Талайды тамсандырған финалдар

27.05.2011, 21:45
Талайды тамсандырған финалдар

Ертең түнде Чемпиондар Лигасының биылғы жеңімпазы анықталады. Жиырма сегізінші мамырда  Еуропа Чемпиондары Кубогінің елу алтыншы, Чемпиондар Лигасының он тоғызыншы маусымы ағылшындық атақты  «Уэмбли» алаңында аяқталатын болады. Тұманды Альбиондағы соңғы спектакльге қатысатын қос команда – Месси мен Вилья бастаған «Барселона» және Гиггзбен Руниге сенім артып, арқа сүйейтін «Манчестер Юнайтед».

Римдегі кездесу 2-0 есебімен сол кезде дәуірлеп тұрған испандықтардың жеңісімен аяқталған. Сэр Алекс Фергюссон шәкірттері «блаугранадан» қалай да кек қайтаруды көздейді, оған күмәніңіз болмай-ақ қойсын. Шешуші ойын Англия жерінде өтетіндіктен, манкуниандықтарды фаворит деп білетіндер қателеседі, себебі туған жердің топырағы қанша қолдағанымен, ойын кез келген нәтижемен аяқталуы ықтимал. Кездесу тағдырын Мессидің жалғыз голы, не болмаса Руни орындаған айып добы шешіп кетуі мүмкін. Екі қарсылас төрт тайм бойы Вальдес пен Ван дер Сар қорғаған қақпаларға доп дарыта алмай, алтын жалатылған Кубоктің иесі ойын соңындағы пенальтиден анықталуы да ғажап емес. Олай болса, «актерлердің шеберлігі» мен төрешілердің «әділдігіне», жанкүйерлердің көзжасы мен ойыншылардың  керемет әрекеттеріне куә болғызған Чемпиондар Лигасының биылғы жеңімпазын 28 мамырдан ерте біле алмаймыз. Тек тартысқа толы болған алдыңғы финалдарға қарап болжап көрмесек... Чемпиондар Лигасының соңғы бес финалын назарларыңыға  ұсынамыз: «Интер» (Италия)  2 –0  «Бавария» (Германия). 2010 жыл, Испания, Мадрид, «Сантьяго Бернабеу» алаңы. Бас төреші – Ховард Уэбб. Кубок жолында «Барселона», «Челси» сияқты азулы қарсыластарының «тістерін қаққан» италиялық клуб шешуші ойында да неміс машинасын тоқтата білді. Қос голдың авторы Диего Милито – сол маусымдағы жаңа есімдердің бірі болды. «Барселона» (Испания) 2-0 «Манчестер Юнайтед» (Англия). 2009 жыл, Италия, Рим, «Олимпико» стадионы. Бас төреші – Массимо Бузакка. Бұл финалда да екі гол соғылды, Месси және Самюэль ЭтоО-ның шеберлігінің арқасында. Испандық жанкүйерлер биыл да бұл жағдай қайталанады деп үміттенсе, манкуниандықтар өздерінің жеңісіне сенімді. «Манчестер Юнайтед» (Англия) 1-1 (пен 6-5) «Челси» (Англия). 2008 жыл, Ресей, Мәскеу, «Лужники» алаңы. Бас төреші – Любош Михель. Чемпиондар Лигасының ағылшындық финалында да екі гол соғылды - Криштиану Роналдудың голына Фрэнк Лэмпард өз голымен жауап берген. Негізгі уақыт тең аяқталып, ойын соңындағы пенальтиден «МЮ» жеңіске жеткен. «Милан» (Италия) 2-1 «Ливерпуль» (Англия). 2007 жыл, Грекия, Афины, «Олимпия» алаңы. Бас төреші – Херберт Фандель. Бұл екі команда арасындағы 2005 жылғы Чемпиондар Лигасының финалы – футбол тарихындағы ұмытылмас керемет кездесулердің бірегейі. Сол ойында көз жастары көл болған миландық клуб өкініштің орнын 2007 жылы ғана толтыра алды. Афиныдағы шешуші ойында Филипо Индзагидің қос голына «Ливерпуль» құрамынан тек Дирк Кейттің ғана соққысы жауап бола білді. «Барселона» (Испания) 2-1 «Арсенал» (Англия). 2006 жыл, Франция, Париж, «Стад де Франс» алаңы. Бас төреші – Терье Хауге. 2007 жылғы финалдағыдай бұл ойын да 2-1 есебімен аяқталған. Канонирлер құрамынан Сол Кэмпбелл есеп ашқан соң, Самюэль Это`О мен Жулиано Беллетти «Барсаны» жеңіске жетеледі. Байқап отырсаңыздар, миллиондаған фанатты өзіне жіпсіз байлаған бұл финалдарға қарап нақты ештеңе дей алмаймыз. Екі кездесу 2-0 есебімен аяқталса, тағы екеуі 2-1 деген нәтижеге ие болған. Араларында 1-1 деген тең ойын тағы бар... Аталған финалдарда испандық және ағылшындық командалар екі рет кездескен. Соңғы бес жылда «Барса» да, «МЮ» де шешуші ойынға үшінші реттен шыққалы отыр. Қазіргі уақытқа дейін тарихтың таразысы бір жаққа қарай қисаймай тең күйде тұр. Бірақ, 28 мамырда бұл тепе-теңдік міндетті түрде бұзылады. Тек бұл өзгеріс келбеттерін қызыл түске келістіріп бояған манкуниандықтарды қуанта ма, әлде Месси мен Вильяның суреттерін көтерген каталондықтарды қуанта ма? Ол жағын уақыт көрсетер...

Нұршапағат НЕСІПБАЙ

«Футбол.кз»

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×