұмыстардың заңды нәтижесі екендігіне айрықша тоқталды. Жеңіске деген құлшынысы зор команда топтастыра білген бас бапкер Виктор Кумыковтың да, футболшылардың да төккен тер, еткен еңбегі қандай мақтауға да лайықты. Олар Қазақстан чемпионатында ғана емес, УЕФА Лигасында да тамаша ойын өрнегін көрсетіп, словениялық «Копер» мен ирландиялық «Сент-Патрикс Атлетик» командаларын қапыда қалдырып, абыройымызды асырды. Ал осы маусымға дейін команда үш мәрте қола жүлдегер атанған болатын. Осындай шеберліктері мен табандылықтарының арқасында «Шахтер» қарағандылық футболдың еліміздегі ең бір мықты мектептердің бірі екендігін дәлелдеді. Облыс әкімі жанкүйерлер қауымына да шынайы алғысын білдірді. Осыдан кейін Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті Сейілда Байшақов пен облыс әкімі Серік Ахметов чемпиондарды марапаттады. Сондай-ақ Қарағанды футбол ассоциациясының төрағасы, аймақ басшысы Серік Ахметовке қарағандылық футболды дамытуға қосқан зор үлесі мен «Шахтер» футбол клубына көрсеткен қолдауы үшін алтын медаль табыс етті. Сонымен қатар Қарағанды футбол ассоциациясының құрметті президенті, еңбек ардагері, команданың адал жанкүйері Мәлік Имашевке де алтын медаль тақты. Салтанатты рәсім соңында облыс әкімі футбол командасына ең басты сыйлық ретінде 10 миллион теңгенің сертификатын тапсырды. Қамбар АХМЕТОВ Қарағанды

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×