Талантты жастың талабын неге мұқалттық?

15.05.2011, 17:50
 Талантты жастың талабын неге мұқалттық?
Үстіміздегі жылдың 15 сәуірінде футболдан Қазақстан біріншілігінің премьер лигасында өнер көрсететін «Қайрат» және «Локомотив» командаларының Алматыда өткен қосалқы құрамы арасындағы ойында оқыс оқиға орын алды. Қазақ футболындағы бала қораздардың доп тебудің орнына додаға түсіп, шоқысқанын мысқылдай отырып тамашалағандар «Борат»... «Қазақстан тек Боратымен ғана мақтана алады». «Бұл - Бораттың елі, Бораттың жері ғой». «Жасасын, Борат». «Сәлеметсіздер ме, мен Қазақстан футбол федерациясының президенті - Боратпын ғой» деген сияқты сайқымазақ пікірлерімен интернеттің сайттарын жаулап алды. Сөйтіп, жасанды бейнероликті жасаушылар әлем жұртшылығы алдында еліміздің масқарасын шығарды. Тіптен тосын оқиғаларға құлағын тосып жүретін америкалық «Daіly Maіl» журналы жерден жеті қоян тапқандай, бұл дүмбілездеу дүниені аптадағы ең үздік спорт тақырыбындағы бейнероликтердің қатарына енгізіп жіберіпті. Осы жасанды бейнетаспаны басшылыққа алған Қазақстан Республикасы футбол федерациясының тәртіптік бақылау комитетіндегілер «Қайрат» командасына 0:3 есебімен техникалық жеңіліс жазды. Бәлкім, алаң иелері барлық талап пен тәртіпке жауап беруге тиісті деген қатаң қағида ұстанған шығар. Оған ешқандай да дауымыз жоқ. Алайда жазалаушылар мұнымен де шектеліп қалмады. Ең сорақысы сол, футбол тәртібінің тізгінін ұстаған төскейдегі төрелер алғашында «Қайраттың» талантты жас ойыншысы Арман Мәсімжановты өмір бойы алаңға шықпайтындай етіп, ең қатал шешім шығарып жіберді. Ала доптың сиқырына арбалып, шеберлігін шыңдап келе жатқан жасөспірім болашақта «Қайраттың» негізгі сапына енуді, ел құрамасында өнер көрсетіп, Қазақстанның намысын небір додалы жарыстарда абыроймен қорғауды армандайтын. Өрімдей жастың бұл үкілі үмітін футболдың тасжүрек тәртіп сақшылары тас-талқан етіп отыр. Мұндай жағдайда футболдың тәртібін қадағалаушылар шеңберден шығып кеткендерді бас білдіру үшін ары кеткенде төрт-бес ойыннан аластаумен шектелуші еді. Ал бұл әрекетті қалай түсінуге болар екен? Біле білсе, олар жас талапкерлерді тәртіпке шақырып қана қоймай, тәрбиелеуге де міндетті емес пе? Өйткені қазақ футболының көсегесін көгерту баршамыздың, әсіресе, осы кәсіптің нанын жеп отырғандардың қасиетті парызы емес пе? Тәртіптік-бақылау комитетіндегілердің қазақтың өрімдей жас футболшысына шығарған әділетсіз біржақты үкіміне ұлтжанды жанкүйерлер бейтарап қарай алмайды. Онсыз да премьер-лигада өнер көрсететін командаларда ойнайтын қазақ балаларының қарасы ары кеткенде саусақпен санарлықтай екені жанға батып, жүрегімізді сыздатып жүргенін несіне жасырамыз. Ал мына шектен шығып кеткен оспадарсыз шешім жығылғанға жұдырық болып отыр. Естеріңізде болар, сонау бір жылдары әлемдік доп додасында италиялық ойыншыны жанына тиер ауыр сөз айтқаны үшін мыңдаған жанкүйердің көз алдында баспен ұрып сұлатып салған Францияның сұрмерген шабуылшысы Зенеддин Зиданға да мұндай қатал жаза қолданылған жоқ болатын. Арман Мәсімжановтың доп додасынан мәңгілікке аластатылуы елімізде әжептәуір қоғамдық пікір туғызды. Жанкүйерлер мен жүрегі жомарт, жаны жайсаң жандар Қазақстан футбол федерациясы Тәртіптік бақылау комитетіндегілердің тым асыра сілтеп жіберген қаталдықтарына наразылық білдірді. «Қайрат» футбол клубының жауапты қызметкерлері де қол қусырып қарап қалмады. Жасыл алаңда жасындай жарқылдап, қарсыластар қақпасына топырлатып талай доп соққаны өз алдына, бұған дейін төрешілер тарапынан бірде-бір ескерту алмай, тәртіптілігімен өзге әріптестеріне үлгі болып келген Арман Мәсімжановты барынша қорғап қалуға күш салды. Артынша Арман да өз «қателігін» мойындап, «Локомотив» командасындағы шекісіп қалған әріптесі Радмир Муксиновтан кешірім сұрады. Ойынды тамашалағандардың айтуларына қарағанда, төбелесті дәл осы Радмир бірінші болып бастаған екен. Өткен аптада Тәртіптік бақылау комитетіндегілер «Қайрат» клубы басшыларының шағымын қарап, бастапқы райларынан қайтқан сыңай танытты. Яғни «Локомотивтің» ойыншысы Радмир Муксинов пен «Қайраттың» сапында өнер көрсететін Алмас Бейсенов алдағы төрт-бес ойыннан шеттетілді. Ал «Қайраттың» қамал алар шабуылшысы Арман Мәсімжанов ел біріншілігіне үш жыл қатыстырылмайтын болып шешілді. Әрине, бұл - теңбіл доппен бірге тыныстап үйреніп қалған бозбала үшін өте ауыр жаза, әрі тым ұзақ мерзім. Сөйтіп, буыны қатайып, шеберлігі шыңдалып, нағыз футболшы ретінде қалыптасатын ең қолайлы сәтті 20 жастағы өрімдей Арман ала доптың ауылынан алшақта өткізбекші. Мұндай қатал шешім жас футболшының алдағы болашағына көлеңкесін түсірмесе игі еді. Сондықтан Қазақстан футбол федерациясының өкілдері Арманның ел намысын ту етер атақты футболшы болсам деген асқақ арманының үмітін өшірмей, өз шешімдерін әлі де болса өзгертеді деген ойдамыз.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×