«Тараз» футболшылары көкпар тамашалады

08.04.2021, 03:31
«Тараздың» сербиялық легионері де барған екен.
«Тараз» футболшылары көкпар тамашалады

Бүгін «Тараз» футболшылары көкпардан Қазақстан чемпионатының финалдық ойындарын ипподромға барып тамашалады. Шешуші кездесуде Тараздың «Әулиеата» командасы Түркістан облысының «Құлагер» командасымен күш сынасты.

- Біз тараздық «Әулиеатаға» қолдау көрсетуге келдік. Мұнда менің жолдастарым Ернат Мәлінбай мен Құрманбек Тұрғанбек өнер көрсетеді, - дейді «Тараз» клубының қақпашысы Мұхамеджан Сейсен. – Осы достарым менің көкпарға деген махабаттымды оятты. Арасында көкпарға келіп тамашалап, осы командаға жанкүйерлік танытамын. Спорттың дәл осы түрінде командалық рухтың өте мықты болуын талап етеді, - деп өз ойын білдірді.

Ақтық кездесу өте тартысты өтті. 8:4 есебімен тараздық команда жеңіске жетіп, ел чемпионы атанды. Кездесуде Құрманбек Тұрғанбек төрт салым салды.

Ал Абылайхан Жұмабек көкпар ойынына алғаш рет келіп тұрғанын айтты. – Мұнда келіп көкпардың осыншалықты тартысты болатынын енді біліп тұрмын. Жерлестеріміздің жеңіске жеткеніне қуаныштымын. Осындай ұлттық ойындар рухты көтеріп жібереді екен, - дейді «Тараз» шабуылшысы.

«Тараздың» сербиялық легионері Ненад Адамович мұндай спорт түрін бірінші рет тамашалап тұрғанын жеткізді.

– Сіздерде көкпардың қаншалықты жақсы көретінін байқап тұрмын. Тіпті трибуна көрерменге лық толы. Жанкүйерлер керемет қолдау көрсетті. Ата-бабалардың рухын әкелетін, арқаны қоздыратын қызықты ойын екен. Қазақстанда адам баласын қатты қызықтыратын салт-дәстүрлер көп екен. Мен оларды ақырындап танып-білуге тырысып жүрмін. Командамызбен бірге келіп қолдау көрсеткенімізге қуаныштымын.

«Тараз» КФК баспасөз қызметі

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×