Суперлига жайлы соңғы жаңалықтар

21.04.2021, 03:36
Мәселе шиеленісе түсті. Кім жеңеді? УЕФА әлде Суперлига?
Суперлига жайлы соңғы жаңалықтар

Соңғы күндері футбол жанкүйерлерінің аузынан "суперлига" деген сөз түспей жүр. Ия, бұл турнирге қатысты қойылар сұрақ көп. Бүгін біз дәл осы Суперлига айналасындағы соңғы жаңалықтар туралы сөз қозғамақпыз.

Еуропа Суперлигасы деп аталатын турнирге 12 команданың нақты қатысатыны туралы ақпаратты бәрі біледі. Бірақ The Times порталың берген деректеріне сүйенсек, осы клубтардың бірі бұл турнирге қатысудан бас тартуы мүмкін. Бұл Томас Тухель жаттықтыратын "Челси" командасы. Клуб жанкүйерлері шеруге шығып, команданың Суперлигаға қатыспауын талап етті. Ал "Челсидің" қожайыны Роман Абрамович турнирден бас тарту туралы шешім қабылдады.

Суперлиганың форматы бойынша, турнирге негізгі 15 команда және жыл сайыр іріктеліп шығатын 5 команда қатысады. Демек жаңа турнирге қатысуға тағы үш комарданың келісімі керек. Осы тұста "Бавария" клубының президенті Герберт Хайнер ресми түрде Суперлигадан бас тартатынын хабарлады:

- Клуб мүшелері мен жанкүйерлер Суперлигаға қатысу идеясынан бас тартады. "Бавария" еуропалық клубтардың Чемпиондар Лигасы сияқты әдемі және эмоционалды турнирдегі бәсекесін жалғастыра беруін қалайды. "Бавария" Суперлигаға "жоқ" дейді.

Ал ПСЖ клубының президенті Нассер Аль-Хелаифи бұл сұраққа қысқа әрі нұсқа жауап берді: "Біз УЕФА-мен жұмыс істеуді жалғастырамыз. ПСЖ футболдың барлық адамдарға арналған спорт түрі екенін біледі. Мен әу бастан-ақ осы ұстанымды қолдаймын".

Бұл тұста еуропалық алыптардың біріне айналған дортмундтық "Боруссия" жайында да айтуымыз қажет. "Клубтар УЕФА Чемпиондар Лигасының жаңа реформасын жүзеге асырғысы келеді. Сондықтан біз Суперлигаға қатысу жоспарынан бас тарттық", - деді клуб директоры Ханс-Йоахим Ватцке.

УЕФА президенті Александр Чеферин Суперлигаға қатысатын командаларға жаза тағайындайтынын мәлімдеді. Ол осы клубта өнер көрсететін ойыншылардың ұлттық құрама сапында ойнай алмайтынын баса айтты.

Әр түрлі ақпарат көздері жартылай финалға жолдама алған "Манчестер Сити", "Реал Мадрид" және "Челсидің" Чемпиондар Лигасынан шеттетілетінін жарыса жазуда. Бұл тұста "ПСЖ чемпион бола ма?" деген заңды сауал туындайды. Дегенмен ESPN порталы бұл ақпаратты жоққа шығарды. Сондықтан жартылай финалдық ойындар бұған дейін жоспарланған уақытта өтуі тиіс.

Суперлиганың құрылуына түрткі болған адамдардың бірі - Флорентино Перес. "Реал Мадрид" президенті ақылынан алжасты дейтін жұрттың қарасы көбейді. Жанкүйерлердің бұлай айтуына Перестің мына бір сөзі себеп болған шығар:

"Жастар бос уақытын PlayStation ойнау арқылы өткізеді және футбол олар үшін тым ұзақ болып көрінеді. Менің ойымша, біз бұл тұрғыда бірдеңе жасауымыз керек. Егер жастар ойын уақытын өте ұзақ деп санаса, біз оларды қызықтырғанымыз жөн, мүмкін уақытты қысқарту туралы ойлануымыз керек шығар".

Бұдан бөлек, Перес мырза УЕФА-ның аталған 12 клубқа жаза тағайындауға құқығы жоқ екенін хабарлады:

"Барлық Суперлига клубтарының ойыншылары Еуро-2020 мен Әлем чемпионатынан шеттетілмейді. Мен бұған кепілдік беремін. Суперлига клубтары ұлттық чемпионаттарда ойнауын жалғастыра береді".

Суперлига қаржысының командалар арасында қалай бөлінетіні белгілі болды. Турнирдің жалпы бюджеті 3,5 миллиард еуродан сәл асады. Егер Суперлигада 15 негізгі клуб болса, онда қаражат келесідей бөлінеді: 6 клуб 350 миллион еуродан, 4 клуб 225 миллион еуродан, 2 клуб 112,5 миллион еуродан, ал үш клуб алады 100 миллион еуродан алады.

Мұны естіген УЕФА басшылығы Чемпиондар Лигасының бюджетін 4,5 миллиард еуродан 7 миллиард еуроға дейін арттыруды жоспарлап отыр.

Мадридтің коммерциялық соты УЕФА мен ФИФА-ға қатысты алдын-ала шешім шығарды. Сот шешіміне сәйкес, УЕФА мен ФИФА Суперлигаға қатысатын клубтарға және олардың ойыншылары мен жаттықтырушыларына ешқандай санкциялар қолданбауы керек. Сондай-ақ УЕФА мен ФИФА-ға Суперлига командаларын өз турнирлерінен, соның ішінде Чемпиондар Лигасынан шеттетуге тыйым салынды.

Жанкүйерлермен әзілі жарасқан "Вулверхэмптон" твиттер парақшасында өздерін 2018-2019 жылғы маусымдағы Англия чемпиондарымыз деп жариялады. Бұлай деуінің өз себебі бар. "Қасқырлар" сол маусымда жетінші орынға ие болған еді. Ал алғашқы алтылыққа Суперлигаға қатысатын клубтар енген болатын.

Жаңа турнир жайлы біраз сұраққа жауап алдыңыздар деген ойдамын. Алдағы уақытта да сіздерді Суперлига жайлы жаңа ақпараттармен хабардар етуге тырысамын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×