Тұғырың алтын болсын, «Бәйтерек»!

06.04.2012, 02:54
Тұғырың алтын болсын, «Бәйтерек»!
Осыдан үш жыл бұрын алаштың 26 баласы Бразилияға теңбіл доптың сиқырын игеруге аттанғанда, қалың оқырманнан сүйінші сұраған болатынбыз. «Нұр Астана» республикалық жастар апталығы Пеленің Отанында аяқдоптың қыр-сырын меңгеріп жатқан өрендердің тыныс-тіршілігін тұрақты түрде жазып тұрды. Мұхтар Қалымбетов, Рауан Сариев, Фархад Жәнібеков сынды футболшылармен тілдесу үшін қазақстандық БАҚ өкілдері арасынан тұңғыш рет сонау Бразилияға телефон соғып, байланысқа шыққан да «Нұр Астана». Газет бетінде жас футболшылармен эксклюзивті сұхбаттар жарияланғанын газет оқырмандары ұмытпаған да болар. Қазақстанның болашақ жұлдыздары «Паулиста» кубогын жеңіп алған кезде де, «Мундиалло-2009» халықаралық турнирінде жүлдегер атанғанда да сүйінші хабар жастар апталығы арқылы бүкіл Қазақ еліне тарады. Тіпті, Мұхтар Қалымбетовтің Бразилияда жүріп жазған күнделігін де оқырман жастар басылымнан оқыды. Бразилияда тәлім алып келген өрендерден құралған команда биыл еліміздің бірінші лигасында өнер көрсетеді. Сонымен, Алаш елі үлкен сенім артып, үкілеп отырған жас футболшылар аламан додаға қосылды. Олардың тұсаукесер ойынына жақында куә боламыз. Ал біз бүгін қазақ футболының ақтаңгері Сейілда Байшақовтың батасымен жас футболшыларға сәт-сапар тілеп отырмыз. Тұғырың алтын болсын, «Бәйтерек»!
   Ұландарымыз Пеленің отанында өздері оқып-тоқып келген футбол өнерінің қыр-сырын «Бәйтерек» командасының сапында одан әрі жетілдіре түсетіні қуанышты. Біздің балалар теориялық тұрғыда да, физикалық тұрғыда да шыңдалып келді. Алғашқы аяқ алыстары жаман емес. Егер осы бағытта одан әрі жұмыс істей беретін болсақ, Қазақстан футболының өркендей түсетіні айқын. Жас футболшылардың атағы жер жарған Бразилия футболы мектебінің үлгісін қазақ футболына дарытып, еліміздің атын шығаратынына өз басым сенімдімін. «Бәйтерек» жігіттердің қанатын қатайтып, топшысын бекітетін алтын тұғыр болсын!
Сейілда Байшақов, Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті "нүр астана" газеті
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×