Қазақстан футболының бүгінгі таңдағы ең жарқын таланттарының бірі, "Қайрат" қақпашысы Темірлан Анарбеков өзінің мансабы, балалық шағы және болашаққа құрған жоспарлары туралы БИЗНЕС ПОД КАПОТОМ подкастында ашық айтып берді. Оның жолы — Атыраудың аула футболынан басталған, үлкен еңбек пен қатаң тәртіпке негізделген кәсіби спортшының хикаясы, деп хабарлайды Aladop.kz.
Футболға алғашқы қадамдар
Темірлан Анарбеков футболға 11 жасында келген. Оған дейін Атырау қаласында достарымен аула футболын ойнап, кәсіби спорт туралы аса терең ойламаған. Алғашқыда ол басқа позицияларда бағын сынағанымен, кейіннен жаттықтырушының шешімімен қақпаға тұрған. Көп ұзамай жас талант "Қайрат” футбол академиясының назарына ілігеді.
Академияға түсу оңай болған жоқ. Темірланның анасы баласының үйден жыраққа кетуіне басында қарсы болса, әкесі оның спорттық қадамын қолдап, академияға баруына жағдай жасаған.
"Қайрат” академиясы және кәсіби өсy
"Қайрат" академиясындағы өмір Темірлан үшін үлкен мектеп болды. Ол жердегі тәртіпті спортшы армия сияқты қатаң деп сипаттайды. Академияда психологтармен жұмыс істеу, уақытты тиімді басқару және тілдік кедергілерді жеңу (Алматыға келгенде орыс тілінде сөйлесу қажеттілігі) оның тұлға болып қалыптасуына әсер еттi.
Темірлан бүгінде заманауи технологиялар мен инновацияларды қолдануға мән береді. Ол ChatGPT сияқты жасанды интеллектті пайдаланады және жаттығу барысында датчиктер (GPS) арқылы өзінің физикалық көрсеткіштерін бақылап отырады. Сондай-ақ, ол Джеймс Клирдің "Атомдық әдеттер" кітабынан шабыт алып, күнделікті кішігірім жақсы әдеттердің үлкен нәтижеге әкелетініне сенеді.
Реал Мадридпен ойын және жарақат
Анарбековтің мансабындағы мүмкін ең өкінішті сәттердің бірі — "Реал Мадридке" қарсы ойын қарсаңындағы жағдай. Ол жарақат алып қалғандықтан, бұл маңызды матчта алаңға шыға алмады. Оның орнына 18 жасар Шерхан Қалмырза қақпаны қорғады. Темірлан бұл жағдайды "Алланың қалауы” деп қабылдап, командаласына барынша қолдау көрсеткен.
Болашаққа көзқарас: Еуропа мен Алтын доп
Темірланның үлгі тұтар тұлғалары — *Мануэль Нойер мен Джанлуиджи Буффон. Ол Нойер сияқты қақпадан шығып, аяқпен жақсы ойнайтын қақпашы стилін ұнатады.
Спортшының басты арманы — Еуропаның топ клубтарына барып, Қазақстанда да мықты қақпашылар бар екенін дәлелдеу. Тіпті, Лев Яшиннен кейін "Алтын допты” иеленетін алғашқы қақпашы болу туралы биік мақсаттары да жоқ емес.