«Тобыл» Венгрияда Қазақстан құрамасының нәтижесін қайталай ала ма?

Станимир Стоиловтың кезінде Қазақстан құрамасы сырт алаңда Венгрияны ұтқан еді.
«Тобыл» Венгрияда Қазақстан құрамасының нәтижесін қайталай ала ма?

Ертең «Тобыл» Чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде «Ференцварошпен» жауапты матчын өткізеді. Қос команда арасындағы алғашқы ойында гол көре алмаған едік. Фаворит саналған венгриялық ұжым керемет ойнай алған жоқ. Көп жасамаса да, қауіпті соққыларын Александр Мокин қайтара білді. Бірақ алғашқы ресми ойыны болғандықтан, шабуыл шебіндегі ойыншылары бір-бірін түсінбей жатты. «Шерифте» атой салған Адама Траорені де көп байқай қоймадық. 

Ал «Тобыл» өз алаңында еш қаймықпай, шабуылға шабуылмен жауап беріп отырды. Бриджиду мен Тошич өздерінің деңгейлерін көрсете білді. Бірақ шабуылды түйіндейтін форвард болмады. Айбар Жақсылықов ойынға ене алмағандай көрінді, Игорь Сергеев тең матч соңында алаңға шықты. Ал Серж Деблеге Миланович баспасөз мәслихатында айтқандай, бұл матчта мүмкіндік бермеді. Қостанайлық клубтағы дебютін жасаған Мильян Вукадиновичтің де командаға әлі сіңісе алмағанын байқадық. Ойындағы ең қауіпті сәттердің бірі ретінде Асхат Тағыбергеннің алыстан бағыттаған жойқын соққысын айтуға болады. 

«Ойынға келсек, гол соқпағанымыз өкінішті. Бізде көптеген мүмкіндік болды. Әсіресе бірінші таймда 20-25 минут бойы басымдық біздің жақта еді. Екінші таймды да жақсы бастадық. Ойынның соңында да гол соғатын бірнеше мүмкіндік болды. 

Қарсыласымыздың әлеуеті өте мықты. Олардың өзіндік ойнау стилі бар. Біз бүгін бір тайм ғана ойнадық дер едім, екінші тайм Будапештте өтеді. Қонақтағы ойында оларға алаң ортасынан шабуыл ұйымдастыруға жол бермеу керек. Енді бұл кездесуді жақсылап саралап, алдағы матчқа дайындалуымыз қажет», - деді Миланович матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында. 

Жауапты ойында «Ференцвароштың» бас бапкері Станислав Черчесов алғашқы ойынға алып келмей, Венгрияда қалған футболшыларын пайдаланбақ. Олардың қатарында украиналық шабуылшы Александр Зубков пен Босния және Герцеговина құрамасының белді ойыншысы Мұхаммед Бешич бар. 

«Тобыл» ойыншылары да Венгрияға сергек болып барды. Өйткені алтыншы шілдеден бері Миланович шәкірттері бірде-бір матч өткізбей, бар назарын тек жаттығу жұиыстарына аударды. Қазақстан кубогінде «Таразға» қарсы өткен ойынға Олег Лотов баптайтын «Тобылдың» жастар командасы барып, 6:1 есебімен ұтылып қайтты. Дегенмен, жанкүйерлер бұл есепті дұрыс жағынан қабылдап, қостанайлық клубқа «Ференцварошпен» болатын ойында сәттілік тіледі. 

Қос команда арасындағы жауапты ойын Будапешт қаласындағы «Групама Аренада» өтеді. 2014 жылы соғылған бұл стадионның сыйымдылығы 22000 адамды құрайды. Құрылыс жұмыстарына 40 миллион еуро жұмсалған екен. Венгрия құрамасы да өз алаңындағы матчтарын осы жерде өткізеді. 

Бұл стадион біз үшін жат емес. 2018 жылы Қазақстан құрамасы дәл осы жерде Венгриямен жолдастық матч өткізген еді. Станимир Стоиловтың дебюттік матчында ұлттық құрамамыз 3:2 есебімен жеңіске жетті. Команда сапында Роман Мұртазаев, Бақтиер Зайнутдинов және Еркебұлан Сейдахмет мергендігімен көзге түсті. Зайнутдинов пен Сейдахмет Стоиловтың кезінде ұлттық құрамадағы дебютін жасады және үш ойыншы да осы матчта Қазақстан құрамасындағы алғашқы голдарын соқты. 

Жаңа Қазақстанда ұлттық құрамамыз да жақсы нәтиже көрсетуде, Елена Рыбакина Уимблдонда топ жарды. Ендігі кезек «Тобылда»...

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×