
“Реал Мадрид” ресми түрде Ағылшын қорғаушысы Трент Александр-Арнольдты қатарға қосқанын жариялады. Ол “Ливерпульден” алты жылдық келісімшартпен ауысып отыр және 01 маусымнан бастап жаңа клубының сапына қосылады. Испаниялық клуб 26 жастағы ойыншыны маусым айында өтетін Клубтар арасындағы әлем чемпионатына қатыстыру үшін оның келісімшарты аяқталмай тұрып, “Ливерпульге” 10 миллион фунт стерлинг көлемінде өтемақы төледі.
Александр-Арнольд 6 жасында “Ливерпуль” академиясына қабылданып, 2016 жылы негізгі құрамда дебют жасаған. Клуб сапында 354 матч өткізіп, 23 гол соғып, 92 нәтижелі пас берді. Ол “Ливерпульмен” бірге екі рет Премьер лига чемпионы атанып, Чемпиондар лигасы, Клубтар арасындағы әлем чемпионаты, УЕФА Суперкубогы, Англия кубогы және екі Лига кубогын жеңіп алды.
“Реал Мадрид” Александр-Арнольдпен 2031 жылдың 30 маусымына дейін жарамды келісімшартқа қол қойды. Оның жылдық жалақысы шамамен 15 миллион еуроны құрайды, бұл оны клубтағы ең жоғары жалақы алатын ойыншылардың бірі етті. Келісімшартты бұзу құны 1 миллиард еуро деп бекітілді.
“Ливерпуль” клубы өз мәлімдемесінде Александр-Арнольдтің клубқа қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, оның кәсіби мансабындағы келесі кезеңіне сәттілік тіледі.
Біздің серіктес: FONBET