Сырқатымыз сыр берді

04.09.2015, 21:46
Сырқатымыз сыр берді
Чехтарға қарсы ойынды тағатсыздана күттік. Клубтық деңгейде ұзаққа шапқан қос клубымыз желпіндіріп, оң нәтижеге үміттендіріп қойған-тұғын. Ұлттық құраманың негізгі құрамы түгел дерлік "Астана" мен "Қайраттың" футболшыларынан жиналғанын көріп, бұл матчтың бұрынғыдан өзгерек боларын іштей сездік. Соған сендік. Алайда ойын да, нәтиже де өзгермеді. Ауру да, әдет де, соңы минуттар қастығы да қалмапты.   Красножанның таңдаған негізгі құрамының тізіміне мін тағу қиын еді. Соңғы кездері әлем футболында сәнге айналған, айналып қана қоймай нәтиже беріп жүрген 5-3-2 сызбасын қолдануды жөн санапты. Орталық үш қорғаушы қорғанысқа көп көңіл бөледі де, қапталдағы екеуі, яғни ұлттық құрама сапында тұңғыш кездесуін өткізіп отырған Қуат пен Шомко шабуылға екі шептен белсенді қолдау білдіріп отырады. Шабуыл шебі Жолшиев пен Нөсербаевқа аманат етілсе, жартылай қорғаныста тәжірбиелі Сымақов, қос қайраттық Исламхан мен Қонысбаев. Иә, Қонысбаев клуб сапында аз ойын өткізіп жүргенімен, футболшыынң еңбекқорлығына сүйсінуге болатын еді. Жергілікті жанкүйерлердің қолдауымен чехтар ойынды белсенді бастаған болатын. Мақсат-біреу. Жылдам гол салу. Әйткенмен, ол жоспар орындала қойған жоқ. Шабуылдары сәтсіз аяталып жатты. Не соңғы соққы, не соңғы пас жетіспей жатты. Ұлттық құрама футболшылары алғашқы минуттардағы алаң иелерінің қарқынына төтеп бергеннен кейін, допқа иелік ете бастады. Ал, 20-минуттан асар тұста матчтағы алғашқы және соңғы бұрыштама добынан оң нәтиже шығара білді. Исламхан оң қанаттан сол аяғымен айып алаңға допты айналдыра әдемі пас шығарған еді. Дер кезінде керек жерде табыла кеткен Юрий Логвиненко баспен допты қақпаға тоғытты. Айта кету керек, Юрийдің бұл Чехияға соққан үшінші голы. Чемпиондар Лигасында Челсимен жолы сан мәрте түйісіп, қарсыластың қақпасынан саңылау таба алмаған Мессидің өзіңе Петрге гол салу арман. Ал, қорғаушымыз бар болғаны екі ойынның ішінде Чехты үш мәрте қапы қалдырды. 20-минутта гол салып, тайлы тұяғымен қорғанысқа аттанған жігіттер Дочкал, Лафата бастаған чехтарды әбден састырды. Күтпеген жерден қателікке, асығуға жол беріп жатты алаң иелері. Әйткенмен, тайм аяғында есеп теңестірер тамаша мүмкіндік болған. Стас Покатилов қақпасын маңдайша ғана голдан аман алып қалды. Екінші таймның алғашқы он минуты бірінші таймның жалғасы болды. Доп чехтардың аяғында болғанымен, тұшымды шабуылдарға ой жетпеді. Есесіне, Қазақстанда есепті еселеп қарсыласты біржола тығырыққа тірейтін тап-тамаша мүмкіндік болған. Бірақ, Джолшиев оң қанаттан айып алаңға кіріп ыңғайсыз жерден соққы бағыттап, соққысы мүлде қиыс кетті. Ал, сол қапталда жападан жалғыз Исламхан тұрған еді. Осыдан кейін чехтар мүмкіндік берген жоқ. Шабуылда сасқалақтамай ойлы ойнауға тырысты. Тыңнан қосылған футболшылар да қажет көмекті көрсетті. Үзілісте алаңға шыққан Шкода жерлестерді оңдырмай жазалады. 12 минуттың ішінде дублді атына жазып, жеңісті командасына сыйлады. Футболды 90 минут ойнауды қашан үйренеді екенбіз деген сұрақ тұрады алдымызда. Жеңісті қолдан беріп қойған ойындарымыз көп тізімге салып тізе берсек. Кімге қарсы ойнаса да тәп-тәуір бастайды да, соңғы минуттарда көңіл құлазытады. Деңгей өссе өскен де болар, бірақ нәтижеміз оңалмай-ақ қойды. Бірінші таймның жартысынан бастап қорғаныста көрпе жамылып тығылмай-ақ батыл ойнауға тиіс едік. Дәл бүгінгі чехтарды тіпті жеңуге де мүмкіндік бар-тұғын. Чехия-Қазақстан 2:1(0:1) Голдар: Логвиненко 21 (0:1), Шкода 74 (1:1), Шкода 86 (2:1) Ескерту: Шомко 42 Чехия: Чех, Кадержабек, Прохазка, Лимберски, Сухи, Дочкал, Скалак (Шкода 46), Павелка, Крейчи (Копиц 84), Дарида (Шурал 68), Лафата Казахстан: Покатилов, Малый, Гурман, Смаков, Логвиненко, Қуат, Қонысбаев (Көкеев 88), Исламхан (Суюмбаев 78), Шомко, Нөсербаев (Хижниченко 72), Жолшиев Төреші: Мартин Стрембергссон (Швеция) 3 қыркүйек. Пльзень. «Doosan Арена». 
Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
   
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×