Ел біріншілігінің аяқталуына бар болғаны үш тур қалды. Келесі ойындар бүгін өтеді. Өз тарапымыздан қосарымыз, ел футболында әлгіндей жағдайлар қайталанбасын дейміз. Алаң жиегінде емес, спорттық принциппен келген жеңіске не жетсін?!
Одан кейін ел кубогы өтіп, жартылай финалға жолдама алған командалар анықталса да, кейбір жанкүйерлер үшін футболдан Қазақстан чемпионаты «Тобыл» – «Тараз» кездесуімен тоқтап қалғандай көрінетіні жасырын емес. Естеріңізде шығар, премьер-лиганың 23-туры аясында өткен аталмыш кездесуден кейін елімізде бұрын-соңды болмаған шу шыққан еді ғой. Қазақстан футбол федерациясы бұл ойынды «алдын-ала ойластырылған» деп тауып, матчты қайта өткізу туралы шешім қабылдаған болатын. Оған «Тараз» тарапы қарсы болып, федерацияға қайта арыз жазғанын да жақсы білесіздер. Сонымен, жанкүйер біткеннің басты тақырыбына айналған бұл мәселеге кеше нүкте қойылды. Үтір емес деп үміттенеміз.
Иә, әп-әдемі аяқталып келе жатқан чемпионаттың шырқы бір-ақ ойынмен бұзылды. Жеңілген команданың бас бапкері қарап тұрсын ба? Матч соңындағы баспасөз мәслихатында-ақ төрешілерге шүйлікті.
– Бізді басынғандары ғой, бүйтіп команданы өлтірулері дұрыс па? Осындай жағдай қатарынан екінші ойында қайталанып жатыр. Мен УЕФА өкілдерімен сөйлестім. Ойынның бейнетаспасын тиісті жерлерге жіберем. Мен мұны жай қоя салмаймын, – деп ашынды Вячеслав Грозный.
Иә, Грозный жеткізіп айтқан сияқты. Сең бірден қозғалды. Ал сонда кінәлі кім? Расымен де, ойын алдын ала шешіліп қойған ба? Ел аузында айтылып жүрген, «кездесуді қонақтардың пайдасына шешу үшін бас төрешіге 60 мың АҚШ доллары ұсынылды» деген сыбыстар шынымен де рас па? Бұл сұрақтың жауабын тек бір Алла мен сол кездесуде төрелік еткен Сергей Паськоға ғана белгілі екені анық. Әлбетте, ел футболының игілігі үшін талай жыл тер төккен Паськоның қаралығына сенгіміз келмейді. Алайда «арам ақша» үшін ойын тағдырын шешіп жіберген болса, оны төреші көп алдында мойындай қоймасы тағы белгілі. Қайткен күнде де Пасько өз жазасын алды. Ол енді ешқашан Қазақстан футболында төрешілік ете алмайды.
Ал «Тобыл» мен «Тараздың» жағдайы не болмақ? Осыған байланысты Қазақстан футбол федерациясында бұған дейін екі жиын өтті. Біріншісінде Төрешілік-сараптамалық комиссиясы Сергей Пасько мен оның қапталдағы көмекшісі Сергей Васютиннің бұрыс шешімдерін тізіп берсе, екіншісінде Тәртіптік-бақылау комитеті Паськоны мәңгілікке, Васютинді маусым соңына дейін алаңнан аластатты. Одан бөлек, ойынды қайта өткізу туралы ұйғарым қабылданып, матч 24 қазанда Қостанайда қайта өтетін болды.
Бұл ешкім күтпеген шешім еді. Бұрын-соңды Қазақстанда төрешілердің қателігінен кейін матч қайта ойнатылмаған.
Иә, осылайша бұл оңды шешім болды. Әлбетте, Тобыл үшін. Ал мұнымен келіспеген «Тараз» футбол клубының басшылығы барынша шырылдады. Тіпті егер шешім өзгермесе, чемпионатқа қатысудан бас тартатындығын да алға тартты. Сөйтіп, ҚФФ-тың Аппелляциялық комитетіне шағымданып, дұрыстығын дәлелдейтін жаңа дерек-материалдарды ұсынды.
Кеше осыған байланысты Астанада тағы бір алқалы жиын өтті. Күндізгі сағат 15:00-де басталған Аппелляциялық комитеттің мүшелері ұзақ сараптамадан кейін «Тараздың» туралығын растап, «матч қайта ойналмайды. Бірінші кездесудің нәтижесі сақталады» деген шешім шығарды. Әділдік енді орнады ма? Оны уақыт көрсетер. Аппелляциялық комитеттің төрағасы Талғат Балашев бұл қорытындыны былай түсіндірді:
– «Тобыл» футбол клубы наразылық шағымын дұрыс бермеді. Қазақстан футбол федерациясы Тәртіптік регламентінің «145»-бабына сәйкес, протесттің берілуі матч хаттамасында көрсетілуі керек еді. Сондай-ақ бұл жайында кездесу инспекторы, бас төреші және қарсылас команда хабардар болуы тиіс. Бұл қателікті «Тараз» футбол клубының өкілдері де өз арыздарында көрсетті. Міне, осы жағдайды назарымызға алып, шағымның дұрыс берілмегені айқын болғандықтан, Тәртіптік-бақылау комитеті шығарған ұйғарымның күшін жойдық.
Сонымен, Аппелляциялық комитеттің арқасында турнир кестесінде де қайта тәртіп орнады. «Тараз» 41 ұпаймен 4-орнын сақтап қалса, «Тобыл» 42 ұпаймен бір сатыға жоғары тұр. Ал көш басында 47 ұпаймен Қарағандының «Шахтері» келеді.
Ел біріншілігінің аяқталуына бар болғаны үш тур қалды. Келесі ойындар бүгін өтеді. Өз тарапымыздан қосарымыз, ел футболында әлгіндей жағдайлар қайталанбасын дейміз. Алаң жиегінде емес, спорттық принциппен келген жеңіске не жетсін?! Шын мықтыға тұсау жоқтығы ежелден дәлелденген аксиома. Ендеше, командаларымыз сырт күштің емес, өз шеберлігімен мықтылықтарын мойындатады деп сенеміз.
24-тур ойындары: 4 қазан (бейсенбі)
Қайрат – Шахтер
Ақжайық – Ертіс
Ордабасы – Тобыл
Тараз – Оқжетпес
Жетісу – Атырау
Ақтөбе – Астана
Қайсар – Сұңқар
Әзиз ЖҰМАДІЛ
алашарена