Сұлтан Әбілдаев: «Биыл бес шетелдік футболшымен өнер көрсетеміз»

31.03.2022, 15:34
Қызылордалық клуб биыл Премьер-лигаға шыққысы келеді.
Сұлтан Әбілдаев: «Биыл бес шетелдік футболшымен өнер көрсетеміз»

Кеше өңірлік коммуникациялар алаңында «Қайсардың» директоры Жағыппар Жұмахметов пен бас бапкер Сұлтан Әбілдаев БАҚ өкілдерімен кездесіп, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Клуб директоры Жағыппар Насрадинұлы биылғы маусымдағы команданың жаңалығы мен мақсатына тоқталды.

– «Қайсар» футбол клубы биылғы біріншілікте жоғары мақсаттарды орындауға тырысады. Яғни команда Сыр жанкүйерлерін қуанту үшін алаңда тер төгеді. Премьер-лигаға қайта оралуға тыңғылықты дайындалдық. Үш оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылды. Оның екеуі Қызылорда қаласында өтсе, біреуі Түркия елінде жүргізілді. Жиын барысында 50-ге жуық футболшыны қаралымнан өткізіп, 25-ін іріктеп алдық. Жаңадан бапкерлік штаб бекітілді. Спорт директоры қызметіне Серік Сағындықов тағайындалса, бас бапкердің көмекшісі ретінде Марат Еслямов таңдалды. Екеуі де тәжірибелі мамандар. Сонымен қатар физикалық және қақпашылардың жаттықтырушысы болып жергілікті мамандар Қанат Алиев пен Артур Ким бекітілді, – деді клуб басшысы.

Команда құрамын толықтырған жаңа футболшылардың әлеуетіне бас бапкер Сұлтан Әбілдаев аз-кем тоқталды.

– Қызылорда қаласында ұйымдастырылған екі жиында жергілікті футболшыларға іріктеу жүргіздік. Өздерін жақсы көрсеткен 11 футболшыны таңдап алдық. Команда құрамы жаңарғандықтан, бізді біршама жұмыстар күтіп тұр. Сондай-ақ Түркияда тәжірибе жинақтау барысында 4 командамен жолдастық кездесу ұйымдастырдық. Қарсыластар Швеция, Дания, Ресей, Украина елдерінің командалары болды. Биыл команда құрамында 2 легионер, 3 экономиналық одақтың футболшылары болады. Командаға қосылған жаңа футболшылар бапкерлік штабтың ақыл-кеңесімен таңдалды. Мақсат Байжанов, Руслан Сахалбаев, Елжас Алтынбеков секілді тәжірибелі ойыншыларымыз «Қайсардың» жаңа мақсаттарын орындауға септігін тигізеді. Қазір команда Қызылорда қаласында соңғы дайындығын пысықтауда. Тек бразилиялық Жоау Педро мен Мамаду Диалло виза мәселесіне байланысты елімізге келе алмауда. Аталған футболшылар сәуір айында қосылады деп жоспарлануда. Биылғы біріншілікте негізгі қарсыластарымыз – «Оқжетпес», «Жетісу» және «Қыран» командасы, – деді бас бапкер.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×