Тұманды Альбионнан Қостанайға шегініс – Чесноков небәрі 6 айдан кейін елге оралмақ

Бүгін, 16:35

Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Ислам Чесноковтың Еуропалық мансабы бұрылысқа тап болды. Өткен жазда алдын ала келісімшартқа қол қойып, осы жылдың қаңтар айында ғана Шотландиялық "Хартс" клубына үлкен үмітпен ауысқан отандасымыз Шотландия астанасы Эдинбургте тұрақтай алмады. Ұлыбритания футболына бейімделе алмаған шабуылшы небәрі 6 айдан кейін Қазақстанға қайтып келудің аз-ақ алдында тұр, деп хабарлайды Aladop.kz.

Тұманды Альбионнан Қостанайға шегініс – Чесноков небәрі 6 айдан кейін елге оралмақ

Ислам Чесноковтың Шотландиядағы дебюті Шотландия кубогы аясындағы "Фалкиркке" қарсы кездесуде өтіп, артынша бірден Эдинбург дербиі секілді деңгейі жоғары қызу матчқа қатысқан болатын. Алайда "Хартстың” қою шие түсті жейдесін киген Қазақстандық футболшының статистикасы мақтанарлықтай болмады.

Ислам 6 айдың ішінде "Хартс” сапында бар-жоғы 11 кездесуде алаңға шықты. Бұл ойындарда ол өз еншісіне тек 1 ғана гол жазып, ешқандай нәтижелі пас бере алмады.

Еуропадағы мұндай нәтижесіздік ойыншының өзіне де, Шотландиялық клуб басшылығына да ұнамағаны анық. Осы себепті ол өзінің бұрынғы ұжымы қостанайлық «Тобылға» қайта оралу нұсқасын қарастырып жатыр.

heartsinsider хабарлауынша, Ислам Чесноковтың "Тобыл" сапына жалға берілу мәселесі қазір белсенді талқыланып жатыр. Қостанайлық клуб өздерінің бұрынғы көшбасшысын жазғы трансферде құшақ жая қарсы алуға дайын.

Чесноковтың Шотландиядан кетуі және "Тобылға” ауысуы алдағы халықаралық матчтардан кейін, яғни ұлттық құрамалар үзілісі аяқталған соң ресми түрде шешіледі деп күтілуде. Егер қос тарап келісімге келсе, трансфер жақын күндері жабылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×