«Тараз» футбол клубының құпиясын Сапарбаев біле ме?

16.09.2021, 03:20
«Тараз» клубының айналасында қандай былықтар болып жатыр?
«Тараз» футбол клубының құпиясын Сапарбаев біле ме?

25 тамыз күні порталымызда «Футболшылардың қаржысы депозитте жүр». Әкімдік НЕГЕ үнсіз?» деп аталатын мақала жарияланған. Осы мақаладан кейін футбол клубының төңірегінде жүрген біраз адамның ұйқысы қашқанға ұқсайды. Осыны ескеріп, Nege.kz порталы бұл тақырыпты одан әрі індетуді ұйғарды.

Клуб төңірегіндегі дау туралы алдымен «Тараз times» газетінің басшысы Жарылқасын Нұралиев әлеуметтік желіде жазған. Журналистің жазуына қарағанда, футболшыларға тиесілі қаржының кешігуіне ақшаның депозитте жатуы себеп.

Біз осы мәселеге қатысты клуб басшылығынан толымды жауап ала алмағандықтан, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың атына ресми сауал жолдадық. Ондағы ойымыз мынау: Клуб төңірегіндегі дауды Бердібек Машбекұлы білуі тиіс!

Алдымен ресми сауалдың адресатқа жөнелтілгені жөнінде «хабаршы» жетті. Жамбыл облысы әкімі аппаратының шағымдарды қарауды бақылау бөлімінің жетекшісі А.Асабаев ресми сауалды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Н.Жүнісбековке жолдапты.


Бір қызығы, А.Асабаевтың хаты ресми тілде келді. Мемлекеттік тілде жазылған ресми сауалға ресми тілде жауап берілгеніне қарап, «Жамбыл облысы әкімдігінде мемлекеттік тілдің халі мүшкіл екен» деген ой келгенін айтуға тиіспіз.

Қош, сонымен, Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Н.Жүнісбековтің жауабы төмендегідей болды.

 


Жүнісбековтің жауабына қарағанда, «Тараз» футбол клубының жылдық бюджеті 1 млрд 198 млн 869 мың теңге екен. Клубтың жалақы қарызы жоқ және кәсіпорында депозиттік шот та жоқ. Кәсіпорынның қаржы-шаруашылық қызметін тексеруді тиісті органдар уақтылы өткізеді. Сондай-ақ басқарма басшысы «Тараз» футбол командасының ойынын «қанағаттанарлық» деп бағалапты.


Әкімдікпен қатар клуб басшылығына да бірқатар сауал жолдағанбыз. Кеш те болса, клуб басшысы Талғат Тұрлыбай жауап беріпті. Бір қызығы, клубтың жылдық бюджетіне қатысты Тұрлыбайдың есебі басқармадан бөлек екен.

Оның жазуына қарағанда, клубтың жылдық бюджеті – 1,5 млрд теңге. Клубта 34 адам қызмет етеді. Ал енді клуб басшылығы мен футболшылардың жалақысына қатысты сұрағымызға Т.Тұрлыбай: «Бұл ақпарат құпия болып табылады және жариялауға жатпайды», – деп жауап беріпті.

Бұл күнде жұрт әлемдік жұлдыздар Леонель Месси мен Криштиану Роналдудың, тіпті олардың агенттерінің де қанша табатынын біліп отырғанда, «Тараз» клубының басшылары жалақы мәселесін құпиялап қойғаны онсыз да көп күдікті одан әрі қоюлата түсті. Айтпақшы, 7 қыркүйек күні редакция поштасына kushakova47@mail.ru деген адрестен тілдей хат келді. Онда Т.Тұрлыбайдың өкілі А.Н.Кушаков біздің порталда жарияланған материал «Талғат Тұрлыбайдың іскерлік беделіне нұқсан келтіретінін» айтып, «үш күннің ішінде ерікті түрде терістеме беруді» талап етіпті. Редакция терістеме беруге тиісті талаптары мынау: Клуб ойыншысы Эуженионың трансферінен откат алды; бюджет қаржысына астаналық 00 блатной нөмірімен өзіне Range Rover джипін алды; бюджет ақшасын депозитке салып, жалақыны кешіктірді, соның салдары бас көтеруге әкеп соқты; Түркияға сборға барғаны жөнінде жалған құжат өткізді...


Сот алды талап ресми тілде келгеніне қарамастан, Т.Тұрлыбайдың өкіліне редакцияның атынан рахмет айтуға тиіспіз. Өйткені ол бізге бірқатар қызық мәлімет беріп отыр. Мәселен, Эуженионың трансфертінен алған откат, блатной нөмірлі Range Rover және Түркияға барған сапар туралы заңгердің талабынан оқып-біліп отырмыз. Қызығы сонда, мақалада бұл жайттар туралы бірде-бір сөз жоқ!

Nege.kz тілшісі клуб жетекшісі Талғат Тұрлыбайдан сұхбат алып, осылардың жайын өзінен сұрамақ болған. Алайда ол мүмкін болмады. Клубтың баспасөз хатшысы Шухрат Кашимовпен ватсап арқылы тілдескенде ол «бастықтың редакцияға иск бергенін» айтып, «сұхбат сот біткен соң болуы мүмкін екенін» ескертіпті.

Біз Талғат Тұрлыбайдың бұл әрекетін құптаймыз. Өйткені клубқа қатысты БАҚ-та айтылмаған көп мәселе сотта айтылуы мүмкін ғой. Бәлкім, ол біздің сұрақтарымызға сотта жауап бергісі келген болар?..


Мақала Nege.kz сайтынан алынды

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×