Қайрат Нұрдәулетов? «Ақтөбе» бас бапкеріне байланысты таңдау жасады

12.05.2025, 15:46

Бүгін «Ақтөбе» клубының басшылығы команданың тізгінін толыққанды Вячеслав Левчукке сеніп тапсырды.

Қайрат Нұрдәулетов? «Ақтөбе» бас бапкеріне байланысты таңдау жасады
Вячеслав Левчук

Айта кетейік, Беларусь бапкері осыған дейін бас бапкер міндетін атқарушы болып келген – Левчуктің жаттықтыруымен «қызыл ақтар» қатарынан үш ойында жеңіске жетті (Ұлытауды 1:0, Жеңісті 1:0 және Елімайды 1:0). Шамасы осындай сәтті сериядан кейін клуб басшылығының таңдауы осындай болып отыр. Әйтпесе, Вячеслав Левчукке белгілі бір мерзімге ғана сынақ уақыты берілгені мәлім. Игорь Леоновтан кейінгі ауыс-түйісте «Ақтөбені» жаттықтырған шетелдік маман осылайша ҚПЛ-дегі топ-команданың толыққанды жаттықтырушысы атанып отыр.

Вячеслав Левчук, «Елімайға» қарсы ойыннан кейін айтқаны;

«Алаңдағы атмосфера феноменалды болды, Бүгін соған толық көзім жетіп отыр. Жанкүйерлер, фанаттар мен футболсүйер қауым бізді матчтың басынан соңғы секундына дейін қамшылаған , ал мұндайда эмоциясыз немесе жаман ойын көрсету мүмкін емес. Осы үшін үлкен алғыс!».

Беларусь бапкері енді ештеңеге алаңдамай, команданы алдағы ойындарға дайындамақ. Естеріңізде болса, осыған дейін біраз БАҚ-та «Ақтөбеге» Қайрат Нұрдәулетов келуі мүмкін деген ақпарат тараған. «Ертістен» аяқ-асты кеткен қазақстандық маманды көпшілік осы клубпен байланыстырған болатын. Бірақ бүгін белгілі болғандай «Ақтөбе» басшылығы Беларусь бапкеріне сенім артуды жөн көріпті.

«Ақтөбе» ҚПЛ-дің 8-турынан кейін 19 ұпаймен екінші орынға табан тіреді. Келесі матчта 17-мамырда «Оқжетпеспен» кездеседі.     

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 2
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×