Теңбіл допты қақырата тебетін қандастарымыз неге аз?

12.04.2012, 05:25
Теңбіл допты қақырата тебетін қандастарымыз неге аз?
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Төрт тур бойы қарсылас шақ келтірмеген «Тараз» бесінші турда сүрінді. Талдықорғанға қонаққа барған Любко Петрович шәкірттері алаң қожайындарынан жеңіліп қалды. Енді премьер-лигада жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген екі-ақ команда қалды. Дегенмен «Тараз» – бәрібір көш басында. Талдықорғандағы ойында алаң қо­жайын­дары жеңіске жетті демесеңіз, жал­пы 5-тур қонақтардың үстемдігімен ерекшеленді. Мәселен, Алматыда «Сұң­қар» өз алаңында «Қайраттан» жеңілді. «Оқжетпес» Көкшетауда «Тобылдан» ұтылды. Қызылордада «Қайсар» «Ақ­жайық­тың» алдында тізе бүкті. Сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Астанада өткен ойын­дарда да қонақтар жеңіске жақын болды. Жалпы, 5-турда алаң иелерінің еншісіне 6 ұпай жазылып, қонақтар 12 ұпай иеленген екен. Дегенмен бүгінгі тақырыбымызда тағы да премьер-лигада гол соғатын қандастарымыздың аздығы жайлы жазуды жөн көріп отырмыз. Бес тур өтті. 34 ойын ойналды. Барлығы 92 гол соғылды. Соның қаншасы қандас­тарымыздың еншісіне тиді дейсіздер ғой? Қазақ жігіттері бар болғаны 11 -ақ гол соға алыпты. Атап айтсақ, Азат Нұрғалиев пен Таңат Нөсербаев екі голдан соққан. Ілияс Әмірсейітов, Дәуренбек Тәжімбетов, Думан Нәрзілдаев, Серікжан Мұжықов, Мақсат Байжанов және Бауыржан Ислам­хан сынды қандастарымыз бір-бір голдың авторы атанса, Қайрат Нұрдәулетов өз голын пенальтиден соғыпты. Міне, 5-турда гол соққан қазақ жігіттері – осылар ғана. Ал қалған 81 голдың 53-і легионер­лердің ен­шісіне жазылса, премьер-лигадағы Қа­зақстан азаматтығы бар өзге ұлт өкілдері 34 ойында 27 гол соққан. Бір гол автогол есе­бінде тіркелген. Бірақ бұл жерде мына нәрсені де ескерген жөн. Ел біріншілігінде әлі де болса қазақтардың саны аз. Мәселен, «Атырау» сапында бес тур бойы бір ғана қандасымыз ойнаған. Оның өзі – жартылай қорғаушы Санат Шәлекенов. Ал «Ертіс» құрамында қазақ футболшысы Тимур Байжанов алаңға 5-турдың 71-минутында ғана шық­ты. «Ақжайықтың» сапында бес ойында екі қазақ ойнаған. Алайда екеуі де – қорғау­шы. Рас, бір мезетте алаңға бірден төрт-бес қазақ ойыншысын бір-ақ шығаратын «Тараз», «Ордабасы», «Сұңқар» секілді клубтар да бар. Дегенмен олардың өзінде барлық қандасымыз алаңда 90 минут бойы ойнап жүрген жоқ. Жалпы, биылғы біріншілікте маусым басынан бері алаңға 61 қазақ футболшысы шығып үлгеріпті. Қалай ақтасақ та, 61 ойыншының жабылып жүріп, небәрі 11-ақ гол соғуы көңіл көн­шітпейді. Әлбетте, біз бұл жерде қазақ жігіттерін тұқыртуды мақсат көріп отырған жоқпыз. Керісінше, жігіттерімізді «қамшылайық», желпіндірейік деген мақсатты ұстандық. Ендеше, алдағы турларда Тәжімбетов, Бөлешев, Қонысбаев бастаған саңлақ­тарымыз гол соғу жөнінен легионерлерді артқа тастайды деп үміттенеміз.

   
5-тур қорытындысы: «Сұңқар» (Қаскелең) – «Қайрат» (Алматы) — 0:2 Голдар: Стаюрт Дафф, 28. Кнежевич, 84. «Астана» – «Ертіс» (Кереку) — 2:2 Голдар: Нөсербаев, 79. Рожков, 89 — Юрин, 12. Юрин, 74. «Ақтөбе» – «Ордабасы» (Шымкент) — 0:0 «Қайсар» (Қызылорда) – «Ақжайық» (Орал) — 1:2 Голдар: Сытник, 1:0 – Семлер, 71. Семлер, 87. «Оқжетпес» (Көкшетау) – «Шахтер» (Қарағанды) — 0:2 Голдар: Арсенджевич, 65. Финонченко, 90. «Жетісу» (Талдықорған) – «Тараз» — 2:0 Голдар: Юнузович, 46. Юнузович, 65. «Атырау» – «Тобыл» (Қостанай) – 1:1 Голдар: Джонатас, 34 – Жолшиев, 89.
Автор: Әзиз ЖҰМАДІЛ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×