Тимурға темір тұлпар мінгізді

13.05.2011, 17:10
Тимурға темір тұлпар мінгізді

Алматының «Орталық» стадионында қазақ футболының тарланы, адуынды шабуылшы Тимур Сегізбаевтың 70-жылдық мерейтойына байланысты «Ұрпақтар үндестігі» атты ардагерлер арасында футбол матчы болып өтті.

Кездесу басталмас бұрын Тимур Сегізбаевты құттықтауға келген біршама азаматтар сөз алды. Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков УЕФА президенті Мишель Платини мен ФИФА президенті Иозеф Блаттердің құттықтау хаттарын оқыды. Сондай-ақ, Қазақстан футбол федерациясының атынан 4 млн. теңге көлемінде сыйақы берді. Іле-шала қазақтың маңдайына біткен батыр ұлы, Олимпиада чемпионы, боксшы Серік Қонақбаев жеке өз атынан Тимурға темір тұлпар мінгізді.

Алғашқы допты ойынға қосқан Тимур Сегізбаев келген барша қонақтарға алғысын білдірді. «Егер сен толығымен ойынға берілмесең, стадион бос болады» ­­- деген қанатты сөз айтып алаңға шыққандарды бір желпінтті Сегізбаев.

«Қайрат» деген атпен шыққан екі буынның ойыншылары өте тартысты кездесу өткізді. Алма-кезек бір-біріне гол соққан ардагерлер нәтижесінде 5:5 есебімен тең тарқасты. Волгин, Нидергаус, Мазманьян секілді «Қайраттың» әр кездері намысын қорғаған ардагерлер стадионға келген жанкүйерлер алдында гол соғып жатты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×