Түрік футболындағы түйткілдер

20.12.2011, 17:25
Түрік футболындағы түйткілдер
Түркия Супер Лигасы 16 аптаны артқа тастады. Келісілген матчтар сарсаңымен басы тауға да, тасқа да соғылып, шымылдығы кеш түрілген бұл бәсекеде нендей өзгерістер болғанын сарапқа салып көрелік. Сөз түрік футболы туралы болған соң ұлттық құрамадағы ауыс-түйістерді де айтпай кетуге болмас. Еуро-2012 іріктеудегі Түркия-Қазақстан кездесуіндегі футболшыларының ойынына «Қазақстан сияқты әлем футболында пәлендей орны жоқ осал қарсыласпен әуесқой команда секілді ойнадыңдар» деп, бізді қомсынған Гусс Хиддинк хорваттардан болған тас-талқан жеңіліс пен уыстан сусыған жолдамадан кейін орынтағын босатты. Орнына бұрын Стамбұл Бүйікшехір Беледиесі командасын жаттықтырған Абдуллах Авджы келді. 2014 жылы өтетін әлем чемпионаты іріктеулерінде команданың жүзін жерге қаратпауға сөз берген Абдуллах Авджы Стамбұлдық командамен де биылғы супер лига шымылдығын түргелі жеңілістің ащы дәмінен гөрі жеңісті көбірек тойлаған болатын. Супер лига 2011-2012нің алғашқы кезеңінің бітуіне бір апта қалды. Бірінші орында 34 ұпаймен Галатасарай келеді. «Фенербахчені» жаңа стадионы «Түрік Телеком Аренада» 3-1 есебімен жеңіп, ұпайсыз қайтарған Галатасарай, Трабзонспордан да үш ұпайды олжаласа, Бешікташпен ұпай бөлісті. Бурсапорды да 2-0мен жеңген «Джим Бом» осылайша Фатих Терим келгелі «Арыстандардың» (Галатасарай-ред) қайта күшіне мінгенін байқатып келеді. Келісілген матч дауылы басқаларынан күштірек шайқаған Фенербахче президенттерінің басы істі, қамауда болса-дағы аяқта қалып, қауқарларын көрсетіп бағуда. Бұл маусымдағы дербилерде Галатасарайға ғана есе жіберген Фенербахче екінші орынға жайғасты. Еуропадағы Түркияның жалғыз үміті Бешікташтың Супер лигадағы ойыны ала-құла. Десе де үшінші орынды әзірге ешкімге берер емес. Өткен маусым чемпиондықтан үміткерлер Трабзонспор мен Бурсаспор болса соңғыдан көш ілгері орындарда тұралап келеді. Төртінші орында Ескішехірспор, бесіншіде Банк Азия І Лигадан келген Мерсин Идманюрды. Супер Лиганың сұрмергені атағы әлі де Бурак Йылмазға тиесілі. Десек те, мақтаулы Бурак соңғы алты апта бойы қарсыластар қақпасын дәл көздей алмай келеді. Ескішехірспор деп келіп, Трабзонға көңілі ауған Халил Алтынтоп күткен биіктен көріне алмай келеді. Ал Галатасарайға үлкен үмітпен алынған уругвайлық қақпашы Муслера сенімді ақтады. Қазірде Галатасарай ең көп гол соғып, қақпаларына ең аз гол кіргізген команда мәртебесіне ие. Мұнан басқа да Галатасарай сапына жаңа қосылған Эльмандер, Фелипе Мело, Эмануэл Эбуэ де күткен межеден көріне алды. Трансфер маусымын асыға күтетіндер көп. Кей кезде сенсация іздеп асыра сілтеп жіберетін түрік газеттері де Рейесті, Хамит Алтынтопты, Фатих Теккені клубтарға бірнеше рет әкеліп әкетті. Бұл жайлы уақытында хабарлай жатармыз. Айтпақшы, ұмытып барады екенбіз, ТФФ футболдағы кикілжіңді болдырмау мақсатында дербилерде қонақ команданың жанкүйерлерін стадионға алмау жайлы шешім шығарды. Осылайша 4 дерби де бір жақты жанкүйер қолдауымен ойналып шықты. Ғалия Серікқызы
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Алдыңғы жаңалық
Келесі жаңалық
КЕРЕМЕТ ФУТБОЛ!
×