Соңғы екі ай ішінде Қазақстан футболының беделі батыс алдында біршама артты. Ол үшін қос астананың командаларына алғысымыз шексіз. "Астана" айды аспанға бір-ақ шығарып, Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінде өнер көрсеткелі отырса, алматылық "Қайрат" тарихында тұңғыш рет еурокубокте тереңге сүңгіді. Енді, Еуропадағы клубтық жарыстар екі аптаға үзіліс алып, құрлықтың назары Францияда келесі жыл өткелі отырған дүбірлі доданың іріктеу сыныңа аумақ. Ұлттық құрамамыз да Еуропаның дәл ортасы мен солтүстік-батыстағы ең шеткей нүктесіне барып қонақтап қайтпақ. Бір сөзбен Красножан шәкірттері топтың көшбасшыларымен кездеседі.
Қазақстан ұлттық құрамасы топтық кезеңдегі жетінші ойының Чехияға қарсы өткізеді. Өткен жылдың қазан айында Астанада өткен ойында жерлестеріміз 2:4 есебімен есе жіберген еді. Ол ойын әлі есімізде. Бірінші таймда екі гол жіберіп сасқалақтаған жігіттеріміз, қолды мезгілден кеш сермесе де екінші таймда ес жиып тамаша ойын өрнегін көрсетіп, әдемі шабуылдармен есте қалған болатын. Нәтижемен болмаса да, ойынымызбен мақтана алар ол соңғы кездесу еді. Содан кейін, ұлттық құрамамыз әуелі Астанада Исландияға, кейін Алматыда Түркияға тұшымды ойын көрсете алмай жол берді.
Топтық кезеңді қатарынан төр жеңіспен бастаған чехтар, маусымдағы Исландияға қарсы таққа таластағы ашық шайқаста балықшылар еліне жол бергеннен кейін екінші орынға түсіп қалды. Артта келе жатқан нидерландықтармен де арадағы ұпай саны үшеуге қысқарып кетті.
Осы іріктеу кезеңінде Чехия өз алаңында жеңіліп көрмепті. Тек күтпеген жерден латыштарға бір ұпайды сыйлай салғаны бар. Сол матчтан кейін, қарсыласты күшін бағалай алмадық деп сан соққаны бар. Енді, Қазақстанға қарсы ойынға бей-жай қарайтындай, чехтардың жайы мәз емес. Екі жақтан Исландия мен Голландия қысып барады.
Алаң иелерінің толықтай фаворит екеніне дау жоқ. Үшінші орынға түсіп бас қатырмай, Франциядағы құрлық додасына тікелей жолдама алғысы келеді. Ол үшін жаттықтырушының қойған талабы-Қазақстан мен Латвияға қарсы араға үш күн салып өтетін екі ойында алты ұпай алу. Дегенмен, еуро-аренада Астана мен Қайраттың жеңісті нәтижесіне куә болып үйренген отандық жанкүйерлер жерлестерімізден нәтижелі ойын күтеді. Оған қоса "Бордо", "АПОЭЛ" секілді клубтарға қарсы иық тірестіре ойнаған футболшылар команданың негізін құрамақ.
Қазақстан ұлттық құрамасының құрамы:
Қақпашылар: Сергей Бойченко («Ордабасы»), Стас Покатилов («Ақтөбе»), Андрей Сидельников («Ордабасы»)
Қорғаушылар: Берік Айтбаев («Атырау»), Елдос Ахметов («Астана»), Абзал Бейсебеков («Астана»), Марк Гурман («Қайрат»), Ермек Қуантаев («Қайрат»), Юрий Логвиненко («Ақтөбе»), Сергей Малый («Ордабасы»), Ғафуржан Сүйімбаев («Ордабасы»), Дмитрий Шомко («Астана»)
Жартылай қорғаушылар: Аслан Дарабаев («Қайрат»), Бауыржан Жолшиев («Астана»), Тимур Досмағамбетов («Тараз»), Бауыржан Исламхан («Қайрат»), Ұлан Қонысбаев («Қайрат»), Исламбек Қуат («Қайрат»), Жамбыл Көкеев («Қайрат»), Александр Меркель («Удинезе»), Самат Смақов («Ертіс»)
Шабуылшылар: Таңат Нөсербаев («Астана»), Сергей Хижниченко («Ақтөбе») және Алексей Щеткин («Астана»).
Чехияға қарсы кездесу қыркүйектің 3-інен 4-іне қараған түні Астана уақыты бойынша сағат 00:45-те өтеді. Пльзендегі матчты "Қазақстан" телеарнасы тікелей эфирде көрсетуді жоспарлап отыр.
Фараби ӘБДІХАЛЫҚ