«БАРСЕЛОНА», «БОРУССИЯ» ЖӘНЕ БАСҚАЛАР...

13.05.2011, 17:50
«БАРСЕЛОНА», «БОРУССИЯ» ЖӘНЕ БАСҚАЛАР...
Футболдан Еуропаның Чемпиондар лигасының финалдық кезеңiне шыққан Испанияның “Барселонасы” испан премьер-лигасында топ жарды. Хосеп Гвардиола жаттықтыратын каталониялықтар сәрсенбi күнi сырт алаңда “Левантемен” 1:1 есебiмен тең ойнады. Осылайша, испан премьер-лигасының аяқталуына екi тур қалғанда “Барселона” футболшылары Мадридтiң “Реалынан” алты ұпайға озып шықты. Егер қалған екi турдың ойынында “Барселона” футболшылары жеңiлiп, ал “Реал” футболшылары керiсiнше екi ойында жеңiске жетiп жатса да, “Барселона” футболшылары өз атақтарын бермейтiнi сөзсiз. Өйткенi екi команданың арасындағы жекелей кездесуде “Барселонаның” бағы жанған. Лионель Месси бастаған жiгiттер премьер-лиганың алғашқы айналымында “Реал” клубын қабылдап, 5:0 есебiмен жеңген. Мадридте өткен екiншi айналымның ойынында командалар 1:1 есебiмен тең ойнаған-ды. Еуропада iшкi бiрiншiлiгiнiң деңгейi жағынан басқалардан жоғары тұрған төрт ел болса, соның бiрi осы Испанияның премьер-лигасы. Англияның премьер-лигасы мен Италияның А сериясын және Германияның бундеслигасын да осы үздiк төрттiктiң қатарына қосуға болады. Өткен аптаның соңында Италияның А сериясының да жеңiмпазы анықталды. Сырт алаңда “Рома” футболшыларымен 0:0 есебiмен тең ойнаған “Милан” футболшылары өз тарихында он сегiзiншi рет Италия чемпионы атанды. Дортмундтың “Боруссия” футбол клубы да Германия чемпионы деген атаққа қол жеткiздi. Ертең немiс бундеслигасының соңғы туры өтедi. “Боруссия” футболшылары аламан бәйгенiң аяқталуына екi тур қалғанда өз тарихында жетiншi рет Германия чемпионы атанды. Чемпиондар лигасының финалында өнер көрсететiн “Манчестер Юнайтед” клубын да Англияның чемпионы десек жарасады. Өткен аптада өзiнiң басты қарсыласы “Челсидi” 2:1 есебiмен жеңген “Манчестер Юнайтед” “ақсүйектерден” алты ұпайға алға озды. Жас Алаш
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Келесі жаңалық
Серіктес жаңалықтары
×