Төрт жылда жарты миллиард! Мессидің келісімшарты «Барселонаның» түбіне жетті ме?

Ернар Ламқадыров
Бас редактор
01.02.2021, 21:14
Клуб капитанға адам айтса сенгісіз ақша жұмсады, бірақ жазда одан айырылып қалуы мүмкін.
Төрт жылда жарты миллиард! Мессидің келісімшарты «Барселонаның» түбіне жетті ме?

Күні кеше испаниялық El Mundo газеті Лионель Мессидің "Барселонамен" 2017 жылдың жазында қол қойған төрт жылдық келісімшартының көшірмесін жариялады. Басылым каталондық клуб өзінің жылдық қаржылық есебінде ұсынған 1,2 миллиард еуро көлеміндегі үлкен қарызды меңзеп, "Барселонаны" қиратқан келісімшарт" атты мақала жариялады.

Төрт жылда Месси қанша ақша алды?

El Mundo хабарлағандай, келісімшарттың төрт жылында аргентиналық форвард 555 миллион еуроны қалтасына басты.


Қазіргі уақытта Месси 511 миллион еуро тауып үлгерген. 30 беттік келісімшартқа сәйкес, клуб 29 жастағы футболшыға бір маусымда 138 миллион еуро + түрлі бонустар төлеуге міндетті болған. Одан бөлек, Месси адалдығы үшін 78 миллион еуроға ие болады.

Испаниялық газет, сондай-ақ ESPN және La Nacion сияқты бірнеше бұқаралық ақпарат құралдары осы жазда аяқталатын аргентиналық шабуылшының қазіргі келісімшарты спорт тарихындағы ең ірі келісімшарт екенін растады. Мүмкін, ол "Барселонаның" 1,2 миллиард еуро көлеміндегі үлкен қарызына әсер еткен шығар, мұнда клуб бюджеттің 74% -ы жалақыға кететінін мәлімдеген.

Әлеуметтік желіде пайда болған Мессидің келісімшартының көшірмесіне "Барселона" президенттігіне үміткерлердің бірі Виктор Фонт түсініктеме беріп үлгерді.

"Лео Месси "Барселона" төлеген барлық нәрсені, тіпті соңғы тиынына дейін алды. Ол бізді құрдымға кетірген жоқ. Керісінше, ол тарихтағы ең үздік ойыншы және оның бізбен бірге мәңгі болғанын қалаймыз", - деп жазды Фонт өзінің твиттер парақшасында.

Месси жаңа келісімшартқа қол қоя ма?

ESPN-нің хабарлауынша, аргентиналық футболшы өзінің болашағы туралы шешімді 7 наурыздағы президенттік сайлаудан кейін қабылдайды. 33 жастағы ойыншы клубта қалу туралы шешім қабылдамас бұрын жаңа басшылықты тыңдағысы келеді.

Өткен жазда "Барселона" капитаны каталондық клубтан кеткісі келді, тіпті трансфер туралы ресми өтініш жасады, бірақ оны клубтың экс-президенті Хосеп Бартомеу қабылдамады. Енді Мессиді алуға басты үміткерлер - "Манчестер Сити" мен ПСЖ, олар ойыншының қаржылық қажеттіліктерін қанағаттандыра алады. Алайда жақында Лионельдің өзі "ақша мені қызықтырмайды" деп мәлімдеген болатын.

"Ақша маған жақсы өмір сүруге мүмкіндік береді, бірақ бұл мені шабыттандыратын нәрсе емес. Мен ақша табу үшін емес, футбол ойнау үшін өмір сүремін. Мен өзім үшін емес, команда үшін ойнаймын", - деді Месси El Mundo-ға берген сұхбатында

Президенттікке тағы бір үміткер Жоан Лапорта аргентиналықтың алдындағы міндеттемелерін орындауға уәде беріп, онымен төлемдерді икемді және кезең-кезеңмен жүзеге асыруды көздейтін жаңа келісімшартқа қол қойылуы мүмкін екенін атап өтті.

"Сіз әлемдегі ең жақсы ойыншыға сараң бола алмайсыз. Оны командада сақтап қалу бірінші кезектегі мәселе болып табылады, оған барлық күш-жігерді жұмсау керек. Мен Леоға сенемін, ал ол маған сенеді. Месси алдыңғы басшылыққа алданғанын сезінді", - деді Лапорта L'Equipe басылымына берген сұхбатында.

Ал Лионель Мессидің адвокаттары футболшының келісімшартына қатысты мәліметтерді жариялаған бірнеше адамды сотқа бермекші.

Marca хабарлағандай, аргентиналық футболшы келісім туралы толық ақпаратты білетін үш адамды сотқа бергісі келеді. Демек, бұл адамдар "Барселонаның" экс-президенті Хосеп Мария Бартомеу мен ойыншының келісімшартына қол қоюға жауапты атқарушы директор Оскар Грау және клубтағы президенттің міндетін атқарушы Карлес Тускетс болмақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×