«Тұран» үш шетелдік футболшымен мәміле жасасты

01.09.2022, 22:58
Түркістандық клуб екі шабуылшы және бір қорғаушымен толықты.
«Тұран» үш шетелдік футболшымен мәміле жасасты

«Тұран» футбол клубы 31 жастағы бразилиялық вингер Жоалисон Сантос Оливейра, 32 жастағы нигериялық шабуылшы Кехинде Фатаи және 29 жастағы ресейлік қорғаушы Михаил Башиловпен келісім-шартқа отырғанын хабарлады.

Жо Сантостың соңғы командасы Польшаның Экстракласа лигасында бақ сынайтын «Радомяк» клубы болды. Сондай-ақ футболшы Бразилияда «Кампиненсе», «Витория», «Рио Прета», «Сан-Бернарду», Португалияның «Тондела», «Фреамунде», Молдованың «Зимбру», «Шериф», «Политехника», Латвияның «Вентспилс», Румынияның «Херманнштадт», «Вииторул», Бахрейннің «Әл-Риффа» командаларында доп тепкен.

Кехинде Фатаидің соңғы клубы Румынияның «Арджеші» болды. Былтыр нигериялық ойыншы 22 матчта алаңға шығып, екі гол мен бір нәтижелі пастың авторы атанды.

Сондай-ақ мансабында Румынияның «Фарул», «Астру», Бельгияның «Брюгге», Чехияның «Спарта», Ресейдің «Уфа» мен Беларусьтің «Динамо» командаларында ойнаған.

2009 және 2012 аралығында Нигерияның U-20 мен U-23 құрамаларына шақырылды.

Михаил Башилов өткен маусымды Арменияның «Нораванк» командасында өткізіп, ел кубогінің иегері атанды.

Бұған дейін Ресейдің «Томь», «Тюмень», Беларусьтің «Городея», «Белшина», «Энергетик-БГУ» командаларында ойнаған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×