2026 жылғы футболдан Әлем чемпионатының 1/8 финалы аясында Англия мен Мексика арасындағы маңызды кездесу қарсаңында "Үш арыстандардың” дайындығы күтпеген сипат алды. Англия құрамасының медициналық штабы ойыншыларға биік таулы аймақтың әсерін азайту үшін виаграны қолдануды ұсынды, деп хабарлайды Aladop.kz.
Биіктік факторы және Estadio Azteca қиындықтары
Алдағы кездесу Мехикодағы әйгілі "Ацтека” стадионында өтеді. Бұл спорт нысаны теңіз деңгейінен шамамен 2240 метр (7350 фут) биіктікте орналасқан. Мұндай биіктікте ауа қабаты жұқарып, оттегі деңгейі төмендейді. Бұл футболшылардың жоғары қарқынды доп тебуін қиындатып, қалпына келу процесін баяулатады және жалпы физикалық көрсеткіштеріне кері әсерін тигізеді.
Неліктен виагра таңдалды?
Әдетте эректильді дисфункцияны (ер адамның жыныс мүшесінің қатаюының бұзылуы) емдеу үшін қолданылатын бұл дәрі-дәрмек *қан тамырларын кеңейту қасиетіне ие.
Дәрігерлердің пікірінше, бұл қан айналымын жақсартып, оттегі аз ортада дененің бейімделуіне көмектеседі.
Маңыздысы, бұл әдіс ешқандай ережеге қайшы емес:
– WADA (Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік) бұл препаратты қолдануға тыйым салмаған.
– Ол жарыс кезінде де, одан тыс уақытта да рұқсат етілген.
– Зерттеулерге сәйкес, виагра қалыпты биіктікте ешқандай спорттық артықшылық бермейді, тек биік таулы аймақтарда оттегі жетіспеушілігінің физиологиялық зардаптарын азайту үшін қолданылады.
Мексика құрамасы өз алаңында өте мықты. Олар "Ацтека" стадионында өткізген соңғы 89 матчтың тек екеуінде ғана жеңілген. Сонымен қатар, турнир қожайындары биылғы Әлем чемпионатындағы төрт ойынын да жеңіспен аяқтап, 1/8 финалға сенімді түрде шығып отыр.
Англия құрамасы болса, өз кезегінде біршама қиындықтарды еңсеру арқылы осы кезеңге жетті. 1/32 финалда олар Конго ДР құрамасынан жеңіліп жатып, капитан Харри Кейннің соңғы минуттардағы дублінің арқасында 2-1 есебімен жеңісті жұлып алған болатын.