Қазақстан футболы тарихында өзіндік орны бар елордалық "Астана" командасының бапкерлік құрамы ауысты. Стоилов кеткелі бапкерге жарымаған пентакампеондар аз уақыттың ішінде төрт бапкер ауыстырып үлгерді. Төртіншісі – Қазақстан біріншілігінде бір кездері атой салған ресейлік маман Андрей Тихонов. Басшылық осы бапкерге сенім артып отыр.
Құрылғанына көп уақыт өтпесе де, бұл ұжымның ішкі чемпионаттан бөлек, Еурокубоктың додаларында да тамаша өнер көрсеткенін біледі жұрт. Сондықтан «Астанадағы» кезекті ауыс-түйіс жанкүйерлерді былай қойып, мамандардың өзін де таңғалдырды. Көпшілігі бұл қадамды кезекті эксперименттердің бірі деген пікірде.
50 жастағы ресейлік маман футбол жанкүйерлері арасында «Спартак» және Ресей құрамасы сапында көрсеткен өнерімен танымал. Ол «ақ-қызылдар» сапында 8 рет Ресей чемпионы атанды. Тихоновтың мансабында мәскеулік клубтан кейін «Крылья Советов», «Химки», «Маккаби Тель-Авив» (Израиль) және «Локомотив» (Астана) клубтары болды. Ойыншы ретіндегі мансабын аяқтағаннан кейін «Спартак» (Мәскеу), «Спарта» (Щелково), «Краснодар», «Енисей» және «Крылья Советов» клубтарында қызмет атқарды.
Ресейлік спорт сарапшылары Тихоновтың жұмсақ мінезді бапкер екенін айтуда. Қазіргі «Астанаға» Станимир Стойлов сияқты өте қатал, талапшыл бапкер қажет екенін, тіпті чех маманы Михал Билектің өзі де бұл ұжымды жаттықтыра алмағанын мысалға келтірді. Алайда Match TV комментаторы Александр Шмурнов бұл ауысымның «Астана» тарапынан жасалған жақсы қадам екеніне сенімді.
– Тихоновтың елордалық ұжымды жаттықтыруға тәжірибесі жеткілікті деген ойдамын. Андрейдің мінезі жұмсақ. Сондықтан шығар, ол осыған дейін көбінесе бас бапкердің көмекшісі болып жұмыс істеді. Футбол тұрғысынан оның өзіндік идеялары, алған тәжірибесі бар екені анық. Сондықтан мен оған сенемін, - дейді ресейлік маман.
Ал Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы ойыншысы Евгений Ловчев бұл тағайындау Тихоновқа берілген үлкен мүмкіндік екенін айтады.
– «Астананың» құрамы қазіргі кезде тәжірибелі футболшылармен жасақталған. Көпшілігі орта жастағы ойыншылар және отыздан асқан он футболшысы бар. Бұл жастағы футболшылар команданың тактикасына, жаттығу барысына, жаттықтырушының өзіне наразы бола бастайды. Команданың қазіргі құрамы біраз жетістіктерге жеткен ойыншылар. Сондықтан «Астанаға» жаңа, жас футболшылар қажет. Бір сөзбен айтқанда, жеңіске жеткісі келетін «аш ойыншылар» керек. Олар клубты жетістікке жетелей алады. Тихонов командаға серпіліс әкеліп, «Қайратпен» чемпиондыққа таласа ала ма? Ол жағын уақыт көрсетеді. Әлі де мүмкіндік бар секілді. Мен «Қайраттың» алдағы ойындарда ұпай жоғалтатынына сенемін, – дейді Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы ойыншысы.
«Астананы» жаттықтырған бапкерлердің қай-қайсысы да халықтың сын садағына ілінді. Өйткені ешбірі Стоилов секілді команданы жетістікке жеткізе алмады. Болгариялық бапкермен бірге жұмыс істеген Бабаянға да клуб басшылығы сенім артпады. Қысқа уақытта еуропалық клуб деңгейіне көтерілген «Астана» алдына үлкен мақсат қоя алатын команда екені сөзсіз. «Үздіксіз даму үшін үлкен өзгерісті қалаған ұжым тізгінін Билекке сеніп тапсырған кезде үлкен қателікке бой алдырғанын сезген де жоқ. Расымен де, чех маманы еліміздегі үздік клубпен жетістіктерге жете алмады. Қайта команда ішкі біріншілікте көп ұпай жоғалтты. Білікті деген бапкер «Астананы» өрге сүйрей алмады. "Астанадан" кетіп, Ұлттық құраманы жаттықтыруға бел буған чех маманына қатысты кейінгі кездесулерден соң көптеген сын айтылуда. Ұлттар лигасындағы ойындарда деңгейлес құрамалардан ұпай ала алмаған Билек алдағы кездесулерде жеңіске жете алмаса, жылы орнын босатуы әбден мүмкін.
– Билек кетісімен бас бапкерсіз қалған пентакампеондар уақытша бапкерлік тізгінді Пол Эшуортқа табыстаған. Ол да Михалдың жіберген қателігін түзете алмай пұшайман болды. Керісінше, команда чемпионаттағы аутсайдер командаларға жеңіліп, ұзақ жылғы абыройынан айырылды. Осыдан соң тараптардың келісімі бойынша «Астана» футбол клубының атқарушы директоры Пол Эшуортпен еңбек келісімшартын тоқтату туралы шешім қабылданды. Тихонов та анау айтқандай мықты маман емес. Бәзбіреулердің оны көкке көтеріп жатқанын да көріп отырмыз. Дегенмен Андрейдің менеджерлік қабілеті төмен. Бапкерге қажетті ішкі түйсік, интеллект, психологияны жетік меңгеру, Андрейде бұлардың бірі де жоқ. «Астананың» психологиялық жағдайы да аса мәз емес. Жылда ойнайтын еурокубок жоқ, ішкі чемпионатта да жарытып ойнай алмай жүр. Демек, ойыншылардың рухы сынған, көңілдері пәс. Ондай командамен Тихонов алысқа бара алмайды, – дейді спорт журналисі Мадияр Қазыбек.
Нұрсұлтандық клубтың басты қарсыласы алматылық «Қайрат» биыл қайтсе де чемпион болуды көздеп отыр. Карантиндегі түрлі жағдайлар, өзгерістер Шпилевскийдің командасына оң әсерін тигізді. «Бұл да Тихоновтың басты проблемасы», – дейді спорт мамандары. Бір сөзбен айтқанда, Тихонов «Астанаға» өте қиын кезеңде бапкер болып келді. Енді оның кризис-менеджер болатын қасиеті бар ма, жоқ па, оны алдағы уақытта білетін боламыз.
Абылайхан Жұмаш
Біздің серіктес: FONBET