«Тобыл» қайта «таси» ма?

19.01.2012, 19:28
«Тобыл» қайта «таси» ма?
«Тобыл» – 2002 жылдан бері Қазақстан чемпионатының азулы клубтарының бірі болған, көпшілікке танымал команда. 2002-2008 жылдар аралығындағы ел біріншілі­гінде жүлдесіз қалып көрмеген. Осы уақыт аралығындағы жеті маусымда төрт рет күміс жүлдегер атанып, үш рет қола медаль иеленген болатын. Тек 2009 жылы жүлдеге бір табан жетпей, төртінші орынды қанағат тұтты. «Тобылдың» осы жылдардағы жоғары жетістіктерін Владимир Муханов пен Дмитрий Огай сынды білікті бапкерлердің ерен еңбектерімен ұштастыруға болады. 2003 және 2007 жылдары «Тобыл» УЕФА-ның Интертото кубогында ойран салып, Еуропаға да танылды. 2003 жылы Интертото кубогының екі сатысынан өтіп, үшіншісінде сүрінген болатын. Ал 2007 жылы Интертото кубогының үш сатысынан да өтіп, 2007-2008 жылдар маусымындағы УЕФА кубогының екінші іріктеу кезеңінде бақ сынау құқығына ие болды. 2007 жылы Қазақстан кубогын жеңіп алды. Ал 2009 жылы, жоғарыда жазғанымыздай, төртінші орынмен шектелді. Бұл соңғы сегіз жылдағы ең төменгі көрсеткіш болғандықтан, осы жылдың аяғында Дмитрий Огай орнынан кетті. 2009 жылдың желтоқсанында команданың бас бапкері болып Ресей маманы Равиль Сабитов тағайындалды. 2010 жыл Сабитов үшін де, Қостанай жанкүйерлері үшін де өте сәтті болып, «Тобыл» Қазақстан чемпионы атанды. Неше жыл бағы жанбай, алтынға қолы жетпей жүрген «Тобылдың» асығы алшысынан түсіп, айдарынан жел есті. Бірақ маусым соңында команданың ішінде алауыздық бар екені байқалып қалды. Жергілікті футболшылар мен бас бапкер арасында ма, жоқ әлде өз жігіттеріміз бен легионерлер арасында ма – белгісіз. Бұл жөнінде команда басшылары да, бапкерлер де, тіпті ойыншылар да тіс жарып ештеңе айтпады. Команданың ішкі былығын ешкім де сыртқа шығармады. Осылай маусым аяқталды, «Тобыл» чемпион болды. Бірақ маусым аяқталысымен команданың белді ойыншылары басқа клубтарға кете бастады. Бас бапкер Равиль Сабитовтің «олар бір жерде көп отырып қалды, енді олардың бұдан жоғары деңгейдегі ойын үлгісін көрсетулері мүмкін емес» деген сарындағы сөздері көпшілікті таңғалдырды. Сөйтіп, Қостанай жанкүйерлерінің сүйікті ойыншысы болған команда капитаны Нұрбол Жұмасқалиев Астанаға кетуге мәжбүр болды. Сондай-ақ Азат Нұрғалиев, Фархадбек Ирисметов, Данияр Мұқанов, Улугбек Бакаев, Мұрат Сүймағанбетов, Андрей Харабара секілді команданың белді ойыншылары да басқа клубтарға ауысты. Равиль Сабитов команда құрамын басқа ойыншылармен толықтырып, клубты жаңадан жасақтай бастады. Олардың арасында Ресей премьер-лигасында шыңдалған Виталий Волков және Штепан Кучера, Ненад Шливич, Самир Бекрич сынды тәжірибелі легионерлер бар еді. Сонымен қатар Қазақстан чемпионатында ысылған Александр Кислицын, Сергей Костюк, Анатолий Богданов, Алексей Данаев, Евгений Овшинов секілді танымал ойыншылар «Тобылдың» жейдесін киді. Дәл сол кезде бірінші топтан келген Сергей Гридинге көп ешкім көңіл аудара қойған жоқ-тын... 2011 жыл «Тобыл» үшін өте сәтсіз өтті. Әуелі Санкт-Петербургта өткен Достастық кубогында ел намысын абыроймен қорғай алмады. Одан соң ел чемпионатында да сүреңсіз ойындарымен жанкүйерлерін мезі қылды. Сабитовтің «сәл шыдаңыздар, командадағы жігіттер әлі-ақ көсіле шабады» деген сөздерінің де бағасы кете бастады. Өйткені «Тобыл» төмен қарай сырғи берді, сырғи берді. Ақыры облыс әкімі оны орнынан алды. Көп ұзамай бас бапкерлік қызметке Сергей Петренко тағайындалды. Алайда аталмыш ресейлік маман да «Тобылды» түлете алмады. Қостанайлық клуб ала-құла ойынымен үздік алтылыққа да ілікпей қалды. Тіпті осалдау командалар арасындағы екінші алтылықта да көңілге қонымды ойын өрнегін көрсете алмады. Ақыры сенім үде­сінен шыға алмаған Петренко да орнынан алынып тынды. Биылғы маусымның соңында команда тізгіні уақытша Александр Беляковке ұстатылды. «Тобыл» 2011 жылы тек Қазақстан кубогы додасының финалына дейін жеткенін көңілге медеу тұта алады. Ал ел чемпионатында 7-орынға табан тіреді. Маусым аяқтала салысымен команда басшылығы келесі жылдың қамын ойлап, білікті бас бапкер іздеуге кірісті. Ақыры олар Украина маманы Вячеслав Грозныйға тоқталып, білікті бапкерге команда тізгінін сеніп тапсырды. Ол – Ресейде, Болгарияда және Украинада тәжірибе жинақтаған сыралғы маман. Енді «Тобыл» сапындағы футболшылардың қабілеттері мен мүмкіндіктерін жүзеге асыруға тырысады. «Тобыл» жанкүйерлері үшін енді бір жағымды жаңалық: команда сапына Қостанай клубының жарық жұлдызы болып саналатын Нұрбол Жұмасқалиев қайта оралды. Қазақстан жастар құрамасының бетке ұстар ойыншыларының біріне айналған Бауыржан Жолшиевтің де жарқырап көзге түсер шақтары әлі алда секілді. Бұларға жыл өткен сайын жетіліп келе жатқан, қостанайлықтардың көзайымына айналған Ермек Қуантаевты қосыңыз. «Тобылдың» топсасы берік қақпашыларының да өз шеберліктерін әлі паш етіп болмағаны анық. Қорғанысына 34 жастағы Черногория құрамасының тасқамал қорғаушысы Радослав Батак алынды. Біраз елде, бірнеше азулы клубта тәжірибе жинақтаған ойыншы. Ол ол ма, «Тобыл» жақында Ресейдің үш дүркін, Болгарияның екі дүркін, Қазақстанның үш дүркін чемпионы Константин Головскоймен келісімшартқа отырды. 37 жастағы жартылай қорғаушы «Тобылдың» жаңа бапкері Вячеслав Грозныймен кезінде Мәскеудің «Спартагында» (дүрілдеп тұрған дәуірінде) бірге жұмыс істеген. Команданың құрамы қазірдің өзінде жаман емес. Әлі де құрамын нығайта түсері сөзсіз. Өйткені В.Грозный Түркияда өтіп жатқан оқу-жаттығу жиынында бірнеше тәжірибелі ойыншыны сынақтан өткізуде. Ендеше, «Тобылдың» тасы әлі өрге домалар. Яғни «Тобылдың» қайта «тасуы» да мүмкін... Автор: Нұрғазы САСАЕВ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×