«Тобыл» тоқтап, «Жетiсу» жарап тұр

11.05.2011, 17:28
«Тобыл» тоқтап, «Жетiсу» жарап тұр
Өткен аптада футболдан Қазақстан премьер-лигасына қатысып жатқан командалар 10-тур ойындарын өткiздi. 10-турдың нәтижелерi: “Жетiсу” (Талдықорған) – “Тобыл” (Қостанай) – 4:1 (Бақаев, 20-минутта, Щеткин, 33-минутта, Сариев, 80-минутта, Остапенко, 87-минутта – Гридин, 57-минутта); “Ақтөбе” (Ақтөбе) – “Қайрат” (Алматы) – 3:0 (Мане, 21, 29, 39-минутта); “Шахтер” (Қарағанды) – “Восток” (Алматы) – 2:0 (Көкеев, 63-минутта, пенальтиден, Хижниченко, 85-минутта); “Ордабасы” (Шымкент) – “Атырау” (Атырау) – 1:1 (Трайкович, 30-минутта – Бечан, 17-минутта); “Тараз” (Тараз) – “Қайсар” (Қызылорда) – 1:0 (Иованович, 1-минутта); “Локомотив” (Астана) – “Ертiс” (Павлодар) – 0:0. 10-турда “Локомотив” пен “Ертiс” футболшыларының арасындағы тең ойынды тиiмдi пайдаланған Талдықорғаннның “Жетiсуы” Қостанайдың “Тобылын” 4:1 есебiмен жеңiп, топ басына шықты. Астаналық футболшылармен бiрдей ұпай жинаған “Жетiсу” доп айырмасы бойынша бiрiншi орында тұр. Серiк Әбдуәлиев баптайтын Талдықорғанның “Жетiсуы” елiмiздiң былтырғы жылғы чемпионы “Тобылды” тас-талқан етiп ұтады деп кiм ойлаған?! Ойынның 20-минутында Ұлықбек Бақаев өзiнiң бұрынғы командасының қақпасына бiрiншi болып доп соқты. Артынша Алексей Щеткин Ұлықбек Бақаевтан әдемi пас алып, есептi онан әрi еселедi: 2:0. Равиль Сабитовтың шәкiрт­терi ойынның екiншi кезеңiнде есеп айырмасын қысқартқан-ды. Алайда алаң иелерi ойын соңына дейiн тағы екi доп соғып, қорытынды нәтиженi белгiледi: 4:1. Елiмiздiң төрт дүркiн чемпионы “Ақтөбе” командасының шабуылшысы сенегалдық Малик Мане Қазақстан премьер-лигасындағы алғашқы хэт-триктiң авторы атанды. Алматының “Қайратын” қабылдаған “Ақтөбе” футболшылары 3:0 есебiмен жеңiске жеттi. Үш допты да Малик Мане ойынның алғашқы кезеңiнде соқты. 10-турдың қорытындысы бойынша “Жетiсу” мен “Локомотив” футболшылары 21 ұпаймен көш басында тұр. Бұлардан кейiнгi орынға “Шахтер” мен “Ақтөбе” футболшылары орналасқан. “Шахтер” бұл турда ұпай жоғалтқан жоқ. Өскеменнiң “Востогын” 2:0 есебiмен жеңдi. Дерек пен дәйек Қазақстан футбол қауымдастығының таратқан мәлiметi бойынша, 10-тур ойындары кезiнде стадионға 24 500 жанкүйер жиналған. Бұл көрсеткiш өткен 9-турмен салыстырғанда 2500 жанкүйерге көп. Ең көп жанкүйер “Шахтер” мен “Восток” командалары арасындағы ойынға жиналды – 9000 жанкүйер. Талдықорғанның “Жетiсуы” қанша жерден көш бастап келе жатса да, “Жетiсудың” жанкүйерлерiнiң ойынды тамашалау белсендiлiгi төмен. Мәселен, 10-турда ең аз жанкүйер нақ осы “Жетiсудың” ойынына жиналды – 2000 жанкүйер. Бұл турда төрешiлер 18 футболшыға ескерту бердi. Бiр футболшыны алаңнан қуды. “Ордабасы” мен “Атырау” кездесуiнiң 17-минутында есеп ашқан атыраулық Винанд Бечан екiншi таймда екiншi ескерту алып, алаңнан кеттi. 10-турда барлығы 13 гол соғылды. Бұл жолы доп соғу жағынан алаң иелерi белсендiлiк танытты – 11. Қонақтардың еншiсiнде – 2 доп. Биылғы Қазақстан премьер-лигасындағы алғашқы хэт-триктiң авторы атанған “ақтөбелiк” шабуылшы Малик Моне Серiкжан Мұжықов (“Жетiсу”), Таңат Нөсербаев (“Локомотив”), Дәуренбек Тәжiмбетов (“Ордабасы”) және Анатолий Дорош (“Ертiс”) сынды футболшыларды ығыстырып, мергендер көшiнiң екiншi сатысына көтерiлдi. Сенегалдық легионердiң қоржынында бес гол бар. Мергендер көшiнiң тiзiмi 10-турдан кейiн былай түзiлдi: 1. Марат Хайруллин (“Ақтөбе”) – 6 доп; 2. Малик Мане (“Ақтөбе”) – 5 доп; 3-8. Серiкжан Мұжықов (“Жетiсу”), Таңат Нөсербаев (“Локомотив”), Дәуренбек Тәжiмбетов (“Ордабасы”), Анатолий Дорош (“Ертiс”), “Сергей Гридин (“Тобыл”), Ұлықбек Бақаев (“Жетiсу”) – 4 доп. “Жетiсудың” шабуылшысы Ұлықбек Бақаев Қазақстан премьер-лигасындағы соққан голдарының санын 75-ке жеткiздi. Қазақстан премьер-лигасының 11-тур ойындары 15 мамыр күнi өтедi. Онда мына командалар кездеседi: “Тобыл” – “Локомотив”, “Ертiс” – “Ордабасы”, “Қайсар” – “Ақтөбе”, “Қайрат” – “Шахтер”, “Атырау” – “Тараз”, “Восток” – “Жетiсу”.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×