Сырттандардың солғыны

31.05.2017, 04:20
Сырттандардың солғыны
Қазақстан премьер-лигасының басталғанына да 2 ай уақыт толады. Ал клубтарымыз әлі өз ойындарын таба алмай жүр. Оның сыры неде? Мүмкін командаға алынған легионерлер сапасыз шығар. Санамалап көрейікші, қай командада кімдер жүр? «Шахтер» командасында Англиялық легионер бар. Бұрын-соңды бұл елдің футболшылары біздің елде доп теппеген. Бапкерлер  болды әрине. Бірақ ағылшын паспортымен футболшы болмаған еді. Короде Айегбуси 9 ойынға қатысып, тек сары қағаз алуымен есте қалды. Жалпы қорғаныста көптеген ойыншылардан артықтығы шамалы. Бельгия елінен де көп легионерді біздің елде байқамаған едік. Соның бірі жас шабуылшы Алегрия. Оның да жарытып өнер көрсетіп жүргенін көрмедік. Ал Милан Стоянович секілді сербиялық жартылай қорғаушы алаңға небәрі 3-ақ матчта шықты. «Ақжайық» командасында легионерлердің барлығы да негізгі құрамда ойнап жүр. Тегіс сенімді ақтауда десек артық емес. Тек 1 ойында алаңға шыққан Константин Дудченконың оралдықтарға енді керегі шамалы ғой деп отырмыз. «Ақтөбе» командасында Витор Жуниор деген бразилиялық 2 ойында алаңға шығыпты. Ал оның әріптесі украиналық Ермаченко 3 рет. Әрине, футбол болған соң жарақаты бар, басқасы бар түрлі себептермен ойыншылар матчтарға қатыса алмай жатады. Бірақ, негізгі күш артып отырған сырттан келген футболшылар бірден сенімді ақтамай да жатады. Келісімшартқа қол қойысып алған соң, маусым біткенше жалақы алатынын анық білетіндіктен кейбір аяқдопшылар, алаяқтықпен де айналысып жүретіні бар. Жасыратын несі бар, көз көріп, құлап естіп жүрген жағдай. Мысалы, «Атырау» сапындағы Вукасин Томич ше? Бұл ойыншы кезінде «Таразда» ойнаған. Өте сәтсіз өнер көрсеткен соң, ойыншы отанына кеткен. Бірақ, «Атырау» бапкерлері жасы 30-ға келген қорғаушыны неге алдыртты. 2 айдың ішінде 2 ойынға алаңға шығару үшін бе? Түсініксіз. Ал сол легионерлердің арқасында ғана құлпырып жүрген клубтарымыз да жоқ емес. Павлодарлық «Ертісті» сырттандарсыз елестете алмайсыз. Олардың барлығы өз міндеттерін толық атқарып жүр. Бас бапкер Димитров оларды таңдап алу кезінде аса қатты қателеспегені байқалады. «Астана» командасында да осыған ұқсас жағдай. Легион өз сұранысын орындап жатыр. Ал «Қайратта» бір ғана кінәрат бар секілді. Ол норвегиялық шабуылшы – Чума Аноне. Қақпашымен бірге бір шығып гол сала алмай, өз мүмкіндігін мүлт жіберіп жүрген шабуылшы Жерар Гоуға бәсеке көрсете алмады. 4 ойынға шыққан алып денелі зеңгі ойыншыны маусым ортасында жайына жіберу қажет секілді. Қызылордалық «Қайсарда» легионерлердің түр-түрі бар. Біздің елде бұрын болмаған Бурунди елінің ойыншысы Саиди Нтибозаникиза «дала қасқырлары» сапында алаңға ең аз шыққан легионер. Ол сол 7 ойында 2 гол соғып үлгерген. Ал «Оқжетпес» командасы ардагердің ардагері, жасы 36-ға таяған Сергей Струковты қосты. Бұл шабуылшы 4 ойынға шығып үлгерді. Әрине, ойынның соңында, команда ұтып жатқанда уақыт созу үшін. Ең бастысы Сергей кезінде бас бапкер Владимир Мұқановпен бірге «Ақтөбеде» қызметтес болған. Дәм-тұзың жарасса Қазақстан футболында көп жерде атың шыға беретіні анық нәрсе ғой. «Тараз» сапында Франциядан ат терлетіп келген шабуылшы Жан Морис бар. Кезінде «ПСЖ» командасында ойнаған деген жалған дақпырты бар футболшыны кім, не үшін, қалай шақырғаны белгісіз. 5 ойында қақпаға 5 соққы да бағыттамады-ау бұл шабуылшы. «Тараз» футбол клубына жалпы легионер алуда аса сақ болған дұрыс. Келесі айналымда осы футболшылар жаңа ойыншыларға өзгермесе, клуб тағы да премьер-лигадан шығып қалуы мүмкін. Жалпы біздің байқағанымыздай, елдегі легионерлердің санын келесі жылы 7-еуге қысқартуға болатындай. Себебі, көптеген клубтарымызда негізгі құрамға шыға алатын 2 ойыншыдан қалып кетіп отыр. Жастары 23-24-ке келген ел футболының өкілдері әлі де «жастар» қатарында жүріп, қосалқы құрамның «корольдері» болуы ұят қой.

Ермұхамед МӘУЛЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×