Түрік футболындағы БАҚ-тың рөлі

13.06.2012, 21:10
Түрік футболындағы БАҚ-тың рөлі

Неге екенін қайдам, Түркия десе футбол, футбол десе Түркия көзіме елестейді. Қызуқанды түрік рухы футбол үшін жаратылған секілді көрінеді. Жергілікті халық үшін күнделікті өмірде футболдың рөлі діннен кейін екінші орында десек болады. Қарапайым бұқараның футболға деген махаббатын, жанкүйерлігін бұрын да сөз еткен-тұғынбыз. Сондай-ақ БАҚ та халықтың осы алаңға деген шөлін, сұранысын қалай қанағаттандырсам деп тыным таппайды. Мұндағы ірі футбол клубтарының жеке телеаканал, журнал, радио, сайты болғанына қарамастан күнделікті он екі беттен шығып тұратын 4-5 спорт газеті бар.

Оған басқа газеттердің орташа есеппен 3-4 бетін спортқа арнайтынын қосыңыз. Спорттық канал, радиоларды қоспағанның өзінде оқырманның ақпарат алатын ресурсы толып жатыр. Өйткені, әлгілерден бөлек қисабын түгендеуге саусағымыз жете қоймайтын спорттық сайттары тағы бар.

Осыдан соң түрік футболының Еуропада мойындалуында, Әлем чемпионатында қола жүлдені еншілеуінде медианың үлесі жоқ деп көріңіз.

Спорт дейтініңіз - бәсеке, жеңіс, тайталас, қызуқандылық. Спорттың осы рухын жеткізуде телевизияның жүгі әлдеқайда жеңіл. Дыбыс, бейне секілді эффектімен көрерменде алдына байлап отыра алады. Ал газетте мұндай мүмкіндік жоқ, сондықтан жарқыл-жұрқыл, өзгеше фото мен қызыл тілдің көмегіне жүгінуге тура келеді. Бұл жағынан түрік баспасөзі өз ісінің «мәстірі» деуге болады. Дүңгіршектің жанынан өтіп бара жатқаныңда «мені ал» деп айқайлап тұратын бояуы қанық сурет пен тапқыр қойылған мақаланың аты бар газеттің мұқаба беті осының дәлелі. Ондай бетті түріктер «маншет» деседі. Маншетімен-ақ оқырманды жаулап, тиражы пәленбай мыңға жетіп жатыр бұл газеттердің. Мұнан кейін тапқыр қойылған мақала аттары да газетті оқымасыңа қоймайды.

«Жақсы ат-жарты мақала» деп оқытатын-ды бізді. Түрік баспасөзі де осыны қатты ұстанады. Сонысымен ұтып та отыр. Мәселен дербилердің немесе ұлттық құрама матчы ойналған күннің ертеңіне кейбір газетті дүңгіршек аралап таппайсың. Өз сөздерімен айтсақ, «Кешегі матчты газетке қандай маншетпен тасыды екен», яғни кешегі матч туралы материалға қандай ат берді екен деп қызығады бәрі. Бәсеке де күшті, бәрі бір-бірінен асып түсуге тырысады. Ол жақтағы спорт басылымдарында тираж мәселесі жоқ деуге болады.

Бірақ «Бояушы бояушы дегенге...» дейтіндей, асыра сілтеп жіберетін кездері де болады. Мәселен бір газет Галатасарай футболшысы Сабридің аты жейдесінде қате жазылып кеткенін көріп «Бір кездері тарих жазатын, ал қазір өз аттарын жаза алмай жүр» деп тақырып қойыпты. Галатасарай 2000 жылы УЕФА кубогын алған кезде «Ақиқатты тарих жазады, ал тарихты Галатасарай» деп келетін маршы болған. «Тарих жазатын» дейтін тіркес содан алынған. Аталмыш атау біршама уақыт талқылаудан түспей, көпшіліктің наразылығын тудырып жүрді.

Сезон бітіп, командалар демалысқа кеткенде де спорт газеттерінде жазатын таба алмай тоқырау деген жоқ. «Үш алып»(Галатасарай, Бешікташ, Фенербахче-ред) пен Трабзонспорға кімнің келетіні жанкүйерге қызық. Екі жылдан бері түрік клубтарына келетіні жырға айналған Дрогба, Форланға биыл Хамит Алтынтоп қосылып, спорт газеттерінде де трансфер әңгімесінің көрігі қызып жатыр. Мұндағы аяқдопшылардың өмірі біздегі шоу бизнес өкілдері секілді сәт сайын қадағаланып отырады. Тіптен аяқдопшылардың даңқының жанында біздің өле сүйіп көретін түрік сериалдарындағы актерлардың атағы жіп есе алмайды деуге болады. Екеуі екі саланың адамы, салыстыру бәлкім сәтсіз де шығар, бірақ шындығы осы. Сондықтан біздегідей не істеп, не бітіріп жатқанын ешкім түгендемейтін легионерлердей емес, түрік клубтарына келген футболистер жанкүйер алдындағы жауапкершілікті терең сезініп, артық ауыс жүрістен бойы аулақ, өзін тек дәлелдеуге ғана күш салады.

Қысқасы, осыншама тәптіштеуде ел футболының еңсесін тіктеп тұруындағы медианың рөлін айтқым келген-ді. Осыдан соң біздегі футболдың кенжелеп қалуының бір себебі футболдың бұқараға жеткілікті дәрежеде насихатталмауынан десек қателеспейміз деп ойлаймын. Шетелге шығып та абырой әпере қоймайтын дарынсыз әншісымақтардың мәшинесін, үйін, тойдағы ставкасын түгендейтін газеттерге бөлінген ақшаны футболды халыққа насихаттайтын басылымдарды молайтуға жұмсасақ УЕФА рейтингінде Қырғызстаннан ғана алдамыз, өзбектер бізден қара үзіп кетті, 137-ден 139-ға сырғыдық дегендей бойкүйез әңгімелерден де құтылған болар едік.

Ғалия Серікқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×