Осы және өзге де мәселелер туралы Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов өзінің бейнеүндеуінде айтты
Ауқымды хабарламада отандық футболдың айналасындағы біраз түйткілді мәселе тілге тиек етілген болатын. Әділет Назарбайұлы ҚПЛ матчтарына төрелік ететін азаматтардың тарапына айтылған айыптаулар мен сындарға да тоқталған. Естеріңізде болса, «Астананың» спорттық директоры Игорь Павлюк пен «Тобыл» клубының өкілі Әлімжан Қалдияров төрешілер корпусының жұмысын сынға алып, қатты-қатты сөздер айтқан еді.
«Жанкүйерлердің төрешілерді сынға алуының эмоцианалдық сипаты болған соң, біз мұны қабылдаймыз. Өйткені футбол - фанаттар үшін. Ал футбол жүйесіндегі ресми тұлғалардың Қазақстан футболын сынап-мінеуі, қорлауынан - мәдениетсіздік, әдепсіздік пен эгоизм байқалады. Құрметті футбол фнкционерлері, біз сіздермен жанкүйер емеспіз, біз фанаттар үшін қызмет көрсетушіміз. Сондықтан, біз әр секундта жанкүйерлеріміздің жайлылығын ойлауға тиістіміз. Иә, бұрынғы жетістіктері күмәнді жолдармен келген соң клубтың жұмысын жүйелендірудің қиын екенімен келісемін. Клубтарыңыздағы жұмыстарыңыздың қателігін мойындау қиын болған соң, ең оңай жолы - барлығын төрешіге жаба салу. Бірінші басшыларға шектеулі ойлауға болмайды. Ауқымды ойлап жүйелі түрде қимылдау керек. Аққу, шортан һәм шаян сияқты әркім өзіне тартпай, біздің футболды ретке келтіру үшін жұдырықтай жұмылуымыз қажет», - деді Ә.Назарбайұлы белгілі азаматтар тарапына бағыттап.
«Клубтардың төрешілерге пара ұсынуын тоқтатуы керек. Біз мұндай жағдайларды анықтап, ашық түрде жария ететін боламыз. Тағы да баса айтамын: Премьер-лига ойындарында жұмыс істеу үшін іріктелген 23 төреші пара алмайды. Оларға әр матч соңынан кейін атқарған жұмыстарына сәйкес федерациядан алатын ақшалары да жеткілікті», - дегенді қосқан ҚФФ президенті төрешілер жұмысына сын айтуды тамырынан жою қажеттігін баса айтты.
Ауқымды бейнеүндеуде сондай-ақ, ҚФФ жұмысының түрлі аспектілері де баяндалды. Отандық футболдың басты функционері федерацияға мемлекет тарапынан қаржылай көмек берілмейтінін де алға тартты.
Біздің серіктес: FONBET