Таза голды санамаған төреші жазасын алды

12.07.2011, 14:02
Таза голды санамаған төреші жазасын алды
Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңі аясында сырт алаңында ойындарын өткізген «Шахтер» мен «Ертіс» ел біріншілігінің кезекті турында сәтсіз өнер көрсетті. Алғашқысы сырт алаңында жеңіліс тапқан болса, екіншісі өз алаңында аутсайдермен ұпай бөлісуге мәжбүр болды. Мұны командалардың Словения мен Польшадан шаршап келгендігімен түсіндіруге болатын шығар. Еуропадан келе сала бірден премьер-лига ойындарына кірісіп кеткен қос команданың футболшылары өз баптарына келіп үлгермеген секілді. Оның үстіне, осы бейсенбі күні қарағандылықтар мен керекуліктер Еуропа лигасындағы қарымта кездесулерін өткізулері керек. Сонымен Қарағандының «Шахтері» 18-турда Астанаға қонаққа барып, біріншіліктің көшбасшысынан 0:2 есебімен жеңіліп қалды. Айта кетейік, бұл кездесуде кеншілер командасына жартылай қорғаушы Ұлан Қонысбаев және қорғаушылар Иван Шевченко мен Александр Кислицын көмектесе алған жоқ. Себебі бұған дейін «Астана» сапында өнер көрсеткен бұл екеуін «Шахтерге» берер кезде астаналықтар «Қонысбаев пен Кислицын бізбен болатын ойында алаңға шықпауы тиіс» деген шарт қойған болатын. Сондай-ақ бас бапкер Виктор Кумыков Жамбыл Көкеев бастаған негізгі ойыншыларын Еуропа лигасына сақтап қалғанды жөн көрсе керек, алаңға қосалқы құрамның бірнеше ойыншысын бір-ақ шығарды. Сондықтан ба, қос қапталдағы қос қыран Жамбыл Көкеев пен Ұлан Қонысбаевтың жоқтығы білініп, қонақтар шабуылды қалай өрбітерін білмей дал болды. Дегенмен бірінші таймда алаң иелері Григоренко қорғаған қақпадан саңылау таба алған жоқ. Алайда үзілістен кейін Бугевтің пасын тиімді пайдаланған «Астана» капитаны Нұрбол Жұмасқалиев есеп ашса, арада үш минуттан кейін Драган Богавац есепті қорытындылады. Жарайды, «Шахтер» біріншіліктің көшбасшысынан жеңілді. Ал «Ертіске» не көрінді? Өз алаңында Алматының «Қайратымен» тең түсті. Тіпті өз қақпаларына бірінші болып гол жіберіп те алды. Абырой болғанда, қорғаушысы Предраг Говедарица есепті теңестіре алды. Осы голдан кейін екінші рет ескерту алғаны үшін төреші «қайраттық» Шыңғыс Әбуғалиевті алаңнан қууға мәжбүр болды. Өзге ойындардан Талдықорғандағы «Жетісу» – «Тараз» кездесуін ерекше атап өтуге болады. Жалпы, «Тараз» Талдықорғанда сәтті ойнайтын команда. Талай рет алаң иелерін ұпайсыз қалдырып кеткен. Сондықтан ба, жергілікті жанкүйерлер «Тараздың» келуін демдерін іштеріне тартып отырып күтеді. Бұл жолы да Ваит Талғаев шәкірттері «Жетісуды» жеңіп кетуге шақ қалды. Дамир Мемишевич есеп ашып, командалар үзіліске 0:1 есебімен тарқасты. Екінші таймның басында Серік Әбдуәлиев шәкірттері таразы басын теңестіргендерімен, айып добын әдемі орындаған Милош Адамович «Таразды» тағы да алға шығарды. Дегенмен бұдан кейін алаң иелерінің өзбек легионері екі голдың авторы атанып, «Жетісуға» жеңіс әперді. 18-турдың тағы бір кездесуі тең есеппен аяқталып, командалар ұпай бөлісіп тарқасты. Бұл ойында «Атырау» өз алаңында Қызылорданың «Қайсарын» қабылдаған болатын. Алаң иелері қанша шабуылдағандарымен гол соғатын футболшы табылмай, таблода 0:0 есебі тіркелді. Негізі, айта кетуіміз керек, 18-турдың алдында Қазақстан футбол федерациясы Төрешілік және инспекторлық департаментінің отырысы өтіп, 30 маусымда өткен «Тобыл» және «Ақтөбе» кездесуіндегі бір эпизод талқыланды. Нақтырақ айтсақ, ойынның 20-минутында «Тобыл» бұрыштама добын орындап, әуеден асырылған пасқа бірінші болып жеткен Дмитрий Богдан «теңбіл снарядты» қақпаға баспен дәл тоғытады. Бірақ қапталдағы төреші Құрбанжан Құрбанов жалаушасын көтеріп, офсайд белгісін берген. Ал әріптесіне сенген бас төреші Сергей Пасько таза голды санамай тастаған. Матч соңында инспектор Сергей Кенетаев бұл эпизодтың бейнеқайталауынан голдың таза соғылғанын көріп, Құрбановқа 4 балл береді. Бұдан кейін ҚФФ Төрешілік және инспекторлық департаментінің отырысы өтіп, лайнсмен Құрбанжан Құрбанов бір айға ел біріншілігінен аластатылды. 18-турдың қорытындысы: «Астана» – «Шахтер» (Қарағанды) – 2:0 Голдар: Жұмасқалиев, 57. Богавац, 60. «Ертіс» (Кереку) – «Қайрат» (Алматы) – 1:1 Голдар: Говедарица, 59 – Головской, 43. Ойынның 60-минутында Шыңғыс Әбуғалиев (Қ) алаңнан қуылды. «Жетісу» (Талдықорған) – «Тараз» – 3:2 Голдар: Евстигнеев, 51-өз қақпасына. Бакаев, 82-мен. Бакаев, 85 – Мемишевич, 42. Адамович, 79. «Атырау» – «Қайсар» (Қызылорда) – 0:0. Автор: Әзиз Жұмаділ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Алдыңғы жаңалық
Ұтуға үмітіміз бар
Келесі жаңалық
Көш басында — қос мықты
Серіктес жаңалықтары
×