Иә, қазақтың футболына намыс жетпейді!..Еуропа клубтарындағы өңшең ығай мен сығай миллионер-футболшыларды тоқсан минут тоқтаусыз терлететін, ең алдымен, нағыз намыс.
Әлем халқының есі шығып, ерекше ынта қойып теледидар алдынан алыстамай қарайтыны Олимпиада ойындары екені рас. Ал, аяқдоп жанкүйерлерінің жанын күйдіріп, жүрегін шыжғыратын дода – футболдан Әлем және Еуропа чемпионаттарының орны айрықша.
Еліміздің футбол федерациясы УЕФА-ға (Еуропа футбол қауымдастығы) мүше болса да, өкінішке қарай, өткен жылғы Еуропа чемпионатын қазақ көрермені теледидардан ғана тамашалады. Еуропаның 16 мемлекетіне ғана тікелей қатысты біріншілікті жер-жаһанның түкпір-түкпіріндегі аяқдоп жанкүйері ішкен асын жерге қойып, айрықша ықыласпен көреді. Неге десеңіз, мойындауымыз керек, әлемнің ең үздік құрамаларының аса әйдік ойыншылары өнер көрсететін Еуропа футболы – ерекше ләззат сыйлайтын, көзіңді қуантып, жүрегіңді жібітетін бір тылсым, рахат дүние. Еуропа аяқдобында немістердің, ағылшындардың, испандықтардың шоқтығы қашанда биік. Мұның сыры: тиянақты жаттығулар мен күш-қуаттың молдығында ғана емес, меніңше, бұл елдерде футбол – көп спорттың түрлерінің бірі деңгейінен көтеріліп, кәдімгі кәсіпқой өнердің дәрежесіне жеткен.
Қазақтың айтысқа құмарлығы секілді, Чезаре Пранделли мен Висенте Дель Боскедей жаттықтырушылар, атақты композитор немесе атышулы жазушыдай бағаланып, халық оларды төбесіне көтереді. Ал, ойыншылар үлкен оркестрдің толыққанды мүшелеріндей бір-бірін толықтырып, бір-біріне рух беріп, сонымен қатар, әрқайсысы өзіндік мықтылығын, жеке шеберлігін көрсетуге тырысады. Криштиану Роналду қарсылас қорғаушылармен «мысық-тышқан ойынын» қалай керемет көрсетеді… Лионель Месси үшін гол соғудың 100 пайыз мүмкіндігінің – 3 пайызы-ақ жеткілікті. Адамның ойына келмейтін қым-қиғаш қимылдарымен, шалт шешім қабылдауымен, көз ілеспес жойқын жылдамдығымен тордың ішін тауып алады… Қызуқанды испандықтардың қысқа шеңбер, жылдам доп алмасуларына жасыл алаңда ешкім ілесе алмай, ілбіп ере береді. Италияндық жолбарыстар ешкімге тізгін ұстатпай, тізе бүктіреді. Еңсесі биік, еңгезердей голландықтар дамылсыз шабуылдап, есіңнен тандырады… Бұл не сиқыр? Бұл не жұмбақ? Ойынына адамзат тамсанған бұл ойыншылар адам ба, пері ме?.. Сөйтсек, біріншіден, тәлім-тәрбие қажет екен. Жеткіншек оң-солын тани бастаған сәттен-ақ баланың қабілет-қарымына қарап, дер кезінде танып, аяқтоп өнеріне баулуды бастау керек. Әрине, мың сиқырлы Моуринью мен футбол «пәлсапашысы» Фергюсонды қазақ топырағына тарту оңай болмас. Бірақ, қолда барды қанағат тұтып, жеткіншектің жігерін жанып, талабын ұштауымыз қажет. Қазақтың аяқдоп футбол менеджментін дамыту – басты мақсатымызға айналмай болмайды. Бәйге шауып, көкпар тартқан, балуан күрестіріп, жұдырықта жеңген қазақ аяқдопта кенжелеп қалмас. Қазақтың аяқдобына «ненің жетпейтіндігін» осыдан 20 жылдай жыл бұрын «Намыс» командасын құрған Несіп Жүнісбаев айтып қойған. Иә, қазақтың футболына намыс жетпейді!..Еуропа клубтарындағы өңшең ығай мен сығай миллионер-футболшыларды тоқсан минут тоқтаусыз терлететін, ең алдымен, нағыз намыс. Туған жұртына, өз еліне, төл командасына деген адалдық – мүжілмейтін, мұқалмайтын, мұқатқанға шыдатпайтын намысқа алып келеді.
Түріктермен тікетіресе алмай, тоңқалаң асқан қазақ аяқдопшылары кірерге тесік таппай, ұялудың орнына, көңіл көтеріп, көшеде серуендеп жүр. Тіпті, «Уэмблиде» жалғыз доп соққан Жамбыл Көкеевті қазақы дарақылықпен Мәжіліске депутат етіп сайлап жібере жаздадық. 2010 жылғы Әлем чемпионатындағы атышулы Бразилияға қан төгуден де тайсалмай, қарсы тұрған жігерлі жігіттерді елдің сенімін, отанның аманатын ақтамағаны үшін Солтүстік Кореяның саяси бюросы әкімшілік жазаға тартты. Аяқдоптағы әрбір жеңіліс, әрбір тізе бүгу – біздің ұлттың азабы мен қасіреті, мемлекеттің әлсіздігі мен «сүйегіне түскен таңба» деп түсінулері керек. Ұлттың намысы , мемлекеттің мүддесі, елдің абыройы деген осы. Аяқдоптың атжалман мамандарын ебін тауып, ретін келтіріп, қазақ топырағына тартып, футбол алаңдарын санамалап көбейтіп, (Мысалы, «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы сияқты) әлемдік деңгейдегі мықты спортшыларды алдыруымыз керек. Мұның өзі қисапсыз шығын. Бірақ, шығыссыз – кіріс болмайды. Футбол – әрі саясат, әрі бизнес. Мысалы, олимпиада өткізу барысына әлемнің барлық мемлекеттерінің басшылары қатысады. Өкінішке қарай, бүгінге дейін мұнайдан немесе басқадан ұрлап-жырлап баюды көрген қазақтың баласының, қарны тоқ болуы үшін адал жол, таза тірлікпен де нан тауып қана қоймай, бақуатты болуға көзін жеткізу ләзім.
Футбол – ойын десек те, оны бай-бағлан бола алатын өнердің дәрежесіне көтеруіміз керек. Жасыл алаңда жанын салып, барын көрсеткен ойыншының үздік болатындығына сенім қажет. Қазақ елінде арнайы «Футбол» телеарнасы ашылса, керемет болар еді!.. Меніңше, ұлттық мемлекетте – таза ұлттық құрама қалыптаспай, мұзтау ерімейді. Рас, Франция аяқдобын алға сүйреген француздар емес, Анри, Зидан, Насри сияқты кілең арабтар. «Жеңіс үшін бізге кім болса да бәрібір» дейтін паң пиғыл, тар өрістен арылуға тиіспіз. Мұның зардабы ұзақ жылдарға кетеді. Өйткені, ұлттық өрендеріміз – қазақтың балалары, яғни, намысты кадрларымыздың орнын басқалар басып, өзіміз өспей қаламыз. Еңбексіз табыс, жеңіл айлыққа шебер ойын көрсетілмейді. Сондай-ақ, нағыз намыс болса, жақсы жағдай жасалса, жампоз жаттықтырушы үйретсе – Мессидің, мысалы, қазақтың қара баласы Мейірбектен еш артықтығы жоқ!..
Құлтас ДОСТАН,
"Дала мен Қала" газеті