
Өткен аптада Қазақстан чемпионатының кезекті туры өтіп, көрермендер күтпеген нәтижелерге қарық болды.
Премьер-Лига. 8-тур
9 мамыр
«Жеңіс» - «Қайрат» 1:2
Голдар: Георги Зария пенальтиден 26 (0:1),, Валерий Громыко 36 (0:2), Мика Мартинес пенальтиден 77 (1:2)
Алаңнан қуылған: Темірлан Анарбеков, 46 минут («Қайрат»)
Көрермен саны: 8 500
Бір аптада «Астана-Арена» стадионы екі бірдей ойынды қабылдаса да, көрермендердің саны жағынан «Жеңіс» басым болды. Бірақ екі апта қатарынан фавориттермен иық тірестірген елордалықтар тағы да бір доп айырмашылығымен жол берді. Екінші таймның басында былтырғы «Жеңіс» клубының капитаны, биыл алматылықтардың қақпасын күзететін Темірлан Анарбеков алаңнан қуылып кетсе де, алаң иелері тек бір ғана гол соға алды. Есеп: 1:2. «Қайрат» турнир кестесінде жеке-дара көш бастап тұр.
10 мамыр
«Қызылжар» — «Ұлытау» 2:1 (1:0)
Голдар: Мартынович 12 (1:0), Вачиберадзе 60 (1:1), Себай 90+3 (2:1)
Алаңнан қуылған: Жасұлан Молдақараев, 45+1 минут («Ұлытау»)
Көрермен саны: 7 000
Петропавлдағы есеп көпшілікті таңдандырмаса да, бірнеше жайт тіркелді. Біріншіден, жергілікті клуб осы маусымдағы алғашқы ойынын жөндеуден өткен «Қарасай» стадионында ойнауға мүмкіндік алды. Екіншіден, қайта жаңғырған «Ұлытау» клубы түздегі матчында бірінші голын соқты. Өкінішке қарай, бұл гол жезқазғандықтарға ұпай алуына септігін тигізбеді. Кездесудің соңғы секундтарында Сенан Себай алаң иелеріне жеңіс сыйлап кетті.
«Тұран» — «Атырау» 1:0 (1:0)
Гол: Жұмабек 41 (1:0)
Көрермен саны: 1 150
Барлық кем-кетіктердің түзеп, тіпті құрбандыққа қой сойған «Атырау» клубы қатарынан 9-ойында есе жіберді. «Атыраудың» экс-бас бапкері, қазіргі сәтте түркістандықтарды жаттықтыратын Виталий Жуковский осы маусымда екінші мәрте атыраулықтардан айласын асырып кетті. Олар Қазақстан кубогының 1/8 финалында 2:0 есебімен жеңсе, осы жолы 1:0 есебімен басым түсті.
«Астана» — «Тобыл» 1:3 (0:3)
Голдар: Эль-Мессауди 8 (0:1), Сигневич 16 (0:2), Сигневич 37 (0:3), Чинеду 87 (1:3)
Көрермен саны: 7 200
Турдың орталық ойындарының бірі саналған ойында елордалықтар күтпеген жерден ұпай жоғалтты. Осы маусымда қарсыластарына 20 соққыдан көп соққы бағыттайтын «Астана» клубы «Қайратпен» бірге айқын көшбасшының бірі саналған еді. Бірақ олар қостанайлықтарға қауқар көрсете алмады. Қонақтар мәселенің барлығын бірінші таймда-ақ шешп тастады. Елордалықтар тек ойынның соңғы жағында ғана жұбаныш голын соқты. Осылайша, алаң иелері осы турдан кейін 3-орынға түсті.
11 мамыр
«Жетісу» — «Оқжетпес» 1:3 (1:1)
Голдар: Жұмат 27 (0:1), Ахмедов 30 (1:1), Марат 58 (1:2), Сатанов 74 (1:3)
Көрермен саны: 3 000
Өткен жылы маусымды өте сәтте бастап, бірінші айналымның сенсациялық ұжымы болған «Жетісудің» биылғы қарқыны өте әлсіз. Өкінішке қарай, талдықорғандар араға 2 ай салып қана қарсылас қақпасының кілтін таба алды. Олар 8 турдың қорытындысы бойынша, тек Бірінші лигадан көтерілген «Ұлытау» мен «Оқжетпеске» гол соқты. Дәл осы жеңілістен кейін бас бапкер Самат Смақовтың кетуі мүмкін деген бейресми ақпарат тарады. Ал көкшетаулықтар көпшілікті таңғалдырып, ТОП-5-ке кірді.
«Ордабасы» — «Қайсар» 5:0 (2:0)
Голдар: Моараес 18 (1:0), Сұлтанов автогол 33 (2:0), Мудрак пенальтиден 76 (3:0), Тұңғышбаев 83 (4:0), Малый 90+3 (5:0)
Көрермен саны: 8 500
Осыған дейін Түркістанда доп теуіп келген «Ордабасы» осы турда Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионға оралды. Өз жанкүйерлерінің алдындар шымкенттіктер аянып қалмады. Азулы қарсыластардан ұпай алып келген қызылордалықтар фавориттерге еш қауқар көрсете алмады. Есеп: 5:0. Андрей Мартинның шәкірттері 4 жеңіс сериясының арқасында 6-орынға тұрақтады.
«Ақтөбе» — «Елімай» 1:0 (0:0)
Гол: Қасым 54 (1:0)
Көрермен саны: 12 400
Бұл матч ақтөбеліктерге өте маңызды болды. Себебі, 2024 жылы алаң иелері «Елімай» клубынан 1:3 есебімен жеңіліп қалған еді. Реванш әрі стадион лық толы жанкүйерлердің көз алдында ақтөбеліктер аянып қалмады. «Ақтөбе» осы жолы да әдеттегідей қарсылас қақпасына бір ғана гол соғып, өз қақпасын аман сақтап қалды. Орталық қорғаушы Әлібек Қасымның айып соққысының арқасында олар турнир кестесінің 2-орынына көтерілді. Әзірше «Ақтөбе» чемпионатта ең аз 4 гол ғана жіберді.
9 тур ойындары 17-18 мамырға жоспарланған.
Біздің серіктес: FONBET