Тең ойынға риза болмайтын жағдайға жеттік

14.10.2011, 00:31
Тең ойынға риза болмайтын жағдайға жеттік
Биылғы жылдың ғана емес, осы іріктеу турнирінің де соңғы ойынын өткізген Қазақстан ұлттық құрамасы елорданың «Астана-Арена» стадионында Австрия құрамасымен тең түсті. Бірақ, шынын айтсақ, іштей қуанғанымызбен, 0:0 есебіне көпшіліктің көңілі толған жоқ. Бұл нені білдіреді? Бұрындары мұндай командадан бір гол айырмасымен ұтылсақ қуанатынбыз. Ал тең ойнасақ, бөркімізді аспанға ататын едік қой. Ал қазір ше? Таблода 0:0 есебі тіркелсе де, көпшілік: «қап, жеңуге мүмкіндігіміз болған еді» деп стадионнан өкініп қайтып жатты. Демек, жанкүйердің талғамы артып, талабы күшейді деген сөз. Бұл дегеніміз, ұлттық құрамамыздың да ойын деңгейі көтерілгендігін білдіреді. Яғни жыл басында Белоруссиямен болған ойында ойнай алатындығымызды көрсетіп, Әзірбайжанды жеңіп, Түркияны әбден састырған футболшыларымыз жанкүйерлерді әдемі ойынға үйретіп, сәтті матчтан үміттендіріп қойған. Сондықтан, міне, Австриямен тең ойнасақ та, жеңіске жетпегеніміз үшін ойыншыларды аздап сынағандар да болды. Бұл – әрине, жақсылықтың нышаны. Ал командамызды осындай деңгейге жеткізген чех маманы Мирослав Беранекке алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Турасын айтқанда, келесі іріктеу турнирінде де Қазақстан құрамасының тізгінін ұстаса қуанар едік. Сонымен, «Еуро – 2012» іріктеу турниріне нүкте қойған аталмыш матч туралы аз-кем айтып өтсек. Бір күн бұрын болған баспасөз мәслихатында бас бапкер бұл ойынға дейін Қонысбаевтың жарақатынан айығып қалатынын айтқан болатын. Белін ауыртып алған Ұланға дәрігерлер бұл жолы да алаңға шығуға рұқсат бермепті. Оның орнына Мирослав Беранек «Ордабасы» клубының ойыншысы Азат Нұрғалиевті алаңға шығарды. Сондай-ақ Бельгияда қақпамызды қорғаған Владимир Логиновский мен орталық қорғаушымыз Юрий Логвиненконың да аздап жарақаты бар болып шықты. Сөйтіп, алғашқысының орнына қақпамызды Андрей Сидельников күзетсе, орталық қорғаныста Мұхтар Мұхтаровқа «Астана» клубының ойыншысы Михаил Рожков серік болды. Шынын айтсақ, қақпада Андрейдің тұратынын естіп, аздап сескенгенбіз. Себебі Сидельниковтің бұған дейінгі ойындардағы өрескел қателіктері әлі көз алдымызда болатын. Қуанышымызға орай, бұл жолы «Ақтөбе» қақпашысының ойынынан бір мін таба алмадық. Өзіне бағытталған соққылардың барлығына тойтарыс берген Андрей қақпамызды біраз қауіпті сәттерден құтқарды. Ал Михаил Рожков алғашында аздап қобалжып, бір-екі рет өз орнын жоғалтып алса да, артынан алаңға үйренісіп, австриялық шабуылшыларды жібер­мейтіндей дәрежеге жетті. Сонымен қатар бұл жолы Марат Хайруллиннің де ойын өрнегі көз қуантты. Генрих Шмидтгальмен керемет түсінісіп, бір паспен-ақ бір-біріне допты тура жеткізіп отырғанын да жоғары бағаладық. Сергей Гридин ше? Көшеде «Гольф» секілді жеңіл көлікпен келе жатқанда артыңыздан соғып кетердей, пипілдетіп келе жатқан Land cruiser 200 мәшинесін көз алдыңызға елестетіңізші. Бұл жігіт сол Land cruiser секілді. Тек, шабуылды сәтті аяқтауды үйренсе болғаны. Олай дейтініміз, Гридинде бұл ойында гол соғатын екі керемет мүмкіндік болды. Екіншісін білесіздер, баспен ұрған добы қақпа маңдайшасынан кері серпілді. Ал бірінші мүмкіндігі екінші таймның басында туған еді. Шмидтгальден әдемі пас алған «тобылдық» сұрмерген допты қақпадан сәл қиыс жіберді. Әттең, сол кезде ашық тұрған Сергей Остапенкоға допты сырғыта салғанда, қазір көңіл күйіміз бұдан да көтеріңкі болар еді. – Рас, Остапқа пас асыра салуым керек еді. Ол гол соғуға өте ыңғайлы жерде тұрды. Алайда сол кезде оны көрмей қалдым. Ойым да басқа жақта болды. Гол соғам деп ойлағанмын, – деді Гридин матч соңында өкініштен өртенердей болып. Иә, сөйтіп, австриялықтардың шабуылдарына төтеп беріп, өздері де қарсылас қақпашысын сан мәрте кешірген қазақ футболшылары қонақтармен тең тарқасты. Бірақ сонда да Қазақстан құрамасының мықтылығын мойындағысы келмеген Австрия құрамасының бас бапкері міндетін атқарушы Вилли Руттенштайнер матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында, «Жасанды алаңда ойнағаны футболшыларыма біраз қиындық туғызды. Әйтпесе, жеңіс біздің қолымызда еді», – деп бөсті. Естеріңізге түсіріңіздерші, Австрия 7 қазанда түзде Әзірбайжанмен де жасанды алаңда ойнады емес пе?! Бірақ ол кезде 4:1 есебімен жеңген болатын. Сонда дейміз-ау, австриялықтарға жасанды алаңда ойнау сол кезде оңай болып, осы жолы табан астынан қиын бола қалып па?! Олай ақталғанша, мықтылығымызды мойындай салмай ма?! Жарайды, мойындамай-ақ қой­­сын. Бірақ ұлттық құрамамыздың ойын өрнегі тоғыз айдың ішінде шынымен-ақ түзеліп қалған секілді. Футболшыларымыз да алаңда бұрынғыдай сылбыр емес, ширақ. Намыс үшін тырысып жатқандары да көрінеді. Мәселен, қазір бұрынғы Остапенко мен бүгінгі Остапенконы салыстыра алмайсыз. Айырмашылығы жер мен көктей. Бұрын аяғы допқа әзер ілігетін Остап қазір шабуылдың шаңын шығарып жүр. Сонымен қатар Беранек бұрынғы ойыншылар мен жаңа футболшыларды да өзара үндестіре білді. Яғни Қонысбаев, Мұжықов, Нұрдәулетов, Мұхтаров, Шахметов, Кургулин, Логиновский, Цирин, ағайынды Евстигнеевтер мен Тәжімбетов сынды тарландарды қатарға қосып, бұ­рынғылардан да үздіктерді құрамаға алып қалды. Ойын өрнегіміз өз ерекшелігін тауып, соның арқасында, міне, тең ойынға да риза болмайтын жағдайға жеттік. Бұған біз қуанбасақ, өкінбейміз. Вилли РУТТЕНШТАЙНЕР, Австрия құрамасы бас бапкері міндетін атқарушы: – Қазақстан құрамасы екі таймда екі түрлі ойын өрнегін көрсетті. Үзілістен кейін ойын қиындай түсіп, ауа аздап тарылып қалғандай әсерде болғанымыз рас. Негізі, біз сіздерден екінші таймдағыдай ойын күткенбіз. Ең бастысы, екі ұжым да аянған жоқ. Мирослав БЕРАНЕК, Қазақстан құрамасының бас бапкері: – Бұл ойында жеңіп те, жеңіліп те қалуымыз мүмкін еді. Алайда таблода тең есеп тіркелді. Австриямен тең ойнағанымыз – осы уақытқа дейінгі еңбектің жемісі. Иә, менің жұмысыма баға беретін сіздер ғой. Мен өз тарапымнан Қазақстан құрамасының ойын өрнегі бұдан да тартымды болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. «Австрияның қапталдағы футболшылары сәт сайын бір-бірімен орын ауыстырып тұрды. Ал біздің жігіттер неге өз қапталында ғана ойқастады?», – деп сұрайсыздар. Айтайын, біздің қапталдағы ойыншылар да бір-бірімен орын алмастыра алады. Бірақ бүгін оны қалаған жоқпын. Өйткені Шмидтгаль сол жақта ешкімге дес бермейді. Ал егер алаңда Көкеев пен Қонысбаев ойнағанда, онда олар бір-бірімен орын ауыстыра берер еді. Тағы бір айтарым, дәл қазір өзімнің бұл қызметте қалу-қалмауым жөнінде сөз қозғағым келмейді. Қайрат НҰРДӘУЛЕТОВ, Қазақстан құрамасының капитаны: – Өздеріңіз де көрдіңіздер ғой, мүмкіндіктерімізді мүлт жібермегенде жеңер едік. Тең есеп те жаман емес. Дегенмен «іріктеу турнирі бітті екен» деп қол қусырып қарап отырмаймыз. Келесі іріктеу додасында ойынымызды бұдан да ұштай түсеміз. Осы жолы жіберген қателіктерді келесі жолы қайталамайтындай болуымыз керек. Генрих ШМИДТГАЛЬ, Қазақстан құрамасының ойыншысы: – Шын айтамын, Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсететінімді мақтан тұтамын. Ал ойын өрнегіміз жайлы айтар болсам, әр матч сайын жақсарып келе жатқан сияқтымыз. Қазақстан премьер-лигасын қайдам, ұлттық құрамамыздың ойыны, меніңше, Германия бундес-лигасы ойындарынан кем түспейді. «А» тобының басқа да ойындары: Түркия – Әзірбайжан – 1:0 Гол: Бурак Йылмаз, 60. Германия – Бельгия – 3:1 Голдар: Өзіл, 30. Шюррле, 33. Гомес, 48 – Феллани, 86. Қазақстан – Австрия – 0:0 Қазақстан: Сидельников, Киров, Мұхтаров, Рожков, Гурман (Евстигнеев, 77), Нұрдәулетов, Шмидтгаль, Хайруллин, Нұрғалиев (Мұжықов, 46), Гридин, Остапенко. Қосалқы құрамда: Цирин, Көкеев, Карпович, Шахметов, Хижниченко. Австрия: Грюнвальд, Драгович, Фухс, Иваншитц (Юнузович, 66), Арнаутович, Алаба, Даг, Предль, Шарнер, Куловиц (Кавлак, 74), Янко. Ескертулер: Гурман – 35, Остапенко – 86, Шмидтгаль – 90. Бас төреші: Ханнес Каасик (Эстония). Автор: Әзиз ЖҰМАДІЛ, Астанадан
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×