“Келесі маусымда тарих жазылады” – Испанияны бағындыруға аттанған Қазақ баласының негізгі құрамға қалай енгені белгілі болды

Бүгін, 14:53

Испания футболының төрінде тағы бір Қазақстандық жас дарынның жұлдызы жарқырап жанып келеді. Валенсиялық “Леванте” клубының намысын қорғайтын 18 жасар отандасымыз Алдияр Нұрғали атақты клубтың негізгі құрамымен бірге жаттығу өткізуде, деп хабарлайды Aladop.kz.

“Келесі маусымда тарих жазылады” – Испанияны бағындыруға аттанған Қазақ баласының негізгі құрамға қалай енгені белгілі болды

Алдияр Sport hub сайтына берген сұхбатында өзінің алғашқы әсерлерімен бөлісті. Ла Лига жұлдыздарымен иық тірестіре бастаған жас дарын алға қойған асқақ армандарының шетін шығарды.

Артта қалған 2025/26 жылғы маусымның қорытындысы бойынша “Леванте” клубы турнирлік кестеде 16-шы орынға тұрақтап, Ла Лигадағы орнын сақтап қалған болатын. Міне, дәл осы әлем көз тіккен Ла лига ұжымы қазақ баласының шеберлігіне тәнті болып, негізгі құрамға шақырту жіберген.

“Левантенің” негізгі командасына шақырту алған кезде тек жақсы, керемет эмоцияларды бастан кешірдім. Алғаш рет бірінші командамен бірге жаттығуға шыққанда, бойымда аздап қобалжу болғаны жасырын емес. Ол жердегі деңгей мен жылдамдықтың мүлдем басқа екенін бірден сезіндім. Футболшылардың техникалық шеберлігі өте жоғары.” — дейді Алдияр Нұрғали.

Жас футболшымыз тек жаттығумен шектеліп қалғысы келмейді. Оның мақсаты — алдағы маусымда Испанияның басты стадиондарында негізгі құрам жейдесімен ресми матчтарда бой көрсету.

“Болашақта әлемнің ең мықты чемпионаттарында ойнауға ұмтыламын, бірақ дәл қазіргі басты мақсатым — “Левантенің негізгі құрамында дебют жасау. Сондықтан мен алға қойған мақсатыма жету үшін бұдан былай да аянбай тер төгіп, шыдамдылықпен еңбек ете беремін.” — деп түйіндеді жас жұлдыз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×